Стр. 73 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

72
бекем буыпты дейдi. Сол арада бәндәсiнiң кеуiлiнiң шындығын, ақтығын көрген жаратқан жаббар ием
Исмаиыл пайғамбарға Жәбiрәйiл перiштенi жұмсап, оған адам орнына құрбандыққа қойды шалсын деп
пәрмән етiптi. Мiне, содан бермен қарай құрбан айтта қой шалынатын болған...
Ережеп оның сөзiнiң әр жағын тыңдамады. ”Мынау Жәнiбектiң нақ өзi ғой. Өзiн сол... оқытып
қойғаннан сау ма?” — деп iштей ыңылдап отырып, басқа бiр жәйттi ойлап кеттi. Анада қыстың көзi
қырауда Жәнiбектiң Ақмешiт жағына барып қайтқан сапары туралы ойлады. Мұның байқауынша,
Якуббек бұдан қазақтардан қол құра деп өтiнген сияқты. Бiрақ Жәнiбек Ақмешiттен келген бойда
Қызылдағы қыстауында тұяқ серiппей жатып алды. Содан iштеп кiп алған бұл оның аулына бiрнеше
рет жансыз жiберiп, оның аңысын аңдайын деп едi, бiрақ Жәнiбек сыр алдырмады. Ол осылайша
бөрiқұрсақтанып, оңаша жатып ап тұйықтала түскен сайын, мұның дегбiрi қаша бердi. Тағы да, мiне,
сол жайды ойлап ұзақ отырып қалды.
Тамақ iшiп болғасын, бiр сапар кесе шұбатты iшiне құлата сап, Ережеп сыртқа шықты. Сосын
саптамалы етiгiнiң қалың табынымен қасат боп қалған қарды сықырлата басып, көң исi шығып тұрған
бопыр қораның ық жағына барып, жеңiл дәрет сындырды да, әлдеқандай ажарсыз сұрғылт бұлт торлап
алған аспанға көз салып, аз-кем тұрып қалды. Содан соң жылы үйден шыққан бойы аздап
тоңазығандай болғасын, аяғын тездете басып iшке кiрдi. Сол арада тақыр бас қара бала ұстап тұрған
легенге қарай еңкейiп, құманның иiр мойын шүмегiнен аққан жылы суға қолын шая сап, ол ұсынған
сүлгiге қолын сүрттi де, оны керi бере сап, салынып қойылған төсекке қарай беттедi. Оған жақын кеп,
белi күтiрлей отырды да, аяғын созып, етiгiн Қалмырзаға тарттырды. Сосын шешкен екi етiгiнiң
қонышының iшiне шуаш сасыған шұлғауын ұмарлап-жұмарлаған күйi тыға салды да, оны iргеге қарай
лақтырып тастады. Iзiнше бешпентiн шешiп, бас жағына жастады да, түйе жүн жеңiл көрпенi кеудесiне
дейiн тартып, “Иә, Алла, өзi жар бола гөр!” — деп‚ жатып қалды.
Ертесiне құлқын сәрiден тұрып, астындағы атының май бүлкiлiне салып, Қазалы қамалына кiре
бердi. Захваткин мұны асыға күтiп отыр екен. Амандық-саулықтан соң, ол бiрден шаруаға көштi. Ол
мұртының шалғысы едiрейiп тұрып:
— Мырза, жақын арада үлкен жаңалық болады. Ұлы Ресей патшасы өзiнiң Орта Азиядағы
жерлерiн кеңейтетiн уақыт та туады. Сондықтан, — деп, бұған сынай қарады.
Ережеп оның көк көзiнен қаймығатын. Әсiресе, шақырая қарағанда қарашығынан саулап шығып
жататын әлдеқандай салқын сәуленi сезсе болды, тұла бойы түршiгiп сала беретiн. Осы жолы да ол дiр
ете түстi. Бiрақ сыр бермей үндемедi.
Захваткин орнынан түрегеп, тертедей сирағын көстеңдете жүрiп:
— Солай, мырза, — дедi. Оң қолының сұқ саусағын шошайтты. — Жақын арада Ақмешiт қамалын
басып алуға тиiспiз. Осы арада сiз бiзге өз көмегiңiздi аямайсыз ғой деймiн.
— Әрине. — Ережеп басын иiп, оң қолын кеудесiне қойды.
