66
— Мырза‚ сiз бiр жаққа бара жатырсыз ба? Бүгiн күн ыссы ғой‚— дедi ол қасына жақын кеп
тоқтап. Кезiнде сөнбеген бiр ұшқын лып-лып ете қалды.
— Мына қышлақ жаққа барып қайтайын дедiм. Сонда... парша сатады екен‚ — дедi Тортай
немқұрайлы үнмен‚ атының артына қоржынын салып жатып.
— Ойбай-ау‚ парша деген осы шәрiнiң өзiнде де көп емес пе?— дедi шал елп ете түсiп. Ойынша‚
мына қалтасы қалың саудагердi уысынан шығарғысы жоқ.
— Оны... бiлем ғой. Оның көбi маған ұнаған жоқ. Ендi мынаяқты көрiп қайтайын. Ұнамаса‚ сiздi
дәлдал ғып алам ғой. — Тортай аяғын үзеңгiге сұға бердi.
— Онда‚ мақұл.— Ол бұған сынай қарады. — Сонда... сiз қашан келесiз?
— Құда қаласа‚ кешке дейiн келiп қалатын шығармын.
— Ә‚ жарайды. Тек қақпа жабылатын кезге дейiн үлгерiңiз. Үлгiре алмай сыртта қалсаңыз‚
тәшкарида оғри жүдә көп‚— дедi ол өзбекшесi мен тәжiкшесiн араластыра сөйлеп.
Тортай асығыс көз тастап:
— Жақсы‚ — дедi де‚ атын тебiне бердi.
Ол қорадан ұзап бара жатып артына бұрылып қарамады. Келесi көшеден бұрыла бергенiнде йәһуди
шалдың соңынан қарап тұрғанын байқап‚ iшiнен кiп алып қалды. Ендi ол атына асығыс қамшы салды.
Жаңа ғана өзi йәһуди шалға айтқан қышлаққа шығатын қақпа батыс жақта болатын. Тортай солай
қарай жүрiп келе жатып‚ етiкшiлер мәхалласынан өткеннен кейiн‚ атының басын терiскейге қарай
бұрып алды.
Бұ кезде күн түске тармасып қалған болатын. Бұхараның қақпалары ашылған кезде-ақ жақын
маңдағы қышлақтарда тұратын шаруалар арбаларына астықтарын тиеп, базарға келетiн. Содан олар
кешке дейiн сауда жасайды. Қас қарая бәрi шәһардан шығып, ауылдарына қайтатын. Бүгiн де олардың
кеш қалғандары базарға жаңа келе жатыр екен. Ерте келгендерi қоқан арбаларына жүктерiн тиеп,
қышлақтарына қайтып барады. Тортай солардың арасымен бiлiнбей өте бердi. Дарбазадан шығып бара
жатып, анадай жерде қалғып-мүлгiп отырған екi дарбазашыға қарады. Олардың мұнымен iсi де жоқ.
Тортай сыртқа шыққасын барып, уһ деп демiн бiр-ақ алды. Сонда да жанын бiр күдiк мазалай
бердi. Жаңағы йәһуди шал миршабқа барып, мұның жайын айтса, iзiнен қуғын шығуы мүмкiн.
Ондайда шаруаң бiттi дей бер. Тортай сол арада арт жағына бiр рет жалтақтап қарап алды да,
Самарқан жаққа баратын жолға түстi. Шәһардан бiраз ұзағасын барып, тақымын қысып, атын сипай
қамшылады. Сол екен, ақалтеке ат ата жөнелдi.
Ол аздан соң ойдағы қышлаққа жетiп, анада таныс болған бiр өзбек жiгiтiнiң қорасына келдi.
Онымен сауда-саттық жағынан танысып едi. Атын ұмытып қалыпты. Биiк диуалдың қасына кеп, ат
үстiнен иiлiп қамшысымен дарбазаны тақылдатып едi, әлгi жiгiттiң өзi шыға келдi. Ол мұнымен
амандасып, атынан түсiрдi. Тортай жiгiттiң қолына бiр тiллә қыстырып:
— Атын ақырға барып байлап қой‚ — дедi.
Жiгiт атты қораға қарай жетелей жөнелдi.
