Стр. 74 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

73
патшаның әмiрiн орындап жүрмiн. Ұзын сөздiң қысқасы‚ оның әскерiне мiнетiн көлiк керек. Кешелерi
соған орай тiзiм жасап‚ соған сiздi қосты. Сол бойынша... сiз... он түйе‚ жиырма жылқы бересiз.
— Е‚ неге?! — деп Малдыбай бiреу етiне бiз сұғып алғандай ыршып түстi.
— Оның iж негесi жоқ. Ақ патшаның жарлығына қарсы болсаңыз‚ мына атты казактар кәзiр сiздi
жерсiбiрге айдап әкетедi‚ — деп ендi Ережеп түсiн суытып‚ оны қорқыта сөйледi.
Өмiрi жерсiбiр дегендi естiп көрмеген Малдыбай табан астында не дерiн бiлмей‚ тiлi қырқылып‚
састы да қалды. Содан соң құп-қу боп кеткен бетiн добалдай қолымен бiр сипап қойып‚ жан-жағына
бiреуден көмек сұрағандай жалтақ-жалтақ қарап:
— Ойбай-ау, бұның қу тақырға отыр дегенiң ғой. Сонша малды қайдан табам? Менiң бiр асып-
тасып жатқан дәулетiм бардай-ақ, — дедi.
— Мәке, табыңыз. Болмаса, мына сандаттарға сiздi көнбей отыр дейiм. — Ережеп ендi мiзбақпай
отырып алды.
Мадыбай қатты састы. Демде қыртыстанған маңдайынан қара тер бұрқ ете түстi. Түрнi қап-қара
боп кеткен ол сұйық, селдiр сақалын жұлып алатын кiсiше жұлқа сипалап отырып, добалдай қолы дiр-
дiр етiп:
— Опырмай, ә, мынадай да болады екен-ау. Ендi кәйттiм? — дедi.
— Кәйтетiн iждемесi жоқ. Болыңыз, ақсақал. Асығыспыз.
Сонда оның ортаншы ұлы бұған атып жiберердей боп қадалып тұрып:
— Көке, осының-ақ айтқаны-ақ болсын. Кеше сарттың сойылын соғып семiрiп бiтiп едi. Ендi ақ
патшаның алдын алып, жылы қанға тұмсығын малайын деген ғой. Алсын сұрағанын. Мың асқанға бiр
тосқан деген. Мұның да маңдайы тасқа тиер кез болар, — дедi. Оның даусы шаңқ-шаңқ ете қалды.
Малдыбай қолын бiр-ақ сiлтедi:
— Сұрағанын алдына салып берiңдер. — Ол ендi бұған ыңғай бермей, терiс қарап қисайып жатып
алды.
Ережеп тез арада сұраған малын алдына сап, керi қайтты. Малдыбайдың ауылында қонуға түнде
көкжал ұлдары бiр пәле жасар деп қауiптендi. Неде болса, осы ауылдан аулақ бiр жерге қонғанды
мақұл көрдi. Ол екi өркешi баладай түйелердi тайрақтата қуалай отырып, Қуаңнан өтiп, Көсенiң
бойына кеп құлады. Сол арада көп қорымның жанында түнеп шыққанды мақұл көрдi. Ұзақ жүрiстен
шаршаған атты казактар боқтаса жүрiп, сексеуiлдi сындырып, лаулатып от жақты. Барлығы дабырласа
сөйлесе жүрiп, семiз қойдың бұзылмаған етiн қақтап жедi. Ережеп бойы ауырлап, тамаққа тәбетi
шаппай, атының ерiн басына жастанып, қисая кеттi. Басындағы тымағының бауын байлап алды. Үстiне
киген қасқыр iшiгiнiң етегiн қымтанып, бiр қырындап жатты. Өлiара кезi болғасын ба, дала тастай
қараңғы. Сонау аспан төрiнен сирек-сирек жылтыраған жұлдыздар көзге емiс-емiс шалынады. Ауа
бұлыңғыр. Лаулаған от маңында үңiреңдеп жүрген кiсiлердiң түрлерi суық. Кейде қойдың сан етiн
тiстерiмен жұлып жеп жатқанда, бәрi де аш қасқырларға ұқсап кетедi. Солардың ортасында мұның
жүргенi де қызық. Кейiн жұртқа iстеген қиянатын мыналардың өзiне етпесiне кiм кепiл? Дүние кезек
деген емес пе? Ол тiксiнiп қап, көзiн оттан тайдырып әкеттi. Сосын анадай жерде қарауытып тұрған
Жабағы байдың күмбезiне қарады. Оны осы Шөмекей елi, әсiресе, Алты Аспанның баласы қыдыр
көрген Жабағы деп ауыздарынан суы құрып айтып жатады. Өзiн сақи болған деп жұрттың бәрi
мақтайды. Мұның әкесi Келман да iргелi байлардың бiрi едi. Бiрақ мырза, жомарт аты кейiнге
қалмады. Жабағының атынан даңқын асырам деп талай рет тырысса да, өмiрi тасы өрге бiр домаламай-
ақ қойды. Оның есесiне әкесi Хиуа бектерiмен тамыр-таныс боп, соларға арқа сүйей отырып, билiктi
уысынан шығармай қойды. Ендi, мiне, өзi де соның жолын қуып жүр. Ақ патша сәтi түсiп орам ала
қойса, мұның Қазалы төңiрегiне әкiм болатыны анық. Сосын Жәнiбектiң белiн мықтап бiр сындырмақ.
