62
мiнездi‚ қайратты жiгiттерi салған жерден қалың әскердiң iшiне енiп кетiп‚ шын ойранды бастап та
жiберген-дi. Мына жақтан Қарасектер бiр қанатын түрiп барады. Тайпан мен Елдес басқарған
Шөмекейлердiң қолы екi бүйiрден тиiсiп‚ жауды мүлдем ойсыратып тастады. Елдес марқұм ат үстiнiң
айқасына өте мықты едi ғой. Ол сойылын оңды-солды сiлтеп‚ мылтық аттыруға келтiрмей‚ талай
әскердi сұлатып та салған. Мына Тайпанның қайратын бұл сонда көрген. Қолы тисе болды‚ кiм-кiмдi
де ат үстiнен жұлып ап‚ аулаққа лақтырып жiбередi. Бұл Шектiлердiң жiгiттерiн қақ маңдайдан қарсы
шапқызған болатын. Әуелгiде сасып қалған жау тез есiн жиып‚ ортада тұрған күймелi арбаны
қоршалай шеп құрып‚ жерге бiр тiзерлей отыра қап‚ мылтықпен гүрсiлдетiп ата бастады. Бiрден-ақ он
шақты жiгiт ат үстiнен құлап түстi. Сарбаздар оған қарап жатқан жоқ. Өлерiн бiлмей алға ұмтылып‚
ана күймедегiге қол жетсе деп жанталаса қимылдап жатыр. Бұл дәл осы кезде өз жүздiгiмен жаудың ту
сыртынан ұран сап‚ айқайлап тиiсiп кеткен-дi. Шайқасқа кiрмей‚ құлақтарын қайшылап‚ елiрiп тұрған
жарамды аттар қарсы жүгiре шыққан әскерлердi омырауларынан қағамаға iшке сыналап кiрiп барады.
Батыр найзамен он шақты әскердi түйреп үлгердi. Осы кезде есiн жиған әскерлер бiрдеңе деп
бажылдасып‚ қорқыныштан көк көздерi шарасынан шыға‚ бұлар жаққа бұрылып ап‚ мылтық ата
бастады. Бiр оқ мұның иығының тұсынан ысқырып өте шықты. Батыр ерiксiз: “Сұхбаналла!”— дедi.
Бiрнеше жiгiт бақырып жiберiп‚ ат үстiнен құлай бердi. Сол арада батыр атын тебiнiп қап‚ оны
екпiндеткен қалпы ортада тұрған күймеге жақындай берген едi. Тоғанақ атын ағазған бойы ұзын
сойылымен әшекейлi күйменiң тоңазып тұрған әйнегiн бiр қойып‚ күл-талқанын шығарды. Ол сол
кезде әр жақтан өзiне бақырая қарап‚ қатып қалған жез мұртты бiр кiсiнi көрген. Ол кiшкене
мылтығын көтерiп ап‚ мұны көздеп атып жiбердi. Батыр дереу ат жалына еңкейiп үлгердi. Оқ бұ жолы
да тимей өте шықты. Ол бойын түзеген бойда сойылмен екiншi рет бiр ұрғанда‚ күйменiң төбесiндегi
қаңылтыры салдыр ете түстi. Батыр дәл осы кезде өз жiгiттерiнiң шегiнiп бара жатқанын байқады.
Дереу атын тебiнiп қап‚ күйменi айнала берген кезiнде шеп құрған әскерлердiң бұлардың қолын тура
көздеп ата бастағанын көрдi. Анадай жерде оққа ұшқан бiр-екi жiгiттiң денелерi қарауытып жатыр
Батыр сол арада естерiн жиып алғысы кеп‚ қатты айқайлап:
— Кейiн! Кейiн! — деп шаба жөнелдi.
Мұны көрген жiгiттер керi ысырылды. Оқ жетпес жерге келгеннен кейiн‚ қол әлгi күйменi жан-
жақтан қоршап тұрып‚ өзара кеңестi. Тоғанақ сонда-ақ мылтықты қолға садақ‚ найзамен қарсы тұра
алмайтындықтарын анық бiлген. Дәудiрлеген батырлардың аптығын басып‚ ойланып тұрып:
— Ендi жауған оққа қарсы шаппайық. Одан да осылай қоршайық та тұрайық. Олар не iстер екен‚
көрейiк, — дедi.