Ол қайтып келгесiн, Тортай сәкi үстiнде отырып, оны-мұны сөз қылды да, қайдағы бiр парша
жайына көштi. Соны шынымен сатып алатын кiсiдей әр нәрсенi бiр сұрап кеттi. Әлгi жiгiт оған
барлығын бажайлап түсiндiрiп жатыр. Сосын оны азсынғандай, iшке кiрiп кетiп, сарыала ханауыз
матаны алып кеп көрсеттi. Тортай базарлыққа керек болар деп, ханауыздан бiраз алды. Жiгiт соған
ырза боп, тездетiп шәй әкелдiрдi. Содан екеуден екеуi отырып, ұзақ әңгiмелесiп шәй iштi. Тортай
тандыр наннан бiр-екi рет үзiп жедi. Iшiнен өзбектердiң тағамды өте жақсылап пiсiретiнiне таңғалды.
Ол содан әлгi кешке дейiн болды. Күн ұясына батып бара жатқанда Тортай қайтпақ ыңғай бiлдiрiп едi,
әлгi өзбек жiгiтi таңғалып:
— Әкә, дарбаза сiз барам дегенше жабылып қалады ғой, — дедi.
— Ештеңе етпес.
— Сонда қалай... далаға түнейсiз бе?
— Неге? Бiр таныс дарбазашым бар. Бағана соған шығарда айтып кеткем. Сол ашады ғой, — дедi
де, Тортай қош айтысып, атына мiндi. Ол атын тар көшелермен аяңдатып отырып, ешкiмнiң көзiне
түспей, қышлақтан шығып кеткесiн, едәуiр жер жүрiп барып тоқтады да, көк жүзiнде ендi-ендi
жылтырай бастаған жұлдыздарға көз салды. Солардың арасынан Темiрқазықты тауып ап, дереу ат
басын терiскейге қарай бұрып алды.
Тау жерi ыңғи тастақты боп келедi. Ол көпке дейiн қатты жүре алмады. Аздан соң түн болып,
шығыстан бетi табақтай ай қып-қызыл боп көрiндi. Айналаның барлығы қызғыш сәулеге толды.
Аспанда қалқып тұрған бiр-екi қазбауыр бұлттың бауыры бiр түрлi қызарып сала бергендей екен.
Тортай атын тебiне отырып, көпке дейiн тездеп жүрдi. Иттерi әупiлдеп, ара-арасында оттары
жылтырап тұрған қышлақтарға соқпай, ат тұяғы құмға iлiккенше тыным таппады. Түн ортасына жете
бере ай батты. Сол екен, айнала қараңғы тартып кеттi. Ауадан салқын леп еседi. Бiр түрлi ылғал бар.
Тортай Шөмекейлер қоныстаған Тау елiне жақындап келе жатқанын бiлiп, iшiнен кеуiлденiп қойды.
Тау елiн жайлайтын Шөмекей тайпасына қарасты Аспан руының Кедей аталығының балалары кiлең ұр
да жық батыр болады. Олар өз миманын өлдi бөтен кiсiге ұстап бермейдi. Әрi өздерi шеттерiнен
тентек, шабандоз боп келедi. Соңғы жылдары сояқтан шыққан Шәһарбек дейтiн баукеспе ұрының
атағы жер жарып тұрған едi. Ол қасына ерген қырық шақты жiгiтiмен өткен-кеткен керуендi тонап, кiсi
өлтiрiп, жол торып, былайғы жұрттың зәре-иманын ұшырып болған. Тортай сол кездесiп қалмаса едi
деп кәуiп айлады. Ол ұшыраса қалса болды, ертең мұны Бұхараның құл базарына апарып сатып
жiберуге оның жүзi де жанбайды. Соны ойлап, бағана ол қару-жарағын iшiнен байлап алған-ды. Ендi
шапанының сыртынан буған белбеуiне қылышын iлiп, мылтығын иығына асты. Атын сипай қамшылай
отырып, тастақтан өтiп, тырбиып өскен шөбi көп құмшауыт жерге түсе бердi. Бүгiн неде болса деп ол
жолды өндiрiп алғанды мақұл көрдi. Сол оймен ендi алды-артына қарамай аңыратып тартты да