7
Түнде Тортайдың бөлмесiнде жатып‚ Елмырза дал болды. Iшiнен шақырғанына неге келе қалдым‚
деп өкiндi. Бойын аулақ сала тұрғаны жөн едi. Ендi бәрi кеш. Неде болса бұ да бiр нәубет. Содан
қашып құтылатын ылаж жоқ. Жаңа бiрезде Шатайды бiр әскер басқа бөлмеге алып кеткен-дi. Өзi оның
соңынан бiр елi қалар емес. Бұл Тортай екеуi ағаш төсекте қатар жатыр. Тортай шегiп болған темекiсiн
өшiрiп:
— Елеке‚ еш абыржымаңыз. Бәрi де ойдағыдай болады‚ — дедi.
— Өй‚ соншама абыржып нем бар? — дедi Елмырза сыр бермей. — Жәй‚ тек қайда кеттi деп
қатын-бала абыржи ма дегенiм ғой.
— Дәнеме етпес. Ендi ақ патшаның ығын алмасақ болмайды.
— Сонда... осы ақ патша осыяққа берiк қоныс теппек пе?
— Оны кiм бiлiптi? Әйтеуiр орыстардың қазақ даласына орныққанын мен жақсылық деп бiлем.
— Сонда... қалай?
— Олардың кәзiр өнерi бiзден озып кеттi ғой. Жазу-сызуы бар...
— Сонда немене... бiздiң жазуымыз жоқ па? Әлде олардан өнерiмiз кем бе? — дедi Елмырза
даусын сәл-пәл қатайтып.
— Кем дегенде... бiз олардан қай салада болсын‚ көп артта қалып қойдық. Орыстардың қару-
жарағы сайлы. Мылтығы көп...
— Өй‚ ол... басқа әңгiме ғой. — Елмырза ендi қайтып үндемедi. Iшiнен: ”Мынауың дәңкәсә ғой!”
— дедi. Сосын ертеңгi жағдай жөнiнде ойлады. Оның ақыры не боларын бiлмей‚ басы әбден қатты.
Сүйтiп жатып қалжырап барып ұйықтап кеттi. Басы ың-дың боп‚ түнiмен шым-шытырық түс көрiп
шықты. Содан тұла бойы ауырлап‚ таңертең жатқан орнынан сiркесi су көтермей әзер дегенде тұрды.
Сол күнi ол өзiмен бiрге баратын кiсiлермен танысты. Олардың араларында түрi қазаққа ұқсайтын
татарлар көп екен. Бәрi де шеттерiнен қазақша киiнiп апты. Тортай да қазақтың мырзасына ұқсап
киiнiптi. Оның басындағы құндыз бөркiне‚ ықшам шекпенiне қарап‚ оны ел қыдырып жүрген жiгiт
екен деп ойлап та қаласың. Бұл әлгiлермен аздап тiлдесiп көрiп едi‚ — татарларың қазақшаға ағып тұр!
Елмырза iшiн тартты: “Мыналарың қазақшаны қай кезде үйренiп алған‚ ә? Өй‚ сұмдар-ай!”
Сол күнi қас қарая он шақты атты кiсi Хиуаға суыт жүрiп кеттi.
3
Тоғанақ батырдың келе жатқан хабарын Қайып хан ел арасында жүрген тыңшылары арқылы бiлiп
отырған едi. Мынадай қиын-қыстау кезде өзiн қолдаушы кiсiнiң табылғанына қуанды‚ соны дәтке қуат
қылды. Анада алған жас тоқалы жақында ғана арыстай ұл тапты. Соған қуанып‚ ат шаптырып‚ той
жасаймын ба деп ойлаған едi‚ бiрақ Қоқан бектерiмен арада болған кикiлжiң оған мойын бұрғызбады.
Оның үстiне, ақ патшадан теперiш көрiп‚ әбден зығырданы қайнап жүрген ханның кәзiр сiркесi су
көтермейтiн боп алған-ды. Бiрден тарс жарылды. Iшiнен: “Не елi жоқ‚ не жауға шабар қолы жоқ‚ қара
басы хан боп жүрген бiреу ғой деп қомсынды-ау”, — деп қатты азарланды.
