69
— Ондай болса, мына Арқа жақтағы қазақ балаларын неге шоқындырып жатыр? — дедi Жәнiбек
оның жүзiне тура қарап.
Тортай аз-кем мүдiрдi. Шынында да, орыс миссионерлерi Арқадағы басып алған жерлерге кеп,
шiркеу салып, бұратана халықты шоқындырып, христиан дiнiне кiргiзу керек деп жаппай үгiт жүргiзiп
жатқан. Оны патша ағзам да қолдайтын. Оларға түркi тiлiн бiлетiн маман кiсiлердiң қосылып, ел
арасына насихат таратып жүргенi рас та едi. Жастайынан орыс оқуын оқыған Тортайға дiн дейтiн жәй
ғана нәрсе сықылды боп көрiнетiн. Ендi ойланып қап, сәлден соң:
— Ондай... аздап бар, — дедi. Сосын еңсесiн тiктеп: — Жәке, шынын айтсам, осы бiзге мұсылман
болдық не, христиан болдық не, бәрi бiр емес пе? — дедi.
— Е, неге? — деп Жәнiбек әбден қарны ашып, мына арық жiгiттiң жүзiнен көзiн тайдырып әкеттi.
Артық еш-теңе демей, шәй құйып отырған малай қатынға кесесiн ұсына бердi. Iшiнен: “Ертең
түбiмiзге жететiн осындай шала оқымыштар. Бұлар қазақ тiлiн жөндеп бiлмейдi,сүйтiп жүрiп халық
деп айқай салады. Сорлы қазақтың iрiп-шiруi осыдан басталатын шығар”, — деп қойды.
Тортай осы ыңғайсыздықты жуып-шайғысы келгендей, сәл ыржиып:
— Жәке, менiң айтқанымды онша түсiнбей қалдыңыз ғой деймiн, — дедi.
— Қарағым-ау, оның түсiнбейтiн несi бар?
— Мен олай дегенде... — Тортай қиналды. — Көрiп жүрмiз ғой, мына iшкi жақтағы халықтар
мүлдем артта қалған. Фараң жұрттары әлдеқашан бiзден iлгерi озып кеттi. Бiлiмнiң неше түрiн
дамытып жатыр.
— Жарайды, дамытсын. Бiрақ соны шоқынбай-ақ үйренуiмiзге болмай ма?
Тортай тағы да мүдiрдi. Ол өзiнше орыс оқуын оқымағандарды надан көретiн. Мына қазақты анау-
мынау дәлелмен жеңе қоюдың қиын екендiгiн бiлiп, тоң-торыс қалпы отырып қалды.
Жәнiбек иығына жамылып отырған iшiгiн жөндеп қойып:
— Iнiм, қалай десең де қазақтың өз тiршiлiгi өзiне қолай. Соны бұзып жатудың көк тиынға да
қажетi жоқ. Онан да әркiмге бiр жалтақтап, өзiмiздi құдай атып жүр десең, құлаққа қонады, — дедi.
— Бiздiң қарсылығымызға қарап жатқан ақ патша жоқ қой. Бiрiншi Петр ағзамның тұсында-ақ
қазақ даласын басып алу жайы ойластырылған болатын. Кәзiр күшейiп отырған Ресей мемлекетi бұ
жердi кәйтсе де басып алады. Оған Қоқан мен Хиуа хандары өлдi қарсы тұра алмайды. Тұрғанымен,
әлдерi жетпейдi, — дедi Тортай әлденеге кеуiлдене түсiп.
— Сонда бiздiң не iстеуiмiз керек? Ақыл жастан деген, сен бiр кеңес айтсайшы.
— Менiңше, — ол ернiн қырқа тiстеп тұрып, арық саусағымен мұртын бiр сипап қойды: — мәнтай-
шәнтайды қойып, ақ патшаға бодан болу керек. Қалғанын көре жатамыз.
— Сонда қалғаны не болады?
— Ақ патша бiзге тиiспейдi.
— Ал оған ел көнбесе ше?
— Көнбесе... онда бекер қырылады ғой.
