75
— Ертеңдi-кеш келетiн бiр өлiм ғой. Қайта мұндайда шейiт болғандар бiрден жұмаққа барады, —
деп, Елмырза көтерiле сөйлеп, жасында моллалардан естiген үлкен бiр әңгiменi бастап та жiбердi. Ол
дiни әңгiменi жақсы бiлетiн. Һиджаз жұртындағы не бiр қызық-қызық уақиғаларды тiлдiң майын
тамыза айтатұғын. Осы жолы да бұл бiраз сiлтеп бақты. Малдан басқаны бiлмейтiн Қошқаралы
байының аузы ашылды да қалды. Елмырза Мұхаммед пайғамбардың Мәккәдан Мәдинаға қалай ауа
көшкенiн, кейiннен қалай соғысқанын ұзақ-сонар жыр қылды. Қошқарлы байы әңгiмеге елiгiп, кеулi
босап, танауын қорс еткiзiп бiр тартып:
— Өй, әруағыңнан айналайын расулалла, — деп берi таман бiр ысырылып қойды.
Елмырзаның күткенi де осы едi:
— Мiне, сондай асылдар дiн үшiн шыбын жанын пида қылып жатқанда, бiздiң қарап жатқанымыз
ұят-ақ. Неде болса қол жиып, бiр шайқасып көру керек. Өзектi жанға бiр өлiм. Өрт iшiнде қамысты
сақтайды деген. — Ол ендi сыбырлай сөйледi: — Мына ақ патшаның құрығы ұзын. Якуббектiң оған
шамасы келмейдi. Бiздiкi соғысқан деген аты ғой. Болмаса қай бiр қырғынның iшiне кiрер дейсiң. Қара
көбейтiп, бiз де сүйтiп едiк деуге керек.
Елмырза ертеңiне Сырдың жағасынан онша қашық емес жерге салынған Төретамға барды. Сол
жерде бiр төренiң салған тамы болатын. Соны ел Төренiң тамы, Төретам деп кеткен. Төретамның әр
жағындағы жазықта Қаратамыр Пышан батырдың ұлы Төребай батырдың ауылы отыр екен. Iрi денелi,
қабағы түсiңкi, қасы көзiн жауып отыратын батыр қызыл сөзге жоқ едi. Елмырза оның да буын-
буынына түсе отырып, аңқау ердi бiрден көндiрдi. Төребай бұған жалт қарап:
— Олай боп жатса, мен дайынмын. Жiгiттерiме ертең хабар берем, — дедi.
— Батыр, әзiрге асықпаңыз. Қай кезде жиналатынымызды кезiнде айтам, — деп Елмырза iшiнен
сылқ-сылқ күлдi. “Батыр — аңқау, ер — көдек” деген нақ осы”‚ — деп өз iсiне өзi әбден ырза болды.
Ол содан Қосқорған маңындағы Бозғұлдардың ауылдарын аралап жүрiп, әлгi үгiтiнен бiр танбады.
Қыстаубай батырдың ауылына барған кезiнде де әккiлiгiне басы. Мың жарым үй болатын
Қарақожалардың басшысы ретiнде Қыстаубай да бұған уәде берiп қалды. Тек қалың Құлыс Кетелердiң
ауылдарына келгенде бұл аздап тiксiндi. Атақты Дәумiшар бидiң ұрпақтары болып келетiн
Қаражанның үйiнде түстенiп отырып, өз сөзiнiң оған онша өтпегенiн аңдаған. Сол арада iшке жасы
отыздардан асып қалған, басында жеңiл бөркi бар, мұртын жiңiшкелеп қойған бiр кiсi кiрдi. Қолында
киiз қапқа салған қалақтай домбырасы бар. Қаражан орнынан тұрып, оны құрметпен қарсы алды.
