67
отырды. Тек таң алдында ғана бiр қара төбенiң бауырына қалың боп өскен жыңғыл арасында көз
шырымын алған болды.
Ертеңiне кешке дейiн жүрiп отырып, ол қас қарая бiр ауылға құлады. Ауыл ақсақалы сексендерден
асып қалған, ұзын бурыл сақалды, толық денелi, саусақтары бартық-бартық кiсi екен. Оның он баласы
он ауыл боп, мұнымен жапсарласа көшiп жүретiн көрiнедi. Ақсақал құдайы қонақ келдi деп, мал
сойып, қазан көтерттi. Сосын мұның жай-жапсарын сұрай отырып, ол мына жүрiсiнiң сөкет екенiн
сезгендей:
— Сонда жаңғыз өзiң Сырға құламақсың ба? — дедi қалың қасын бiр көтерiп қойып. Қараүй
iшiнде маздап жанып жатқан сексеуiл шоғынан түрi қызарып көрiнедi.
Тортай сыр бергiсi келмей:
— Иә, — дедi.
— Ата-бабаң сол жерде ме?
— Иә.
— Сонда қай ел боласыңдар?
Тортай Арал, Қазалыға аяқ салғаннан бастап-ақ осы жердегi руларды тегiс хатқа түсiрiп алған едi.
Бұ жолы да шалға ұстатпады:
— Шектiмiз. Оның iшiнде Дүйсенейден тараймыз.
Ақсақал бұдан кейiн мұның руын қазбалап сұрамады. Екеуi көпке дейiн жәй еру әңгiмемен
отырды. Бiраздан соң iшке қолына леген мен құман ұстаған қара бала кеп кiрдi. Ол алдымен
Тортайдың қолына су құйды. Тортай қолын шайып боп:
— Әйдiк жiгiт бол! Өз қатарыңның алды бол! — дедi де, қолын орамалға сүрттi.
Аздан соң iшке бiр әйел кiрiп, төрге дастархан жайды. Ол үйден шықпай жатып, бiр жiгiт ет толы
керсендi әкелдi. Сосын ол отыра қап, еттi турады.
Бұлар тамақты алдына ала бергенде, iшке сау етiп екi-үш жiгiт кiрiп келдi. Ақсақал басын көтерiп,
оны жақтырмағандай қабағын шытты да:
— Ә, сенсiң бе? Кел, кел! Далада жүрiп қарның ашып қалған шығар, — дедi.
Басына мыжырайған қазақы бөркi бар, төртпақ, бетi бұжыр-бұжыр сары жiгiт одыраңдап төрге
озды. Ол мұның қасына отырып жатып әй-шәй жоқ, санын басып-басып қойды. Тортай таңғалып,
бетiне қарап едi, ол сарғыш тiстерiн көрсете күлiп:
— Өй, енеңдi... немене менi танымай отсың ба? — деп қойды.
Тортай иығын қиқаң рет еткiзiп:
— Өмiрiмде бiрiншi көрiп отырмын, сiздi қайдан таниын? — дедi.
— Онда танымасаң, танытайын, — деп әлгi жiгiт осқырына күлдi. Өзiнiң лайытқан көзi бiр қалыпта
тұрмайды екен, алақ-жұлақ етiп ойнақши бередi. Соны қоштағандай қасындағы жiгiттер де жөнсiз
ыржалақтап, табаққа қолдарын салып жатыр.
Тортай үндеген жоқ. Етке қолын ерiне созып отырып, iшiнен жұрт айтып жүрген Шәһарбегiң дәу
де болса осы шығар деп түйдi.
Сол арада әлгi жiгiт бұған бұрылып:
— Е, миманым, жол болсын! Қайдан келесiң, барыс қалай? — дедi.
Тортай қитығып:
— Мынаяқ, — деп, иегiмен арқа жағын изей салды.
— Сонда қалай? Мынаяқтың жағы көп қой? Турасы қайсы?
Сол арада ақсақал басын көтерiп:
— Әй, Шәһарбек, миман менiкi, оның мазасын ала берме, — деп қалды.
— Әй, көке-ау, оның мазасын алып жатқан iжкiм жоқ, бiздiкi жөн сұраған ғой. Бұрын бұяққа
келмеген кiсi, түрi де, аты да бөлек екен. Сосын әдейi бұрылдық. Болмаса жол торыған ұрының былш-
былш ет жеп отыратын уақыты бар ма? — деп Шәһарбек арсыз бiр күлкiге басты.
— Әй, қысқарт! — дедi ақсақал даусын қатайтып. — Болды, — жетер! Менiң от басымда отырып
сенiң бұ не дегенiң! Жерiңдi же де, табаныңды жалтырат! Мына миманымда шаруаң болмасын!
— Ойбай, қойдым, көке! — дедi де, Шәһарбек жым болды. Ол еттi быртық саусатарымен аузына
апарып тығып жатып, бұған ала көзiмен бiр қарап қойды өзiнiң көзi шапыраштанып, салқын тартып
кеткен екен.
Тортай мынадан жақсылық күтудiң қиын екенiн бiлдi де, ендi әңгiмеден сап тиылды. Олардың
қойған сұрақтарына жөндеп жауап та бермедi. Соны сезген Шәһарбек те артық үндемедi. Ол еттi жеп
болғасын, ас қайыра сап, сыртқа шығып кеттi. Олардан күжiк алған Тортай аздан соң сыртқа шығып
атын көрдi де, үйге қайта кiрiп, салулы төсекке кеп қисайды. Түнiмен жөндеп ұйықтай алмады.
Таңертең бетi-қолын жуып, бiр тостаған шұбат iштi де, жол жүрмек болды. Ақсақал ойланып отырып:
— Шырағым, түрi-түсiңе қарасам, қазақы ауылдың баласы емес сықылдысың. Атаңды қозғап не
етейiн, өз жөнiңдi өзiң бiлесiң де. Кәзiр бiр қиын заман басталып келе жатыр ма, сылайы бiр түрлi ғой.
Кешегi ұры сенi бүйерден сау жiбермес. Жаңа балдарға хабар бердiм. Олар сенi Қараққа дейiн
шығарып салады. Құдай айдап үйiме қонып едiң, ертең бiрдеңе бола, қалса, жаманаты маған келедi
ғой. Құдай оның бетiн аулақ қылсын, — дедi.
Тортай оған ырза бола қарады. Шынында да, ақсақал әр жақтан ойлаған екен. Аздан соң бұл
қасына он шақты жiгiттi ертiп, әлгi қонақтай ауылдан қош-қош айтысып шығып кеттi. Олар жолшыбай
кездескен ауыл-ауылға қона, түстене отырып, Сыр бойына жақындай бердi. Шәһарбек бұлардың
iздерiнен ерiп келе жатса да, неге екенi белгiсiз, бұларға батып тиiсе алмады. Тортай сонда ғана кешегi
ақсақалдың осы өңiрдi сұрап отырған атақты би екенiн аңдады.
Қараққа жеткесiн, жiгiттер қоштасып, керi қайтты. Тортай ендi Шәһәрбектердiң кейiн қалғанын
бiлiп, арқайын боп, түнде де жүрiп отырды. Екi-үш күннен кейiн ол Қуаң бойында күздеуде отырған
Жәнiбек ауылына кеп құлады. Бұл анада Хиуада жүргенде өзiн оның байқап қалғанын бiлiп, ұстап