Басқа батырлар да осыны мақұл көрдi. Бұлардың ойын түсiнбеген Перонский әскерлерiне
айналдыра шеп құрғызып‚ бiр орнында қозғалмай тұрды да қойды. Бұлар да қозғалмады. Батыр
ауылдан алып шыққан еттерiн жiгiттерге от жақтырып пiсiртiп‚ сарбаздарды әлсiн-әлсiн
тамақтандырып отырды. Кеш батты. Түнде бұлар айнала от жағып‚ ойда қарауытып тұрған күймеден
көз жазбады. Сол арада батырлар қайта жиналып кеңес құрды. Қаракесек Ақтан тұрып:
— Түнде шапсақ кәйтедi? — дедi.
— О қалай болады? Қараңғыда өзiмiздi-өзiмiз найзалап тастармыз‚ — деп Қарасақал Дабыл батыр
күдiк айтты.
— Одан да осылай қоршап тұра берейiк. Олардың алып шыққан тамағы қашанға жетер дейсiң. Ата-
ата оқ-дәрiсi де таусылар. Со кезде бас саламыз‚ — дедi Елдес бұған қарап.
Жұрт осыған келiстi. Тоғанақ әр топқа бiр-екiден күзет қойдырып‚ көз iлмеңдер‚ деп қатаң
тапсырған. Сүйтiп өзi бiр ықтасындау жерге кеп‚ атының шылбырын бiлегiне байлап‚ iшiкшең қалпы
қисая кеткен. Сүйтiп жатып көзi iлiнiп кетiптi. Таң алакеуiмде әлдеқандай у-шудан шошып оянды.
Дереу қосын тұрған жаққа қараса, жұрт абыр-сабыр боп әрлi-берлi жүгiрiсiп жүр. Бұл көзiн қолымен
уқалап жiберiп қайтадан қараса‚ ойдағы күйме ұшты-күйлi жоқ! Сол кезде мұның жанына Қарасақал
Дабыл батыр жүгiрiп кеп:
— Төке‚ аналар қашып кетiптi, — дедi айқайлай сөйлеп.
— Қалайша?! — деп бұл қатты айқайлап жiбердi.
— Ана иақтағы Қаракесектердiң қолы тегiс пырдай боп ұйықтап қалыпты. Күйме дәл соның
жанынан өте шығыпты.
— Қап‚ әттеген-ай! Тарттық! — деп өзi атына қалай қарғып мiнгенiн байқамай да қалды.
Бұлардың қолы тегiс жиналып тұр екен. Батыр соның алдына түсiп ап, тастақ, қары жұқа
жерлермен үдере тартып кеттi. Аздан соң олар қар қалың түскен жерге кездестi. Ендi аттар бұрынғыша
екпiндемей қалың қарды омбылап‚ шаққа жүрiп отырды. Бұлар сол күнi астарына мiнген аттары
мықты орыс әскерi мен қоңыраулы күйменi түс ауа қуып жеттi. Осы жолы атты казактар бұларды
алыстан мылтықпен атқылап‚ күйме жанына жолатпай шоғарланып‚ iлгерi жүрдi де отырды.
Алдарынан шыққан Қаракесектердiң қолын да мылтықпен атқылап‚ он шақты атын аунатып түсiрдi.
Қара жаяу қалған жiгiттер жолдастарының аттарының артына мiнгестi. Мiнгескен ер сарбаз емес.
Тоғанақ осы арада тез ақылға кеп‚ ендi ашық шабуылдамай‚ оларды оқ жетпес жерден бақылап‚
iздерiнен ердi де отырды. Iшiнен бiр қолайлы кез келер деп дәмелендi. Олар сол бетiмен тартып
отырып‚ Арқаның жазық жонына да шығып үлгерген едi. Тоғанақтың бiр таңғалғаны — мыналардың
жолдан адаспауы. Сонда ғана оның есiне осыдан бес-алты жыл бұрын саудагер боп‚ Уфадан‚ Қазаннан
шықтық деп татар‚ башқұрт кiсiлерiнiң Хиуа мен Бұхара жаққа талай рет өткенi есiне сарт етiп түсе
кеттi. Сөз жоқ‚ мыналардың арасында сонда саудагер боп келген жансыздар бар. Молламыз‚
мұсылманбыз деп көлгiрсiп‚ мүләйiмсiп отырып‚ татар‚ башқұрттардың талай рет сатқындық
жасағаны сонау Ноғайлы заманынан бермен қарай аян. Олар болмаса‚ ақ патша мына далаға аяқ салар
ма едi? Олар болмаса‚ баяғыда Әбiлқайыр хан қалмақтан қорқып‚ ақ патшаға бодан болар ма едi? Сөз
жоқ‚ ол сонда өзiне арнайы Петербордан келген шоқынған башқұрттың тәттi тiлiне алданып қалды.