Төрге апарып мұның қасына отырғызды. Бұл содан-ақ тiксiне бастаған. Әлгi келген жыраудың
мұнымен шаруасы болып жатпады. Қымыз iшiп отырып, домбырасын алып, Кете, Шөмекейдiң сазды
әуенiмен терме айта бастады. Қайырылатын тұсына келгенде әлгi кiсi Қарақалпақтың бақшылары
сықылды тамақтан қиқылдатап қояды. Елмырза өлең-жыр дегендi онша ұнатпайтын. Бiрақ кәзiр қонақ
қалпын сақтап, қабағын аздап шытып, басы салбырап отыра бердi. Жырау бұған қарап жатқан жоқ,
жошып барады. Қаражан болса, делебесi қозып, ау-тауық, ара-арасында айқайлап қояды. Сол арада
iшке бiр әйел кiрдi. Ол төменгi жаққа аш сыбыссыз отырып, мұнымен аузын жыбыр еткiзiп амандасты
да, шәй құйып отырған Қаражанның бәйбiшесiнiң құлағына аузын тақап, бiрдеңе деп сыбырлады.
Анау әйел қақырадай жаулығы бар басын изеп күлiмсiредi. Жырау дем алып, шайды iшiп жатқанда,
әлгi әйел күле сөйлеп:
— Қайным, құдай айдап келе қалған екенсiң. Iздеп таба алмайтын адамсың. Ендi сыбағаңды берiп
жiберейiн, — дедi.
— Е, ондай сыбаға болса, мен дайын, — дедi жырау желпiне сөйлеп.
— Байқа, бұ жеңгемнiң аузы алты қарыс, — дедi Қаражан жымиып.
— Қанша қарыс болса да, байталдың шабар жерi белгiлi ғой, — дедi жырау қолын бiр сiлтеп.
Сол арада әлгi әйел Қаражанның iргеге сүйеулi тұрған домбырасын алып, құлағын келтiрдi де,
ұшатын құсша қомданып ап, кенет екi iшектi қағып-қағып жiберiп, домбыраны безiлдетiп тарта
жөнелдi. Ол бiр қайырып тастап, оу деп ащы айғайға басып ап, iзiнше тайпала жөнелдi. Әлгi қатын
жанынан өлең шығарады екен. Әйел салған жерде жырауға тиiсiп, байталдан тумасаң, кiмнен тудың
деп бiр қағытып өттi. Қып-қызыл боп кеткен әлгi жырау да өлеңдi қоя бердi. Дем арасында қым-қиғаш
айтыс басталды да кеттi. Басқа үйлердегi кiсiлер iлезде жиналып қалды. Сыйғанынша iшке кiрiп,
сыймағандары сырттан сығалай қарсы тұр. Елiгiп алған жұрт у-шу. Құдды бiр жын-ойнақ дерсiң.
Өлең-жырды ұнатпайтын Елмырза оларды iшiнен мазақтай отырып: “Мына Кетелерiң жынды ма,
немене өзi? Қой, бұлар қолдарына сойыл ұстап жарытпас”, — деп түйдi. Сосын ол басым ауырып отыр
дегендi сылтауратып, сыртқа шығып, басқа үйге барып ұйықтап қалды.
Ертесiне ол Қуаңның бойында отырған Бозғұл Жолайлардың ауылдарына барды. Бұлар кiлең
батыр тұқым. Жiгiттерi ат жалын тартып мiнiп, найза, шоқпарды бiр бiрiмен бәсекелесiп, жарыса
ұстайды. Және сонысын мақтаныш көрiп, кiмнiң қанжары жақсы деп, әбден таласып бiтедi. Олардың
ауылдарында иттен көп нәрсе жоқ. Сол себептi Жолайлардың ауылдарының қыздарын оятам деп еш
жiгiт дәме қылмайтын. Елмырза дорба ауыз көпек иттердi қамшысымен жасқай отырып, ажарлы қара
үйдiң қасына келiп тоқтады. Бұның Сағымбай молланың үйi екенiн бiлетiн. Жасында Хиуада оқып,
құранқари атанған Сағымбайдың беделi Жолай арасында айрықша. Өзi барып тұрған дiндәр. Шариғат
жолын бұзған кiсiге жаны қас. Елмырза оның жел жағына шықпай, қоқандықтардың мұсылмандарға
жасап отырған зорлық-зомбылығын бiр қыдыру әңгiме қылып өттi. Басына сәлде ораған, сақал-мұртын
әдемiлеп күтетiн Сағымбай басын изей түсiп:
— Ол рас, — дедi.
— Сонда дейiм-ау... мұсылман баласы неге бiр-бiрiне жау болады, а? — Елмырза таңғалған пiшiн
көрсетiп, екi алақанын жайды.
— Ол ендi... пәндә болғасын...
— Сонда да...