Стр. 71 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

70
алаламағаныңды қалар едiм, — деп Ақкербез көптен берi мұның қол-аяғына шырмау боп жүрген
күрмеудi өз қолымен сол арада алып та тастады.
Жәнiбек ырза боп кеттi. Ақкербездiң қолын қысып-қысып жiберiп:
— Айтқаныңа құлдық! Сендердiң ауыздарың бiр болса, менi қайда барады дейсiң, — дедi.
Сол күнi Жәнiбек Айжамалдың отауына барып түнедi. Ақкербездiң айтқанын бiлетiн болса керек,
оның қабағы ашық екен. Ол кешкi тамаққа Ақкербездi шақыртып алып, қасына отырғызды. Оның
бесiктегi бөпесiн иiскеп, өз баласындай көрiп, бетiнен шөпiтiп сүйiп те алды. Осы кезде ондарға келiп
қалған Әлiбек пен қызы киттей бөпелерi Құдайбергендi қызық көрiп, әр нәрсенi бiр айтып, бесiктiң
жанынан шықпай қойды. Үй iшi жадырап, базар болды да кеттi.
Ертесiне Жәнiбек оқытып жатқан шәкiрттерiн ауыл-ауылдарына таратты. Сол күнi Қызылға алғаш
рет жапалақтап қар жауды. Аспанды торлап алған бұлттан сынып түскендей боп, кiлең әппақ ұлпа ақ
қанатты көбелекше қалт-қалт етiп, жерге қарай құлап келе жатыр. Әп-сәтте қар жердi көмiп салды. Сол
үстiне әкесiнiң ауылынан iнiсi Әлжан келдi. Ол келе дәудiрлеп:
— Түнiмен жауса, ертең қансонар болады. Аттарды дайындап қоялық, — дедi де, әй-шайға
қарамай шаруаға өзi кiрiсiп кеттi.
Қар түнiмен жапалақтап жауды. Таң алдында қараса, кеше ғана құбарып жатқан жазық дала ақ
көрпе жамылғандай қол-аяғын созып жiберiп, далия қалыпты. Жаңа шығып келе жатқан күннiң
сәулесiне шағылысып, жылт-жылт еткен, ақша қар көздi қаратпайды. Бүгiн ерте тұрған Әлжан екi атты
ерттеп те қойған екен. Екеуi бiр-бiр тостаған шұбат iшiп ап, тездетiп атқа қонды. Қастарына жүйрiк
тазыларын ерттi. Әлжан ауылынан былтыр ұстап, қолға үйреткен бүркiтiн ала шыққан екен. Оны оң
қолына қондырып, томағасын сыпырмай, жәй текi-рекпен келедi. Сол арада бiр iзге тап боп, екеуi
аттарын тебiнiп қалды. Iздi иiскелеп, алға түскен тазылар сәлден соң iлгерi қарай жүгiре жөнелдi.
Бұлар бiр қырдан асып, екiншi төбеге жетем дегенше болмады, iз шиырланып, түлкiнiң жым тастай
бастағаны көрiндi. Сол арада Әлжан:
— Әне! — деп айқайлап жiбердi.
Жәнiбек жалт қараса, алтайы қызыл түлкi қалыңдықтың арасымен зытып барады екен. Мұның да
аңшылығы ұстап кетiп, атын қамшымен сауырынан бiр тартты:
— Ақтөс, Ақтөс! Айт! Айт! Кәне, тарттық!
Сол күнi Жәнiбектер кешке дейiн аң қақты. Олар бiрнеше алтайы түлкiнi соғып алды. Одан бөтен
аулаған қояндары бiр бөлек. Қанжығалары майлы боп қайтып келе жатып, Жәнiбек басын көптен берi
қамап ап, қинап жүрген ойдан арылғандай болған. Кешке таман күн суытатын ыңғай танытып,
терiскейден сұп-суық жел тұрып, ұлпа қар шыңылтырланып сала бердi. Ат тұяғы тиген сайын
сықырлап, бара-бара қардың ширай түскенi анық аңғарылды. Жәнiбек басындағы жеңiл тымағының
құлағын дұрыстап байлап ап, желге қарсы жүрiп кеттi. Iзiнде ерiп келе жатқан Әлжан әрдеменi бiр
айтады. Өзi бойы серейiп, бұрынғыдан өсе түсiптi. Әлден-ақ оның Елдеске тартып, сүйегi салалы жiгiт
болатыны аңғарыл-ғандай. Жәнiбек оған бiр рет көз тастап қойып, Қызылды қыстап отырған
қазақтардың кәзiрде-ақ сейселе құрып, бiр-бiрiне қыдырып, кезекпен ет жеп жүрген бiр жайын ойлап
кеттi. Сүйтiп келе жатып ол Қызылдың ықтасыны көп бiр нұралы тұсына тiгiлген қара үйлерге келiп те
қалғанын байқамады. Әлжан бiрден-ақ алға қарап:
— Аға, мына бiр аттың түр-түсi бөлек қой, — дедi қолын шошайтып.
Соны Жәнiбек те байқаған-ды. Шет жақтағы қазыққа байланған қос аттың түрi-түсi бөлек.
Жақындап келгенде, олардың жылы жабуланып қойылғанына қарап, бiраз жерден тер төгiп жеткенiн
анық бiлдi. Әрi борбайы созылып, қатты қиналған қос аттың тұқымы басқа екен. Жәнiбек бұ кiм екен
деп таңғалып, үй қасына кеп, аттан түсе бергенiнде, iштен малай жiгiт шығып:
— Жәке‚ Ақмешiттен арнайы шабар келдi, — дедi.
Жәнiбек мән-жайды бiрден-ақ түсiне қойды. Iштей ендi елдiң бұланталай шаруасына араласпай-ақ
қойсам деп жүрген-дi. Мiне, тағы да бiр қиын бұралаң тұста сарқырай аққан ұлы сел мұны өз ағысына
iлестiрiп әкеткендей ыңғай көрсетiп тұр.
Өзiнiң шарасыздығын сезген Жәнiбек iшке батыл кiрдi...
Екiншi дәптер
1
Ұлы Сырдың сiресе қатқан мұзының көбесi сөгiлмей тұрғанда өз ауылын Қырға көшiрiп үлгерген
Ережеп бүгiн таң азаннан ертелете тұрып, бiр тостаған шұбатты сiмiре салды да, асығыс атқа қонды.
Қасына қашанғы дағдысына басып, қосшы етiп Қалмырзаны ерттi. Ол оған кiсi екен деп жөндеп те
қарап жатпастан, атына мiнiсiмен, жануарды сипай қамшылай отырып, осыдан бiрер апта бұрын
жауған қарға әлден түсiп үлгерген iзбен Қазалыны бетке алып тартып кеттi. Жолшыбай өз-өзiмен боп,
сонау белден жаңа көтерiлiп келе жатқан күндi сол қапталына ұстай отырып, терiскейдi бетке ұстап,
арлаған қалпы тарта бердi. Таңғы ауада беттi қаритын аяз бар. Лезде-ақ оның мұртының шалғысы ақ
қырауланып шыға келдi. Астындағы атының төгiлген жалы мен жылтыраған түгi де ақ қырауланып
қалғандықтан, көп ұзамай бұның көзiне күмiспен күптеген әлдеқандай сиқырлы жiптердiң
шашағындай боп көрiнiп кеттi. Ол соған, мына далиып енжар жатқан далаға ау-тауық көз тастап
қойып, өзiн мазалап жүрген әр жайды ойлап келе жатты. Сол арада оның есiне ескi бiр қара қотыр