60
алысып‚ қоштасып тұрып‚ күлiп‚ бәрiнiң арқасына бiр-бiр мауыты шапан жапты. Сосын қолдарын
қысты да‚ бұлардың күтiп алғандарына ырзашылығын бiлдiрiп‚ аяғын салмақтап басып‚ әшекейлi
күймесiне мiндi. Со кезде тұрбашылар айналаны қайтадан азан-қазан қылып жiбердi. Барабан деген
дүңк-дүңк соғылды. Осы шулаған басылмай тұрып‚ қасына ерткен жүз қаралы қорғайтын әскерi бар
күймелi арба қоңырауы бiр сыңғыр етiп‚ iлгерi қарай жүрiп кеттi. Сол сыңғыр ұзап барып әлсiреп
тынды. Сәлден соң қара төбенiң астына түскен олардың қарасы көрiнбей де кеттi. Сол кен‚ iштерiнен
құтылдық па‚ құтылмадық па деген қазақтар уһ десiп ауылдарына қайтпақ боп қыбырласа бастады.
Сол арада олардан шеттеу тұрған Ережептiң құлағына осы бiр сыңғыр бiр түрлi таныс сықылды боп
естiлдi. Ол қабағын тыржитып‚ оны қайда кездестiрдiм деп‚ бар жадын ширықтыра қинап тұрды да‚
кенет... өз өзiне жымың ете қалды. Сол сәт оның есiне... баяғыда Ахиярдың өзiне арнайы келгенi бiр
сапар сап етiп түсе кеттi. Сонда оның да күймесiнiң қоңырауы‚ дәл осылайша сыңғырлайтын едi. “Е‚
бәсе”‚ — дедi де‚ ол сол арада бөгде жұртқа сездiрмей аздап күлiмсiреген болды.
Аздан соң қазақтар бет-бетiне тарқай бастады. Тек қана Тоғанақтың қабағы ашылмай қойды. Ол
губернатордың мына келiсiнiң тегiн еместiгiн сезгендей болды.
Сол күнi кешке қарай күн суытып‚ терiскейден азынай жел соғып‚ биылғы жылы алғаш рет қар
қиыршықтап жауа бастады. Мұның ертең-ақ бұрқаған борасынға ұласатыны кiм-кiмге де айқын едi...
23
Байқожаның кезiне iлiккенде жаңа ғана қиыршықтап тұрған қар күшейiп‚ алдан ысқыра жел соғып‚
дем арасында борасынға айналды да кеттi. Жыланша ирелеңдеген қарлы құйын жерден суырып‚
аспаннан борай бастады. Тоғанақ осы жолы жанына қосшыларын ертiп шықпаған едi. Астына мiнген
есiк пен төрдей арғымағы әлмә-һәл басын шұлғып қойып‚ маңдайынан өткен суық желге қарамастан
ырсылдап тартып келедi. Аздан кейiн атының болдыра бастағанын байқады. Бiрер күн тынығып‚ жем
жеп‚ әлденiп алғанына қарамастан‚ қазанат ызғырған суыққа шыдамай‚ ара-арасында басын бұрып
әкете бередi. Үстiне киген iшiгiнiң шалғайын тақымына мықтап қысып қойып‚ Тоғанақ ендi нағылдым
деп ойлады. Биыл қасқыр деген жаудай. Қар түспей жатып-ақ‚ олар Қырдан берi ауып‚ жақын маңдағы
ауылдардың малдарын тартып кетiптi деген суық хабар дүңк-дүңк естiлiп жатқан-ды. Ендi мынадай
ақбасқында олардың құдайы бередi. Жаңғыз жарым салт аттыны көрсе‚ аш қасқырлардың тура тап
беруi мүмкiн. Мұның қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ. Тоғанақ тымағын қамшысының ұшымен
сәл-пәл көтерiп қойып‚ көзiн қысып‚ алға қарады. Бораған ақ түтектен ештеме көрiнбейдi. Сол жағына
қараса да, сол тұтасып алған ақ түтек. Жастайынан жершiл болса да‚ осы жолы батыр өзiнiң жер
аңғарын онша тани алмай келе жатқанын байқады. Сосын қашанғы дағдысына бағып‚ атты
қақпайламай‚ бас еркiн өзiне бере салды. Өйткен себебi, жершiл қазанат бiр қарадан шығарар деп
ойлады. Сол екен, тiзгiннiң босағанын сезген ат дереу тура соққан желден маңайын тайдырып әкетiп‚
оң жаққа қарай қырындай бұрылып ап‚ тартты да отырды. Байқауынша‚ мына жақ Шөмекейлердiң
жерi‚ соның iшiнде Аспан‚ Бозғұлдың жаз жайлап‚ қыс қыстайтын тұсы. Сол арада ол өзiнiң Иiркөлдiң
ояқ-бұяғында жүргенiн байқады. Мұның пайымдауынша, Осы маңда Тайпаның қыстауы болуға тиiс.
Кешелерi Қазалыдан шығарда Тайпан бұған жақын кеп: “Төке‚ сiздiң ауылда бiрер күн болып кетiңiз‚
биыл кенжемiздi сүндетке отырғызып ек‚ соның тойына да келе алмадыңыз”‚ — деген едi‚ бұл күлiп:
“Алдыраз болсын‚ кейiн бiр жер аяғы кеңiгесiн барармын‚ өкпелеме”‚— деп жаңғыз тартқан едi. Ендi‚
мiне‚ дәм айдап соған келе жатпаса не еттi?
Шынында да солай болды. Сәлден кейiн алдан үрген иттiң даусы естiлдi. Содан кейiн абажадай
қора мен тапал тамның сұлбасы ақ түтектiң арасынан бозамықтанып көрiндi. Тоғанақ әлденеге
кеуiлденiп‚ атын тебiнiп қап‚ iлгерi жүрiп кеттi. Сосын бiр рет атына сүйсiнiп‚ сiреу қар боп қалған
жалынан сипап қойды. Ол қыстауға жақындай бергенде, алдан әупiлдей үрiп‚ қарсы жүгiре шыққан
бiрнеше алыпсоқ иттi қамшысымен жасқай отырып‚ қыстауға тақап кеп‚ атынан жерге дүрс етiп түсе
қалды. Осы кезде үйден Тайпанның өзi шыға келдi. Есiк ашылғанда‚ әр жақтан жанған оттың сәулесi
мұның бетiне түстi. Батырды бiрден танып‚ аңқылдақ Тайпан:
— Төке-ау‚ қонақ боп кетiңiз деп айтпап па едiм? Мiне‚ құдай айдап өзiңiз келдiңiз. Кәне‚
атыңызды берiңiз‚ — деп ол шылбырға жармасты да‚ iштен бiр iнiсiн шақырып алды. Оған: — Атты
жылы жабулап‚ бопыр қораға байла‚ — дедi.
Тайпанның қыстауы қоржын там екен. Төргi бөлмесi әжептәуiр кең. Оң жақта кебеже тұр. Төр
жаққа қойылған, бетiне әсем өрнек салынған әйдiк сандықтың үстiне шәйi көрпелер ұқыппан жиналып
қойылыпты. Бұл шешiнiп‚ төрге шығам дегенше‚ Тайпанның қабағын таныған қатыны қайқаңдай
жүгiрiп жүрiп‚ сандық үстiнен тез-тез алып көрпе салды. Үстiне бiр-екi көпшiк тастады. Төрге отырып
жатып‚ Тоғанақ қатынға қарап:
— Келiнжан‚ үй iшi‚ мал-жан аман ба? — дедi.
Бидай өңдi әйел ерiнiн жыбырлатып:
— Құдайға шүкiр‚ — дедi де қойды.
— Бағана iнiмiз айтқанда‚ көнбеп едiм. Құданың құдiретi, тұз-дәмнiң өзi айдап келдi. Болмаса‚—
деп Тоғанақ iрi ақ тiстерiн көрсете күлдi.
— Айтпаңыз‚ Төке. Бұ тұз-дәм дегенге дауа жоқ‚ — дедi Тайпан тақыр басын қолымен бiр сипап
қойып.
Анада Жәнiбек пен арада болған үлкен даудан кейiн Тайпанды Тоғанақтың көрiп отырғаны осы.
Мына ер мiнездi‚ аздап ұр да жық Тайпаның сонда Ережептiң азғырғанына ергенiн бұл аздап сезетiн.
Осы жолы да мұны Ережеп Қазалыға бекер шақыртқан жоқ-ау деп‚ Тоғанақ аз-маз ойланып қалды.