74
шығып кетпесiне кiм кепiл? Сүйте қалса, қызықтың көкесi сонда болады. Е, дегендей, деп iштей
күбiрлей сөйлеп, Ережеп iлгерi қарай тарта бердi.
Қазалыға келгесiн, жиналған малдың шет-жағасын Захваткинге көрсеттi. Жақын маңдағы
қазақтарды жалдап, бұл қолға түскен түйелердi бақтырып қойған-ды. Ақысына тоқты-торым берем
деген. Шыр етiп анадан туғалы мал бiтiп көрмеген сорлылар сол үшiн өлiмiн салып-ақ жүр. Оның
үстiне, Ережеп мал қолды болып кетпесiн деп, Захваткинге айтып, атты казактардан мықты күзет
қойдырған. Кәзiрдiң өзiнде мыңға тарта сирақты қара нар жиналып қалған екен. Захваткин оларды
көре сала, қабағын кiржитiп тұрып:
— Бұл әлi де аз, — дедi.
— Тақсыр, бұдан артық жинау деген... — Ережеп оған бiр түрлi боп қарады.
— Әлi аз. Тағы да жинау керек. Сiздiң бұл еңбегiңiздi ақ патша ұмытпайды.
“Осы ақ патша деп-ақ өлетiн болдым-ау”, — деп, Ережеп iштей жиырылды. Тағы да жақын
маңдағы Шөмекейлерге тiзе батырса, олардың мұны күндердiң күнiнде аямасы анық. Қолды бiр сiлтеп
кете берейiн десе, Жәнiбектiң алдында мат болғысы келмейдi. Кетпейiн десе‚ – көрген күнi мынау.
Сөйтiп аңдауызда қолайсыз бiр екi оттың ортасына түскенiн өзi кейiнгi кездерi бiлiп жүр. Соны ойлап
тұрып‚ бұ жолы сыр бермей:
— Айтқаныңыз болсын, тақсыр, — дедi.
Ертеңiне ол Кiшкене Шектiден тарайтын төрт Қоңырдың ауылдарын аралауға шықты. Осы
ауылдарда Тоғанаққа деген қызғаныш бар екенiн бұл бiлетiн. Батырдың абырайы асқан сайын,
Кiшкененiң балалары томсырып, тобықтан қағар ыңғай көрсетiп-ақ жүр. Ережеп соны осы жолы
анықтай түсейiн деп ойлады. Кiм бiлiптi, бiр кезде айтқанын қайт қылған Тоғанақ батырмен де
ищаласып қалатын күн де туар. Сондайда... Ол күлiмсiреп қойды.
2
Елмырза былай шыға бере, соңына бiр бұрылып қарап:
— Мынауың нағыз ақымақ қой, — дедi.
— Не, не? — дедi Шатай дыбдырлай сөйлеп.
— Жәй, әшейiн. — Төре атқосшысының сұрағын ұнатпай қалды. Лезде қабағын шытып, түрi
сұрлана түскен қалпы белi мықты, ұзақ жүрiске шыдамды атын сауырынан сипай қамшылап, iлгерi
жүре бердi.
Шатай қайта сұрауға батпай, төремен атын қатарластырудың ретсiз екенiн бiлiп, қамшы бойы
кейiнде келе жатты. Ол бiр арада қарсы алдынан соққан салқын желден көзiн қыса түсiп, iшiгiнiң
өңiрiн қымтап қойды.
