Стр. 64 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

63
Басқаны қайдам‚ әйтеуiр‚ бұл өзi солай ойлайды. Ендi‚ мiне‚ олар тағы да бұларды қу тақырға
отырғызып кеттi.
Со жолы Тоғанақ қолы Перонскийдi Сағызға дейiн шығарып салып, оған ашық батып тиiсе алмай,
амалсыз-дан, керi қайтқан-ды. Содан кейiн оны көрiп отырғаны бүгiн. Кешелерi Перонский мұны‚ сөз
жоқ‚ таныды. Бұл оның көз қарасынан бiрден-ақ байқады. Е‚ онда мұның арты не жақсылыққа соғар
дейсiң? Ана Қаратай сұлтан кеп мұның басын айналдырып‚ сый-сияпат бергiзiп жүргенде‚ ойлағаны өз
қамы емей немене? Шамасы, мұны халықты бастап‚ шайқасқа шығар деп қорқатын болар? Тоғанақ
ақырын күрсiнiп қойды. Сосын бұл майданның қай жағына шығарын бiлмеген кiсiдей дел-сал бiр
қалыпта жата бердi.
Ертесiне түске таман Тайпан сойылған қойдың басын жеке табаққа салдырып әкелттi. Жас ет
керсенмен бөлек келдi. Батыр мына аңқылдақ кiсiге ырза болды. Тамақ жеп болғасын‚ ас қайырып‚
рахметiн айтып‚ қайтпақшы болды. Ол орнынан тұрып‚ есiк қарай беттей бергенiнде Тайпан:
— Төке‚ сәл кiдiрiңiзшi‚ — дедi де‚ құлақ жеп‚ бет-аузы күйелеш боп отырған адырақ көз‚ жетi-
сегiз жасар баласын қолынан ұстады да‚ мұның бұтының арасынан өткiздi. Сосын оны мұның отырған
жерiне аунатып алды.
Тоғанақ ырза боп‚ балаға батасын бердi де‚ сыртқа шықты. Күн ашылыпты. Кең дала түндегi
бұрқанған мiнезiн ұмытқандай жылмиып жатыр. Сонау көз ұшына дейiнгi жердiң бәрiн ақ қар басып
салыпты. Қораланған күн сонау алыстан бұлдырап көрiнедi. Тоғанақ осы кезде бiр жiгiт алдына тарта
берген атының үзеңгiсiне аяғын салды. Тайпан мұны қолтығынан демеп‚ ерге мiнгiздi. Сосын өзi де
атына мiндi.
— Төке‚ мен де бой жазып қайтайын. Бүгiн сонар болса да‚ сiз болғасын‚ шықпадым. Бұйырған
қайда қашар дейсiз‚ аң қағып көрейiн‚ — деп Тайпан мұнымен қатарласып жүрiп келе жатты.
Тайпан жүйрiк тазыны көп ұстайтын. Олардың бәрi шетiнен салқы төс‚ құмырсқа бел‚ сирақты
қара ала тазы болатын. Оның айтқаны шынға соқты. Былай шыға бере-ақ бiр төбенiң баурайында шөп
теуiп жайылып жүрген бiр топ ақбөкенге ұшырасты. Тайпан шыдамай:
— Ақтөс! Ақтөс! Айтақ! — деп айқай салды.
Жер иiскеп келе жатқан Ақтөс басын көтерiп ап‚ бiрден киiктердi көрдi де‚ жүгiре жөнелдi. Қалған
тазылар оның iзiнен салды. Бұларды көрген ақбөкендер бастарын бiр-бiр көтерiсiп алды да‚ зыта
жөнелдi. Ақтөс аң алғыш кәнiгi тазы едi. Ол дереу ақбөкендердiң алдын орай қуды. Қалған тазылар
оның соңынан салып барады. Дүсiрiлей қашқан ақбөкендер бiр арада жалт берiп‚ Ақтөстiң тұсына
қарай салды. Олар өкпе тұсқа жете бергенде Ақтөс қалың тобырдың ортасына кеп қойып кеттi. Ол бiр
ақбөкендi салбыраған танауынан ала түсiп‚ оны көз iлеспес жылдамдықпен аударып тастады. Сосын
екiншi бiр текенiң дөңкиген танауына жармасты. Теке қайратты екен‚ басын тұқыртып‚ керi тұртты.