Қайып хан әлден ақ кiре бастаған сақалын қолымен уыстап‚ өткiр көзiн түрулi тұрған есiктен
алысқа қадап‚ бiр сәт ойланып қалды. Сонау алыстан сарғыш тартқан құба даланың бұлаңытып жатқан
бiр қиыры көрiнедi. Терiскей жақтан соққан ызғарлы леп сезiледi. Дегенмен мына Созақ төңiрегiне әлi
күз деңдеп ене қоймаған едi. Күн жылы. Сол себептi мұның мың қаралы төлеңгiтi мен ел арасынан
жиған азын-аулақ әскерi Созақ қамалын қоршап‚ әлге дейiн жеңiл‚ жайдақ шатпа iшiнде тұрып жатыр.
Қамалды қоршағанына бiр айдан уақыт өтсе де‚ Қайып қорғанды ала алмады. Қоқандықтар болса‚ iште
тас бекiнiп алған. Олардың қамалды айналдыра қазған оры да терең. Оған салынған төрт баяпыл
алынып тасталынған. Сондықтан қамалға атты кiсi түгел‚ жаяу адам да жақындай алмайды. Бұлар екi
рет тура шабуылдап көрiп едi‚ қарша бораған жебе мен ара-арасында гүрс-гүрс ете қалған зеңбiрек
добы сарбаздарының құтын қашырып жiбердi. Сол арада бұлардың отыз шақты кiсiсi бiрден шейiт
кеттi. Жарадары жүз шамалы. Соны көрiп‚ осы төңiректi жайлайтын Тама мен Қоңырат қолы әлден-ақ
қыңырайып‚ бас қайттайтын ыңғай бiлдiре бастады. Бұл сол жерде аса бiр қаталдық көрсетiп‚
әлгiлердiң бас көтерер бiр-екi жiгiтiне тамам елдiң көзiнше дүре соқтырды. Соны көрген Қоңыраттар
жым болды. Осыдан кейiн олар бiр рет те наразылық бiлдiрмедi. Соған да қарамастан, бұл оларды
қорқытып‚ әлге дейiн күшпен ұстап отыр. Күш демекшi.... Баяғы күшi толып‚ тасып тұрғанда... О
жайлы мына Доғалақ жырау дабырайта жырлап та жүр ғой. Жырау демекшi...
Ол бағана шақырып алдырған Доғалақ жырауға көз қиығын тастады. Орташа бойлы‚ ақ сұр‚ орақ
мұрынды жыраудың көзi өткiр. Қасы қырғидың қанатынша лып-лып ете қалады. Өзi өлең айтқанда бiр
түрлi әруақтанып кетедi. Сондай кезде‚ әсiресе‚ әлде бiр мұңлы әуендi аңырата салғанда жырау
қолақпандай өндiршегi бұлтылдап‚ бiр орнында отыра алмайды. Әсiресе қатты қызған кезiнде қып-
қызыл боп‚ алқымы желкөрiкше iсiнiп‚ бұлтия қалады. Ондайда Доғалақ бiр түнге талмай жырлайды.
Сонысына ырза болған бұл осы жырауды анада Сыр бойына да ертiп барған-ды. Содан берi Қаразым
мен iшкi Иран жақтағы шәһтардың қылуасын iстеп‚ өзiнiң басынан өткен уақиғаларын Доғалаққа
қисса етiп жырлатып та жүр. Ендi кәзiрде оның жаңадан шығарған бiр саласын тыңдаймын ба деп
ойлап‚ оны күн сәскелiкке тақай шақырып алған-ды. Бiрақ басқа шаруа араласып кетiп‚ жырауға
мойын бұруға мұршасы келмедi. Ендi хан оған қарай мойнын бұрып:
— Кәне‚ әу деп жiбер! — дедi.
— Құлдық‚ тақсыр! — Доғалақ лып ете түсiп‚ домбырасының құлағын келтiрiп‚ тоғыз перненi
қайтадан бiр тексерiп шығып‚ кенеттен қатты дауыспен: — Әу! — деп қалды.
Хан ордасына кеп‚ мәслихат құрған би мен бектер‚ бай‚ мырзалар елеңдесiп‚ бастарын көтерiсiп-
көтерiсiп алысты. Доғалақ ендi ұзақ бiр ащы айқайға басып боп‚ iзiнше бiр толғауды аңырата жөнелдi.
Кәнiгi жүйрiк бабында екен. Жырды шумақ-шумағымен төгiп жатыр. Мұндайда бiрлiк‚ татулық жайлы