71
тартқан жарадай боп кеткен баяғы бiр нәрсе қайта-қайта түсе бердi. Мiне, оған да бiраз заман боп
қалды. Алғашқыда ата жауындай боп көрiнген кiсiлер бүгiндерi мұның абызында жүр. Мына бiр тоға,
артық-ауыс сөзге жоқ, қайратты жiгiт те көптен берi мұның ашса алақанында, жұмса жұдырығында
боп, бұған қал-палсыз қызмет етуден еш танар емес. Өзi сырын сыртына шашпай, баяғыда мұның өзiн
басынып берген азабын ұмытып кеткен түр көрсеткенсидi. Дегенмен де кейде аздап сыр алдырып
қоятыны бар. Ана бiр жолы бiр әңгiме-дүкен үстiнде Ережеп оның iштей өзiн-өзi жеп жүрген бiр жәйтi
барлығын сөз iләмiнен аңлап та қалған. Ендi соны ойлай келе, оның амалының жоқтығынан мұның
қарашысы боп жүргендiгiн анық бiлiп, Ережеп iшiнен: “Бұ мал дегендi қойсайшы! Оның кiсiге осы...
iстетпейтiнi жоқ. Егерде қора-қора түйесi, мыңғырған малы болса, бұ жiгiт маған өмiрi илiге ме? Қайта
қайыра шапқан бурадай өзiме кеп ауыз салмай ма? Ендi мiне, басқа лажы жоқтықтан, менiң қасыма
ерiп, емпеңдеп жүргенi”, — деп дүнияның құдiретiне шыныменен қайран қалды. Шынында да, малың
болмаса, сен осы кiмге керексiң? Ондай атты заман басыңа туа қалса, онда жақын-жуық, сыйлас
ағайын-туған түгел, күнде өтiрiк құйқылжып, күле қылымсып қойныңда жатқан битбалақ қатыныңа
дейiн сенi сыйлаудан қалады. Соны ойлаған сайын мұның бұрындары ашық алақаны ерiксiз өз-өзiнен
жұмыла түсетiн бiр әдет тауып алды, ендi бұл келiм-кетiм кiсiнi онша көзге iле бермейтiн бiр мiнез
шығарды. Сол екен, бұрындары мұның аулына кеп қона-түстене жатып алатындардың саны сиредi.
Соның себебiнен, ретсiз шығын азайып, мырзаның тiрнектеп жиған малының басы жыл санап өсiп
келедi. Оған қоса Ережеп соңғы жылдары Дадабек сарттың ашықауыздығын пайдаланып, Мiрәлiнi
қоптырта мақтап-мақтап, дiттеген жерiне көземелдеп жұмсап қойып, қолдағы жылқысын түгелге жуық
асылдандырып алған-ды. Сол кезде-ақ бұл терiскейден түнерiп, түрi-түсi бөтен бiр заманның келе
жатқанын байқап, соның соңы әлдеқалай болады деп, алды-артына қарауыл қойып қараған-ды. Ендi
өзiнiң осы ұстаған жолының дұрыс екенiн байқап, соңғы кездерi бұрынғы iш бұқпалығын тастап, түгiн
сыртына шығарып, талайларға доқ көрсетiп, ашық қимылдап та жүр. Мұның сонысын ескерсе керек,
кешелерi Қазалы фортында әбден бекiнiп алған Захваткин бұған арнайы кiсi жiберiп, мұны, неге екенi
белгiсiз, фортқа келiп кетсе екен деп тiлек айтып, шақыртқан едi. Мырзаның бүгiн ертелете тұрып,
iшiнен: “Ұлықтың мұнысы нес екен! Әлде қолайсыздау бiрдеме болып қалды ма?”— деп өз-өзiне ау-
тауық сұрап қойып, соған келе жатқан бетi осы.
Ол Қалмырза екеуi араға бiр қонып, екiншi күнi күн бата бере Қазалының кезiне кеп құлады. Сол
арада қысқы күн тез еңкейiп, алашабыр қар басқан жазық дала тез арада кеугiм тартып сала бердi.
