Стр. 62 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

61
Әйел қазанға қайтадан тамақ салды. Сырттағы күркеден қалаққа сап, сексеуiлдiң шоғын жайнатып
әкеп‚ үй ортасына қойды. Үй iшiн бiр жылу кернедi. Сол арада шәй келдi. Сүт құйылған шәй iшiп‚
бойы жылығасын‚ батыр кеуiлденiп:
— Бiр жез мұрт келдi деп бәрiмiз қырылып қала жаздады-ау‚ бала‚ — деп осқырына күлдi.
— Айтпаңыз‚ Төке. — Тайпан да күлдi. — Ана Ережептiң ол дегенде жаны жоқ. Соған қарағанда‚
ол өзi... ұлықтың қолтығына кiрiп те алған-ау деп пәмлеймiн.
— Е‚ ол iнiмiз ондайға ұста. Керек кезiнде иненiң саңылауынан да өтiп кетедi.
— Сонда... осы ұлық неге келдi‚ неге кеттi? Бiзге жөнiн де айтқан жоқ қой‚ — дедi Тайпан
қолындағы кесесiне құйылған шәйға қарап отырып.
— Шынында да‚ солай екен-ау. Шамасы‚ олардың бiр гәбi бар.
— Сонда... не екен?
— Баяғыда есiңде бар ма едi? Сондағыдай...
Тоғанақ баяғыда осы Перонскийдiң көп әскермен Ақмешiт қамалын шабам деп Орынбордан
шыққанын ел жақсыларына шабар жұмысап айтқан едi. Сонда Аспан‚ Бозғұл жағынан Елдес пен осы
Тайпан қол құрап‚ бұған кеп қосылып‚ жасанған жауға қарсы шапқан болатын. О кезде ел арасы бұдан
гөрi тату сықылды едi. Мына Тайпан мен Елдестiң арасынан қыл өтпейтiн. Кейiн бiр ұрғашыға бола ел
арасына сөз кiрдi.
Тайпан соны сезгендей‚ бiр түрлi боп қозғалақтап қойды:
— Е‚ солай деңiз. Онда... өзiнiң көкесiн көзiне көрсетiп едiк қой‚ ә? — Ол ырза бола күлдi.
— О заман өтiп кеттi ғой. Ендi өз көкемiздi өзiмiзге көрсетiп жүрмесе нағылсын?
— Ау‚ үйткiзiп ел емеспiз бе? Үйтiп басынса‚ қайтадан атқа қонбаймыз ба? — дедi Тайпан
қозғалақтап қойып.
— Әй‚ iнiм-ай‚ бiз қызбалақпен айта беремiз ғой. Болмаса ана азуы алты қарыс Қайып хандар
төтеп бере алмаған жауға бiз қалай қарсы тұра аламыз? Олар әуелi ел арасына iрiткi кiргiзiп алып
барып‚ орам алады ғой. Содан кейiн оған iжкiм де қарсы тұра алмайды. Мен болсам‚ жасым келiп
қалды дегендей‚ — деп Тоғанақ көптен берi жанын қинап жүрген бiр ойдың шетiн айтып та салды.
— Төке‚ қартайдым деп әлден мойымаңыз. Бiзге сiз тек жол бастап берсеңiз болды ғой. Қалған
жағын өзiмiз көремiз де.
— О да жөн. Дегенменен жаудың күшi басым екенiн көре тұрып‚ қылқандай жасты ажалға қалай
айдап апарасың? Қорқатының сол ғой. Болмаса өзектi жанға бiр өлiм емес пе? Мен одан қорықпайым.
Мына аузы ала елден қорқам. Соңғы кезде айтар сөзi екi ұшты‚ жаны аяр мүдәйiлер көбейiп баратқан
жоқ па? Түбiнде елдiң соры солар. Iшiнде қылаңы қалыңы да солар. Болмаса бiр тоға‚ тура
айтатындардан келер қауiп жоқ.
— Оныңыз рас.