Ол неше түрлi ойдың басын шатып жатып, бiр кездерi талмаусырап барып ұйықтап кеттi. Содан
таңғы салқыннан денесi тоңазып барып бiр-ақ оянды. Дереу басын көтерiп, маңайына қараса, iшiгiнiң
етек-жеңiне ақ қырау тұрып қалыпты. Анадай жердегi түнде жайнап жатқан шоқ сөнiп, қара көмiр
бола бастапты. Ендi ұйқыдан маза қашқанын бiлiп, ол орнынан тұрды. Атты казактарды да тез оятып,
қайтадан жолға шықты.
Олар Сырдан өткеннен кейiн асықпай жүрдi. Басықара түбiнде Ережеп Қазалыдан келе жатқан
Елмырзамен ұшырасып қалды. Төренiң екi бетi манаурап, сырын сыртына шашпай тұр. Бiрақ кеуiлдi
екенi байқалады. Қысқаша аман-саулықтан соң Ережеп:
— Елеке, сапар оң болсын, — дедi.
— Әләй болсын. — Ол қамшысын екi бүктеп ұстап тұрып, ақырын езу тартты. — Мына
Шөмекейлерге бара жатыр ем.
— Жәйшә ма?
— Жәй, бiр болмашы шаруа. — Ол қабағын шытқан болды.
— Е, дұрыс екен. — Ережеп қулана күлдi. Төренiң ең үлкен шаруасын болмашы бiрдеме дей
салатын мiнезiн баяғыдан бiлетiн. Iшiнен: “О не болды?” — деп ойланып қалды.
— Ал‚ жақсы, — дедi Елмырза атын тебiнiп берiп.
— Жақсы. — Ережеп те атын тебiндi. Жолда келе жатып мына төренiң iшiн ашпаған жайын
ойлады. Шамасы мұнда бiр кәкiр бар деп түйдi. О не сонда? Соңғы кездерi Хиуа ханынан әбден қол
үзгесiн, Елмырза орыс жағын жағалай бастады. Шамасы, ол да ақ патшаның iшке қарай сұғына түсер
ыңғайын байқайтын сияқты. Ендi солқылдағанды қойып, ақ патша жағына мұғайым шыққанын ел-
жұртқа анық көрсетiп те жүр. Ол кешегi Қайып ханның кезiнде бiр әккi былқылдақтығына басып, жел
қайдан тұрса, соның ыңғайына қарай жығылып, екi жаққа бiрдей жақпақ та болып едi. Ендi ол
қулығының күнi бiткенiн бiлiп, неде болса деп, бiр жолға белiн бекем түйгенге ұқсайды. Ережеп сол
арада iшiн әлдеқандай бiр қызғаныштың жайлап бара жатқанын байқады. О не сонда? Әлде бағы асып
кете ме? Болмаса ақ патшаның ықыласы жұрттың бәрiне жете бермей ме? Екi етегi елпi, жеңi желпi
болып жүргенде, ертеңдерi әлден-ақ орыстың ұлығына жаға бастаған мына қу төренiң екi жеп биге