— Ол үшiн... бiзге бiраз мал керек боп тұр. Зеңбiрек сүйрететiн түйе табу қажет. Соған... — Ол
даусын созып, ойланып қалды. — Генерал-губернатор мырза сiздi қолай көрiп отыр.
— Онда... не сөз бар. — Ережеп оның өтiрiк айтып отырғанын бiлiп ыңғайсызданды. “Перауски
менi қайдан бiлсiн?”
— Сондықтан бiз сiздiң қасыңызға бiраз атты казак беремiз. Ел аралап, түйе жинайсыз. Жер аяғы
жылысымен бiздер Ақмешiтке қарай аттанамыз. Кәне, соған тездетiп кiрiсiңiз, — деп ендi ол бұйыра
сөйледi.
Ережеп iштей аздап қитығып қалса да, сыр бермедi. Басын иiп, сыртқа шықты. Содан берi ол
қасына елу шақты атты казакты ертiп, ел-елдi аралап, түйе жинап жүр. Өткен жұмада ол Дүзбай
ауылына барып, сасық байды қорқытып, елу шақты қызыл қоспағын алған. Ендi бүгiн ол Қызылдың
iшiнде отырған Қалдыбай ауылына қарай келе жатыр. Қасына ерген атты казактары бұған мәтiби.
Қонған-түскен ауылдарында баса-көктеп, өрiстен құлаған малдың iшiнен семiз қойды ұстап алады да,
басын қылышпен бiр қағып тастап, оның етiн отқа қақтап, кәуәп қып жейдi. Сондайда Ережеп ауыл
кiсiлерiнiң өзiн атарға оғы жоғын анық байқайды. Ондайда: “Ойбай, менiң түк жазығым жоқ. Амалым
жоқтықтан ерiп жүрмiн. Ақ патшаның құрығы ұзын ғой. Бас тартсам, ертең сорымды қайната ма деп
қорқам. Мына жындыларға бiрдеңе деп болмайды. Басқа түскен баспақшы деген. Үндемей
құтылыңдар”, — деп зар илейдi. Сосын осы қулығына аңқ ете қалған аңқау кiсiлердi көрiп, iшiнен
мазақ қып күледi. Бүгiн ол Малдыбайды сазға отырғызуға анық бел байлады. Ақкербездi уысына
түсiре алмағанынан берi бұл шалды иттiң етiнен жек көредi. Оған: “Ә, бәлем”‚ — деп көптен берi тiсiн
басып-ақ жүр. Соның орайы ендi келген сықылды.
Мылтықтары шошайған, қылыштары санын сабалаған атты казактар сау ете түскенде, Қызылдың
бiр жықпылында отырған Малдыбай ауылы абыр-сабыр болды да қалды. Қатындар бажылдап, балалар
жылап, иттер әупiлдесе үрiп, тып-тиыш отырған ауыл дем арасында әбiгерге түстi де қалды. Атты
казактар салған жерден екi бөлiне шауып, Малдыбай ауылын қоршап алды. Бiр кiсiнi шашау
шығартпады. Қалдыбайдың алты ұлы бұ жолы тырп ете алмады. Ережеп атының тiзгiнiн Қалмырзаға
ұстата сап, ақ отауға асықпай кiрдi. Малдыбай ызадан жарылардай боп отыр екен. Қызыл бетi одан
сайын қызара түсiптi. Ол бiрден бұған қарап:
— Әй, Ережеп, тапа тал түсте ауылыма әскер құлатып, бұ қай басынғаның? — дедi қалш-қалш етiп.
Оның қатты ашуланғаны сонша, даусы шықпай, шiңк-шiңк еттi.
Ережеп етiгiн шешпестен төрге барып отырды да, шалға сынай қарап:
— Мәке‚ талай рет есемiз кетiп жатса да‚ осы бiз үндемеймiз ғой. Соншама бұ нағылған ашу? —
дедi.
— Ау‚ ендi ашуланбай кәйтейiн? Атты қазақтарың болса ойына не келгенiн iстеп жатыр. Одан да
керегiңдi айтпайсың ба‚ құтылайық. — Шал ендi жуасыған ырай бiлдiрдi.
— Е‚ мiне‚ жаңа ғана жөнге келдiңiз. Баяғыдан берi сүйтпейсiз бе? — Ережеп зәрлене жымиды. —
Сiз немене менi қара басымның қамы үшiн етегi елпi‚ жеңi желпi боп жүр дейсiз бе? Мен ана ақ