Стр. 7 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

6
— Апырмай‚ бұл өзi қалай болады? Қаншама дегенмен дiнi басқа кәпiр ғой‚ — дедi Елмырза әбден
абдырып.
— Өй‚ дәнеме де етпейдi. Аузыңызды аяйсыз ба? Былай... шөп еткiзiп сүйе салыңыз. Үйтпесеңiз ол
өкпелеп қалады.
— Онысы нес?
— Ойбай‚ бұлар жұрт көзiнше сәурiк айғырша кiсiнегенiмен‚ оңашада қатындарынан өлердей
қорқады. Бұл елдiң ұстанатын үрдiсi сондай. Ол ол ма‚ әйелiн басқа жiгiттер көзiнше айналдырса соған
олар қатты қуанады.
— Онда... оңды екен‚ — деп Елмырза тез еңкейiп‚ селдiр мұртымен қыдықтай‚ қатынның ақ
борықтай қолынан шолп еткiзiп сүйiп алды.
— Ой‚ какой он джентельмен! — деп Мария Ивановна сықылықтай күлдi.
— Оған не сөз бар? — деп Захваткин мұртын сипап‚ оған ырза бола қарады. — Бұ кiсi мына
сахараның ақсүйегi!
— Өзiм де солай ойлап ем. — Мария Ивановна ендi Тортайға қарай бұрылды. — Поручик мырза‚
сiз менi атқа мiнгiзiп‚ қалың тоғайды аралатам деп анада уәде берiп едiңiз. Содан берi бiр ай өттi‚ —
дедi ол өтiрiк назданып.
— Кешiрерсiз‚ мадмуазель‚ — дедi Тортай басын сәл иiп. — Кәзiр тоғай арасы кәуiптi.
— Неге? — Мария Ивановна көзiнiң шарасын кең ашып‚ бұған жорта күле қарады.
— Оның негесi жоқ! Онда... жолбарыс бар...
— Да ну‚ вас‚ — деп қатын кенет екi иығы селкiлдеп‚ ха-ха-халап күлiп жiбердi. — Одан да сiз...
— Жоқ‚ шыныменен сондай.
Сол арада Захваткин қабағын түйiп‚ маңызды әңгiме айтатынын бiлдiрген сыңай көрсеттi. Соны
сезген әйел жылыстап басқа бөлмеге қарай кеттi. Ендi үшеуi оңаша қалғасын‚ Захваткин өткiр көк
көзiн бұның өңменiне тура қадап:
— Сiзге айтатын әңгiме бар‚ — дедi.
Елмырза iштей әлденеден кiп алып‚ отырған орнында қозғалақтап қойды. “Мына иттiң көзi қалай
жаман едi!”:
— Құлағым сiзде‚ тақсыр.
— Сiзге Қаратай сұлтан шет-жағасын айтқан болар. Ендi... — Ол сұқ саусағын жоғары көтерiп‚ сәл
тоқтады. — Ұлы Ресей империясы өзiнiң ұлы миссиясын атқармақшы.
Елмырза о не дегенi дегендей Тортайға жалтақтап қарады. Олардың сөздерiн алма-кезек
аудармалап отырған Тортай бұның түсiнiгiне қолайлы келер ұтырлы сөз таба алмай қиналып‚ қабағын
тыржитып:
— Ол... өзi... ақ патша үлкен шаруа бастағалы отыр деген сөз‚ — дедi.
— Е‚ онда қайырлы болсын‚ — дедi Елмырза жорта мұртынан күле түсiп.
— Бiз сiздiң соған көмектескенiңiздi қалаймыз. Еңбегiңiздi ақ патша ұмытпайды. Оның жылына екi
жүз сом күмiстей ақша беруге мүмкiндiгi бар.
— Е‚ онда... жақсы ғой‚ — дедi Елмырза мына тегiн жойқан батпан құйрықты әлден табан тарта
бастап.
— Соны сiз қалай көресiз? — дедi Захваткин тағы да көк көзiн бұған тура қадап. Оның тесiрейген
екi көзi мұның өңменiнен өтiп барады.
— Оның не көретiнi бар? Ақ патша солай деп жатса‚ қызметiне құлдық‚ — деп Елмырза кеудесiне
қолын қойып‚ басын идi. — Сонда менiң... не iстеуiм керек? — дедi де‚ iзiнше тiлiн тiстей қойды. Ол
бағанадан берi кежiрленiп‚ осы жаққа қарап аяқ баспай отырған едi. Ендi құрыққа өздiгiнен кеп
түскенiн бiр-ақ аңғарды.
— Өй‚ ол деген... жәй әшейiн нәрсе... — Захваткин мұртынан күлдi. — Мына Хиуа жағымен сiздiң
байланысыңыз бар ғой‚ ә?
— Ендi... ыһым‚ ыһым‚ — деп Елмырзаның жүзi дем арасында қап-қара боп кеттi.
— Ол дұрыс. Оның бiзге пайдасы тиюi мүмкiн. — Захваткин мұны тығырыққа тiрегенiне ырза
болғандай темекi шеге-шеге ыстанып кеткен сары тiсiн көрсете ыржиды. — Онда... сiз былай етесiз. —
Ендi оның даусында бұйыратын ыңғай байқалды. — Сол Хиуаға жақында барып қайтасыз. Қасыңызға
бiрнеше нөкер аласыз. Арасында мына поручик мырза да болады. Әрине‚ ол қазақша киiнiп‚ сiздiң
iнiңiз боп жүредi. Ондағы мiндетiңiз — Хиуада не болып жатыр‚ онда ағылшындардың елшiлерi бар
ма‚ жоқ па‚ елдiң кеуiл күйi қалай‚ — мiне‚ осыны бiлiп қайтасыз. Сiз оған қалай қарайсыз?
— Қалай қарайтын дәнемесi де жоқ. Жұмсасаңыз‚ құлдық‚ тақсыр!
— Ендеше‚ мынау алғашқы еңбегiңiздiң ақысы! Жүз сом күмiстей‚ — деп Захваткин алақанын
сарт-сұрт соғып қалды. Сол екен‚ бөлмеден бiр сылыңғырдай офицер шығып‚ алтын табақшаға
салынған кiшкене сандықшаны алып келдi. Захваткин оны алып‚ аузын ашып‚ iшiндегi күмiс
теңгелердi бұған көрсеттi. — Қызметiңiздi адал атқарсаңыз‚ ақ патшаның сiзге деген мейiр-шапағаты
ұшан-теңiз болмақ!
— Алдыраз болсын‚ тақсыр! — дедi Елмырза қап-қара боп. Iшiнен: “Қап‚ тұтылып қалдым-ау!” —
деп асығыс ойлап та үлгердi.
— Сосын бiр айтатыным‚ байқаңыз‚ — Захваткин сұқ саусағын безей сiлтедi‚ — сатып кетем деп
жүрмеңiз. Ондай ниетiңiздi бiлсек болды‚ сiздi табан астында атып тастайтын кiсi табылады.
— Одан... құдай сақтай көрсiн‚ — дедi Елмырза сәл-пәл абдырап.
— Ендеше сөз осы. Мына атқосшыңыз аманатқа бiзде қалады. Ауылыңызға еш хабар бермейсiз.
Ертең кешкiсiн аттанасыз. — Ол ендi әмiр ете сөйледi. — Поручик мырза‚ мына кiсiге сiз басыңызбен
жауап бересiз. Қамалды жаптырыңыз! Ешкiм шығып кетiп жүрмесiн! Ертеңгi сапарға жақсылап
дайындалыңыздар! Сiздер ендi боссыздар!