Әлден-ақ қараңғылық үйiрiлiп, алда созылып жатқан жол көзден көмескiлене бастады. Ережеп бiр
арада атын жаяу аяңға көшiрiп, жан-жағына бажайлап көз тастап қойды. Әнеки, сонау далиып жатқан
даланың батыс жағында Қазалы фортының сұлбасы қарауытып көрiнiп тұр. Оның iшiнде әр жер-әр
жерден жағылған оттың жалыны көзге шалынады. Ережеп соған бiр-екi рет қарап қойып, әлденеге
кеуiлi ауыр тартып, атын қинамай, жәй аяңмен келе жатып: “Ана сақалы қауғадай сары орыстың
сылдыраған қара шәйiн сораптағанша, одан да мына жатақ қаракесектердiң қақпыш балығын жегенiм
жақсы емес пе?” — деп бiр рет ойлап қойды. Ақыры ол осы ойына бекiнiп, сыртын жуан бөренемен
қоршап, қамал жасап қойған жерге бiрден салып ұрып баруды қолай көрмей, Сырдың жағасындағы
жатақ Қаракесектердiң ауылына кеп аттан түстi. Ол етi қызып келген, қырау басқан танауынан ыссы
демi бұрқырай шығып тұрған атының тiзгiнiн осы кезде атынан түсе сап, бұған жақындай берген
Қалмырзаға ұстата сап, саптамалы былғары етiгiмен кешкi аяздан сiресе бастаған қатты қарды
сықырлата басып, iшiнен кiмнiң келгенiн бiлсiн деген оймен, бiр-екi рет өтiрiк қақырынып қойып:
— Ассалаумәләйкүм, құдайы қонақпыз, — деп, iшке қалың киiмдi бойымен қорбаңдаған қалпы
кiре бердi.
Iшке мұнымен бiрге сырттан бiр қора аяз буы бұрқырай лап қойды. Қоржын тамның екiншi
жағынан бiр үлкен кiсiнiң:
— Бұ кiм өзi екi кештiң арасында құдайы қонақпыз деп жүрген? — деген жақтырмаған даусы
шықты.
— Өзiмiз, — дедi Ережеп оның сөзiн естiмегенсiп.
— Өзiң кiм? — Әлгi кiсi iштегi жылудан сейiлiп, тарала бастаған ақ будың әр жағынан бұған тесiле
қарады. Сосын мұны лез танып: — Ә, өзiңсiң бе? Кел, кел. Кәне, былай қарай төрлет, — деп бұған
жылы қабақ көрсетiп, тез арада жалпылдады да қалды.
Бұл сол күнi Қаракесектердiң аулында қонып қалды. Биыл ораза айы көктемнiң басына тура
келген-дi. Өзi онша дiндәр емес бұл дiн исламның жоралығысын онша ықтияттап ұстай бермейтiн.
Бүгiн ауыз ашарға дәл келген ол басына қазақи тақия киген, мұртын сопыларша ұқыппен қырқып
қойған, алпыстарды алқымдап қалған кiсiнiң көзiнше өзiнiң аузын ашық деуге ұялды. Сосын
маңғазданған қалпын бұзбастан, жаңа ғана песiн намазын оқып боп, аузын ендi аша бастаған ақсақалға
қарап:
— Жарықтық, дiн жоралғысын берiк ұстағанға не жетсiн, — дедi. Сосын аздап қабағын шытты. —
Тек ояғын ұстау... мына ел арқасында жүрген азаматтарға жүдә қиын екен. Шаруабасты болғасын, ерте
тұрып, кеш жатасың дегендей. Кейде ұзақ жолдан қатты шаршайсың. Сондайда оразаның шартын
толық ұстау... өзi... былай... қиындау...
— Неге? — дедi дiндәр шал бұған нұры тая бастаған екi көзiн сығырайта қадап. Өзiнiң тоза
бастаған өңiнде бiр жымысқы күлкi табы бар. — Бұл ораза деген мұсылманның бес парызының бiрi
емес пе? Осы қасиеттi рамазан айында “Құранның” алғашқы сүрелерi Мұхаммәд пайғамбарға түсе
бастаған...
— Өй, оны бiлем ғой, — деп Ережеп өтiрiк күлдi. — Тек мына...
— Бұ йерде анау-мынау, мәнтәй-шәнтәй деген болмайды. Муһмин болған кiсiнiң ораза ұстағаны
жайыз. Оның сауабы шаш етектен. Бұл өзi... ана Ибраһим халилуллах заманынан бермен келе жатқан
нәсте ғой. Ибраһим пайғамбардың құдайдың жолына берiлгенi сонша, Аллатағаладан құрбан шал
деген әмiр келгесiн, қазiретi о кiсi өзiнiң iштен шыққан ұлы Исмайылды құрбандыққа шалуға белiн