Елмырза анада Хиуадан келгелi орыс жағына шыққанын анық көрсетiп, ұрымтал тұста iске белсене
кiрiсiп кетiп жүр. Мұхаммед-Инақтың өзiне сенбей, тар қапасқа қаматқаны әлге дейiн есiнен шығар
емес. Өмiрi зындан дегендi естiгенi болмаса, көзiмен көрмеген басы сол жолы қатты қысылған. Бүткiл
дүние тарылып, етек-жеңi жиылып сала бергендей болған. Сасық ауаны жеркене жұтып, құсқысы кеп,
жаны көзiне көрiнген. Содан аман-есен құтылып шыққан бойда-ақ ол ендi Хиуа бектерiне
жоламайтынын, олардың алдағы жайды ойламай, иек астындағы болмашы шаруаны күйттеп, ұсақ
тiршiлiктiң шылауында кетiп жүргенiн анық аңғарған. Тәшкенттегi Баймырза iнiсi де анада бiр сөздiң
кележағында осы турасында бiр әңгiме айтқан. Бiрақ бұл осы iнiсiнiң iстеп жүрген қылуасын онша
түсiне бермейдi. Оның Ташкенттiң құшбегiсiне қызметке кiргелi сөзiнiң тиянағы азайып сала бердi. Бiр
сөзге тоқтау деген жоқ. Замат сайын айнып, бiрде бие, бiрде түйе боп отырғаны. Апырау, ер жiгiт
дегеннiң бiр сөзге ат басын тiреп, дәйектi болатын кезi осы кез емес пе? Әлде бұл алдағы жолын толық
аңғармаған кiсiнiң былқ-сылқ етiп, өзiн де, өзгенi де әуреге салар кiдi мiнезi ме? Қалай десең де соңғы
кездерi Елмырзаның сол iнiсiне қарны ашып жүр. Бұхара әмiрi мен Қоқан ханының еш ымыраға
келмейтiнiн бұл баяғыда-ақ аңдаған. Мұхаммед-Инақтың да мынадай аласат кезде бiр жағадан бас, бiр
жеңнен қол шығарсақ деп, бәтуаға келе қояр түрi көрiнбейдi. Анада Хиуада қаптап жүрген ағылшын
жансыздарын көрiп, ханның әлден-ақ қорқып, саса бастаған қалпын байқаған едi. Бiрақта алыста
жатқан жырақ ел мұсылман қауымының қамын қайдан ойлай қойсын деген. Қайта оның да өз есебi,
көкейiн тесiп жатқан бiрдеңесi бар шығар. Болмаса жер түбiндегi Түркiстанда ағылшындар не iздеп
жүр дейсiң? Әлде орыс патшасымен арада қыжылдары бар ма? Шамасы, солай-ау.
Елмырза қасында салпақтап келе жатқан Шатайға кiсi екен деп назар да аудармады. Өзiнiң осы
сапарының жайына бiр рет көз жiберiп қарады. Бұл кешелерi Захваткинге кеп, Ақмешiтке жасалғалы
жатқан жорық жайын сұраған. Шым-шымдап сұрай отырып, орыс ұлығынан бiраз сырды аңдаған. Сол
арада ол мына бiр қолайлы сәттi пайдаланып қалайын деп, сөз арасында оған: “Тақсыр,
қоқандықтардың қазақтарға тiзесi қатты батты. Қазақтар олармен талай рет соғысты, бiрақ әлi жетпедi.
Мынадай кезде қазақтар тегiс атқа мiнедi”, — деген. — “Сонда... қалай?” — Захваткин сенбей, бұған
күдiктене қараған. — “Оның iж қалайы жоқ. Қазақтардың қоқандықтарды атарға оғы жоқ. Осы арада”,
— деп ол мысықтабандап отырып, өзiнiң Шөмекей мен Кете, Жетiру тайпаларының жақсы-жақсы
кiсiлерiне сөз салып, дербес қол құрасам деген ойын мақұлдатып алған-ды. Соның талабымен елге
шығып келе жатқан бетi осы.
Елмырза Басықара, Көбектiң үстiн басып өтiп, астындағы атын көп қинамай, Сырдың Ақсуат
түбiндегi бұралаң тұсына жақын отырған Қошқаралылардың бiр ауылына кеп қонды. Қонып отырып,
өзiнiң ойын отағасыға баспалап жеткiзiп едi‚ Қошқаралының сасық байы:
— Ояғын қайдам... Соғыс деген пәлең өзi... — дедi мыңқылдап.
— Ендi үйтпесе... болмайды ғой. Қашанғы қоқандықтардың табанында езiле беремiз. Одан да...
— Ол дұрыс қой. Бiрақ... доб атылып жатқан жерде... өлiм-жiтiм деген...