Ақтөс әрi тартты. Сүйтiп олар ырғасып тұрғанда‚ далақтай шауып Тайпан да жеткен едi. Қайратты кiсi
аттан түсе сап‚ текенiң қос мүйiзiнен ұстай сап‚ әуп деп жыға бердi. Дереу оның үш аяғын шалып
байлап‚ басын құбылаға қаратып‚ мауыздап та үлгердi.
Тоғанақ қасына келгенде‚ Тайпан пышағының қанын бiр түп жусанға түртiп жатып:
— Төке‚ жолыңыз сәттi болды. Олжаға мына текенi алыңыз. Жас ет қой‚ — дедi.
Тоғанақ текенi атының артына бөктерiп ап‚ Тайпанмен қоштасып‚ ендi бөгелмей‚ ауылына қарай
тура тартты. Бiр арада ол өзiне анадай жерден қапталдаса ерiп келе жатқан ұялас қасқырды көрдi. Қан
иiсiн сезген жыртқыштар күн жарықта бұған тура тиiсуге бата алмай‚ не алыстап кете алмай‚ екi
қапталында бiр озып‚ бiр қалып жүрдi де отырды. Тоғанақ жаңа Тайпан ауылынан сойыл ала
шықпағанына өкiндi. Сонда да iлгерi тартты да отырды. Қасқырлар мұның iзiнен қалған жоқ. Қараңғы
түсе өзiне қарай шабарын бiлiп‚ Тоғанақ осы маңда отырған Елмырзаның ауылына қарай салды. Бiр
сәт өзiне мына қасқырлар жан-жақтан қамап келе жатқан адамдар сықылды боп кеттi. Ол iштей дiр ете
түсiп‚тақымын қысты. Талай жарықты көрген сырмiнез қазанат егесiнiң ниетiн сезiп, бiр ауанмен
парлап тартып келедi. Аздап кейiн оның тiкiрейген қос құлағының түбiнен шып­шып шыққан тер
көрiндi. Ендi тынысы кеңiп, етi қызған ат төрт аяғын тең тастап, бiр қарқынмен жүрiп отырды. Сол
нәтiмен ол ұзақ жүрдi. Ақыры күн ұясына қона батыр Елмырза ауылының қарасын көрдi. Алдыңғы
жақтан әупiлдей үрген иттiң даусын естiп‚ ұялас қасқырлар ендi iлгерi жүрмей‚ бiр араға ұйлығысып‚
тұрып қалды.
Ол сол күнi ол Елмырзаның ауылында қонды да‚ ертесiне кешке таман өз қыстауына жеттi. Жылы
үйге кiрiп, сырт киiмiн шешiндi де жаңадан тәй-тәй басып жүрген баласын алдына алып отырып‚
батыр басқа шаруаның барлығын ұмытып та кеттi.
24
Таң азаннан Бұхара шәрiнiң он екi қақпасы ашылып‚ атқа мiнген жаршылар көше-көшенi шарлап
жүрiп‚ бүгiн әмiрдiң құдайға тiл тигiзген бiр кәпiрдi жазалайтынын жар салып айтып шықты. Соны
естiген жұрт әмiр тұратын сарайға қарай жапа­тармағай жүгiрiстi. Әр махалладан кiсiлер тайлы-
таяғына дейiн қалмастан бара жатыр десе боларлық.
Тортай оқып отырған таң намазын үзе салды. Ол анада Хиуадан шаққа дегенде қашып шығып‚ осы
Бұхараға саудагермiн деп келiп‚ бiр яһудидiң үйiне түскен-дi. Басқа өзбек пен тәжiктiң тамына баруға
шикiлiгiм шығып қалар деп қорықты. Осында болған бiр жарым айының iшiнде бұл тәжiк тiлiнде
сөйлейтiн‚ Синай маңынан шыққан ата-бабасының тiлiн баяғыда ұмытып қалған, бетi шарық табақтай‚
қап-қара семiз йәһуди шалдың әңгiмесiне қанықты. Оның айтуынша‚ Бұхараның сауда-саттығын ұстап
отырған‚ негiзiнен, осы йәһудилар. Он екi қақпаның жанында бұлардың дүкендерi бар екен. Олар
тәжiктер мен өзбек саудагерлерiн ол тарапқа жолатпайды. Әмiр де бұлардың жоғын жоқтап‚ сойылын
соғатын көрiнедi. Тортай пара-пайданы басып берiп‚ кейбiр тауарларын қымбатынан сатып ап‚ әлгi