65
— Сен немене әмiрдiң жарлығына қарсысың ба? — дедi.
— Жоға! — дедi Тортай сасып қап. — Мен мұны... аяп...
— Бұларды аяудың қажетi жоқ! Қолдан келсе қыру керек! — дедi шал ненi меңзеп айтқаны
белгiсiз.
Тортай дiр ете түстi. “Мыналардың қолына билiк тисе‚ исi мұсылманды түгел қырады ғой”‚—
деген бiр жаман ой басына шауып‚ дереу керi шегiне бердi. Жансыз боп үйренiп қалған тiрлiгiнде
талай қиыншылықтан өткен басы сол арада мына йәһуди шалдың бұдан көптен берi сезiк алып
жүргенiн‚ мұның шын сырын аңлайтынын байқады. Ендi кешiксе‚ өзiнiң күнi бүгiн-ақ Насрулланың
жәлладтарының алдына тұратынын бiлдi. Ол ұзын шапанының етегiн түрме белбеуiне қыстыра сап‚
арғы-бергiнi ойластырып‚ орталық базарға келдi. Базарда кiсi-қара онша көп емес екен. Бiр жерде жез
құманның тесiлген жерiн бiтеп жатқан ұстаның қасында жанған от бықсиды. Анадай жердегi
шайханадан палаудың иiсi шығады. Тортай сол шайханаға келдi. Бұл отырар-отырмастан, таныс
шайханашы өзбек жетiп келдi. Ол ала тақия киген басын сәл иiп‚ не керегiн сұрады. Тортай онымен
жақсы таныс едi‚ бұ да басын иiп:
— Әкiрам‚ палау мен көк шәй әкелiңiз‚ — дедi.
— Құп‚ — деп өзбек кiсiсi тез iшке кiрiп кеттi. Ол аздан соң палау мен бiр аққұман көк шәйдi әкеп‚
дастарханның үстiне қойды.
Тортай әңгiмелесетiн ыңғай көрсетiп‚ оған отырыңыз дегендей көзiмен жердi нұсқады. Әкрәм
түсiнiп‚ мұның жанына малдас құрып отырды. Ол қырықтарға келiп қалған‚ сақал-мұрты сиректеу‚
өндiршегi сорайған арық кiсi едi. Тортай оған сынай қарап отырып:
— Жаңағыны есiттiңiз бе? — дедi.
— Өй‚ айтпаңыз. Ол ана арбакеш қой‚ — дедi Әкрәм қолын сiлкiлеп.
— Оны неге үйтiп жазалаған?
— Өй‚ ояғын сұрамаңыз. Ана моллалар ғой. Олар анада Ғиждуаннан қайтқанда‚ соның арбасына
мiнiптi. Пәленбай тiллә берем дептi. Бұхараға жетiп алғасын‚ олар бұған дәнеме де бермептi. Соған
күйiнген арбакеш оларды боқтап‚ сыбап берiптi. Соны ана моллалар құдайға тiл тигiздi деп‚ мүфтиге
барып‚ фәтуа шығартып алыпты. Соңы осы. Ол өзi кәмбағал едi. Жетi-сегiз бәччасы бар едi‚ — дедi
Әкрәм шынымен аяп.
— Онда... обал болған екен.
— Ана йәһудилардың құдайы берiп қалатын болды‚— дедi Әкрәм тағы да баяғы әнiне басып. Ол
сол арада йәһуди саудагерлерiнiң бұларға күн көрсетпейтiнiн‚ үнемi алдарын орап кете беретiнiн айта
жөнелдi.
Тортай күлiмсiреп отырып:
— Әкрәм әкә‚ осы базардан ат сатып ала алам ба? — дедi.
— Алғанда қандай! Мал базарда бәрi де бар ғой. — Ол көзi жапақтап бұған қарады.
— Әкә‚ өзiңiз делдал болыңызшы‚ маған бiр жақсы ат керек боп тұрғаны.