— Әй‚ көп қайғыратын дәнеме жоқ‚ басқа құдай не салады‚ соны көремiз де‚ — дедi Тоғанақ
қажығандай боп отырып.
— Бiр Алланың салғанына көнбесек не шара‚ — дедi соңғы кездерi құдайды аузына көп алатын
боп жүрген Тайпан да сөзге елтiп.
Шәйдан кейiн келiншек жүгiрiп жүрiп табақ толы еттi әкеп дастарханның ортасына қойды. Тайпан
буы бұрқыраған ет толы табақты өзiне қарай тартып, батырдың алдына мүшелi сүйегiн тастады.
Тоғанақ жаңа ғана қынынан ап, суға шайған шыпағымен жамбасты қолына алып, ақырындап мүжи
бастады.
Сол арада Тайпан бұған күле қарап:
— Төке‚ кештеу болғасын мал соймадық. Бiр мал сыбағаңыз бар‚ ертең жеп кетерсiз‚ — дедi.
— Жоға‚ алдараз болсын‚ осы жетедi ғой.
— Неге‚ Төке? Сiз деген исi Шөменнiң әруағысыз ғой. Үйiме сiз келгенде‚ бас тарта алмасам‚
ертең ел-жұрт к... ашып күлмей ме? Жоқ‚ ол болмайды.
Тоғанақ ырза бола күлдi. Мына батыр мiнез‚ аздап әңгүдiктеу Тайпанның айтқанын қылмаса‚
өкпелейтiнiн бiлдi де:
— Жақсы‚ — деп‚ қолындағы сүйектi мүжи бердi.
Тайпан еттi майдалап турап болғасын, оның үстiне тұздық құйды да, табақты батырдың алдына
қарай ысырды. Сонын оған қарап:
— Кәнеки алдырыңыз‚ — дедi.
Тоғанақ табаққа қол созды. Ет майлы‚ семiз екен. Тұз сiңе бастаған еттi батыр ықыластана жедi.
Еттен кейiн әйел тостағанға толтыра құйып шұбат әкелдi. Бойы жазылған Тоғанақ мейiрлене
отырып‚ шұбатты түгел iшiп қойды. Сосын демалғанды қолай көрiп‚ Тайпанға қарап едi‚ ол мұның
ойын тез түсiнiп:
— Кәзiр‚ — дедi.
Әйел төсектi тез салды. Тоғанақ жолдан шаршап келдiм ғой‚ тез ұйықтармын‚ деп едi‚ жастыққа
басы тиiсiмен‚ кенет ұйқысы шайдай ашылып кеттi. Басына неше түрлi ой шапты. Санасында баяғы
жiгiт кезiнде болған неше түрлi уақиғалар қайта тiрелiп‚ кiсiлердiң сондағы айтқан сөздерi құлағына
самбырлап келе бастады. Сонда да дәл мынадай ақбасқын болатын. Перонскийдiң Орынбордан
шыққан хабарын естiген бойда бұл жан-жаққа ат шаптырып‚ он шақты күннiң iшiнде мыңға жуық
қолды жинап та алған едi. Қарасақал Дабыл‚ Қаракесек Ақтан батырлармен бiрге мына Тайпан мен
Елдес та өз қолдарымен келген-тiн. Барлығы да сойыл‚ найза‚ қылыш ұстап алыпты. Сол жылы
Қаразым жағынан бiр ұста кеп‚ үш айдай Аспан елiнде жатып‚ қылыш соққан болатын. Әрқайсысын
бiр қойға сатып‚ ол елiне байып қайтқан едi. Сол қылыштың өткiрлiгiн бұлар ұрыс кезiнде көрген-дi.
Желге суарылған қож болат тасқа тартсаң да қайтпайтын. Со жолы бұлар Қырға шығып‚ Перонскийдiң
қолын Шұбартеңiздiң арғы жағында қарсылап алған-ды. Ақбасқыннан құты қашып келе жатқан
қарулы әскер тұтқиылдан тиiскен бұларға алғашқыда төтеп бере де алмады. Қарасақалдардың ер