— Сонда найзаның ұшымен, қылыштың жүзiмен көнсең де осы, көнбесең де осы деп тұр ғой. —
Сол арада Жәнiбек сақтық ойлап, күрт сынды. — Онда не ылаж бар, құдайдың басқа салғанын көремiз
де. Iнiм, мен сенi нағылар екен деп айтып жатырмын. Алда-жалда ақ патша орам алып жатса,
мойынсұнбай қайда барамыз? Оның қызметiн шегуге өз басым дайынмын.
— Жәке, жөнге жаңа келдiңiз, — деп Тортай жас балаша қуанып қалды.
Жәнiбек iшiнен: “Мынау ақымақ екен ғой! Ақ патшамен бiрге туып қалғандай қуанғаны несi?
Ертең осы жерге табан тiрегесiн, айлалы патша алдымен ауызды сендерге салады”, — дедi. Сол арада
есiне қырғыз жағында мерт болған Қайып пен Нақып түстi. Олар да әуелi айлалы патшаның алдауына
түсiп қап, кейiннен соны жөндеймiн дегенде қаша көшiп жүрiп өлдi. Соны ойласа керек, төре
тұқымдары әлден-ақ балаларын орыс оқуына берiп, шен тақтырып, әлi де қазақ баласының тiзгiнiн өз
қолымда ұстап тұрсам дейдi. Соның соңы не боларына олардың көздерi жетiп отыр ма?
Жәнiбек үндеген жоқ. Ендi шәйды жинай бастаған қатынға көз тастап қойды да, ас қайырды. Оған
тамақта-рыңды тездетiңдер дегендей ыңғай бiлдiрдi.
Күн түске тарта тамақ келдi. Ет жеп, әлденiп алғаннан кейiн, Тортай жүрмекшi болды. Оған
Жәнiбек қона ғой деп жабыса қоймады. Тортай атына мiнiп, қоштасып, Қазалы жаққа беттеп кете
барды. Жәнiбек оны шығарып салды да, кiшi отауына қарай беттедi. Кiшi отауы дегенде, жақында ғана
жас босанған Ақкербезге суық тиер деп, соқпа тамды дайындатып, соған түсiрген едi. Бұл есiктi ашып
қалғанда, iштен бiрден мұрнына жылы леп тидi. Iзiнше жас нәрестенiң иiсi сезiлдi. Бесiктен бөпесiн
алып, астын құрғатып жатқан Ақкербез бетiне қан жүгiрiп, тез арада қызарып кетiп, ұялып әрi қарады.
— Мына бiр бұзық... — деп, қолымен аузын басып, күлген болды.
Жәнiбек босанған әйелдiң аса сұлуланып кететiнiне таңғалды. Артық ештеңе демей, оң жаққа
барып, салулы төсек үстiне қисайды. Сәлден кейiн ол назарын баланы бесiкке бөлеп боп, алдына
дастархан жая бастаған Ақкербезге көз қиығын тастады. Жақсы көретiн келiншегi лыпылдап жүр. Ол
бауырсақ пен бiр тостаған шұбат әкелiп, қасына кеп отырды. Сосын жүзi сәл қызарып:
— Алсайшы, — дедi.
Жәнiбек шұбатты алып, орталап iштi. Қою шұбат қышқылдау екен, бiрден-ақ танауын қыдықтады.
Сол арада Ақкербездiң өзiне бiрдеме айтқысы кеп отырғанын байқады. Оған мойынын бұрып:
— Өзiң... бүгiн... — дедi күлiп.
— Жәй, әшейiн.— Ақкербез қызара түстi. — Айтайын дегенiм, қанша дегенмен жолы үлкен ғой,
ана... Айжамалдың да қасында болғаның дұрыс қой дейiм...
— Е, өзiң... — Жәнiбек жарыла күлдi.
— Жоқ, мұның күлетiн iждемесi жоқ. Қалай десең де, бiр шаңырақтың адамымыз. Тату-тәттi
тұрғанға не жетсiн. Байға таласып, ырылдасып жатсақ, бiздiң қаншықтан немiз артық? Құдай басқа
салып, бiрге тұратын болғаннан кейiн, ауыз бiршiлiгiмiздiң болғаны жақсы. Сенiң екеумiздi