— Ләббәй! Осы кәзiр ме?
— Иә.
Тортай ас қайырып орнынан тұра берiп едi‚ Әкрәм таңғалып:
— Мырза‚ ауқатыңызды жемедiңiз ғой‚— дедi.
— Бiр түрлi батпай отыр.
— Әлде ұнамады ма?
— Неге олай дейсiз? Өте дәмдi екен. Тек... былай...
Тортай орнынан тұра бердi. Әкрәм сол арада iштен он үш-он төртгердегi баласын дауыстап
шақырып ап:
— Шаруаны өзiң жайғай бер‚ — дедi де‚ бұған ердi. Ол мұның жанында жампаңдап ерiп келедi.
Тортай өзбектердiң өте инабатты екенiн бiлетiн. Алғашқыда орыс тәрбиесiн көрген бұған бәрi ерсi
көрiнетiн де тұратын. Келе-келе оған да үйрендi.
Олар мал базарына келгенде, қидың исi аңқып қоя бердi. Жағалай тұрған кермелерде аттар тiзiле
қалыпты. Көбi тоқпақ жал арбаның аттарын екен. Бұл жақта екi дөңгелетi қоқайған қоқан арба деген
көп. Соған дәл мынадай сирақты‚ белi жуан аттарды жегедi. Бұлар қара күшке мықты болғанмен‚
жүрiске нашар. Тортай сатуға деп жағалай байланып қойылған аттарды сынай қарап жүрiп‚
шеткерiректе тұрған ойынды етi олпы-солпылау‚ тек мойыны әдемi бiр аттың жанына кеп тоқтады.
Бұл оның дене бiтiмiне сынай қарап едi, жануардың жiлiншiгi тiк‚ кеудесi кең‚ талыстай екен. Қасында
басында тоқты терiсiнен тiгiлген дағарадай бөркi бар‚ отыздарға келiп қалған түрiкмен жiгiтi тұр. Ол
мұны көрдi де‚ берi қарай аяғын бiр-екi басып тоқтады. Сол арада Әкрәм оған кеп‚ атын саудалай
жөнелдi. Алғашқыда түрiкмен жiгiтi қымбат сұрап едi‚ оған Әкрәм қарсы дау айтып‚ мына атты құдды
өзi сатып алатындай-ақ қызыл өңеш болды да қалды. Түрiкмен жiгiтi де бiразға дейiн көнбедi. Оны
Әкрәм өңештеп қояр емес. Ақыры олар осы ыңғайлы-ау деген пұлға келiскен болды. Тортайдың да
күтiп тұрғаны осы едi‚ түрiкмен жiгiтiнiң алақанына қолын сарт еткiзiп‚ сұраған пұлын бере салды.
Сосын аттың шылбырын шешiп ап‚ жетелеп жүре бердi. Асыл қазанат егесiн қимағандай‚ басын
бұрып‚ солай қарай бiр рет кiсiнеп жiбердi. Сосын аяғын қаздаңдай басып‚ мұның жетегiне ере бердi.
Базардан шыққасын Тортай Әкрәмға делдал болғаны үшiн ақысын төледi. Ол:
— Алларазы болсын! Мың да бiр рахмет! — деп басын шұлғыды да қалды.
Тортай өзi тоқтаған үйге келдi. Атты сыртқа байлап‚ iшке тез кiрдi де‚ қоржынының екi басына
керек қағаздарын салды. Сосын қоржынның астыңғы жағына бiлдiрмей бөлек етiп тiктiрiп алған
қалғасына жасырын қағаздарын тықты. Қожайын күдiктенiп қалмасын деп‚ басқа заттарына тимедi. Ол
қоржынды иығына салып ап‚ қорадан шыға бергенiнде‚ йәһуди шал қарсы ұшырасты. Ол көзi
жылтырап‚ анадайдан қолын бұлғалап келедi: