Стр. 77 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

76
— Қалай дегенмен ахл ул-хадис жұртының бiр-бiрiмен қырқысқаны жаман. Ылажы болса, тату
тұрған жақсы ғой.
— Ау, оған бұлар қарап жатыр ма? Оның үстiне, ақ патша да...
— Айтпақшы, ақ патша мына Қазан жақтағы татарларды шоқындырып жатыр деген не сөз? —
Сағымбай бұған үрке қарады. Оныкiкене шыныша жылтыраған қой көзiнде әлдеқандай бiр үрей бар.
— Әй, ол жұрттың алыпқашпа әңгiмесi ғой. Керiсiнше, ақ патша дiнге еркiншiлiк берiп отыр. Мен
мына Қаратай сұлтанмен бiр-екi рет жолығыстым. Сол айтады ақ патшаны қарауындағы бодан елге
кең деп. Ау, дiнiмiздi ұстап, малымызды бағып, тиыш отырсақ, бiзге одан артық не керек?
— Олай боп жатса, жақсы ғой. Бiрақ...
— Сәке да, осы бiздiң қоқандықтарға қор болғанымыз жететiн сықылды. Мұсылман деп бiздi аяп
жатқан оларды көрiп тұрған жоқпын. Одан да, — деп, ол көкейiндегi ойының ұштығын қылтитып
шығарып қойды.
Ертесiне бұл Сағымбайдың уәдесiн алып, атына мiндi. Содан Телеулердiң ауылдарына барып, бас
көтерер кiсiлерiнiң аңысын аңдап, бiраз жәйттiң басын шалды. Әңгiме-дүкен үстiнде бiр ығытын
тауып, би мен байларға бетiнiң ажарын сала отырып, ақ патшаның ығын алған мақұл деп, не бiр қырыс
мiнездiлердiң өздерiн қызыл тiлмен нiлдей бұзды. Олардың да ертең атқа мiнер күн туса, қатардан
қалыс қалып жатпасын аңдап, Елмырза ертесiне ауылына қайтты. Бiр тұсқа келгенде, Шатай атын
тебiнiп қап, жақындап кеп:
— Мынаяаққа соқпаймыз ба? — деп қамшысымен оңтүстiк батысты нұсқады.
Сол тарапта Жәнiбек ауылдарының отырғанын бұл бiлетiн. Анада оның Ақмешiтке суыт барып
қайтқанын естiген. Мұның мына жүрiсiн байқаса, ертең-ақ Ақмешiтке хабар жететiнiн аңдады. Ондай
жағдайда... соңы қиын... Ол соны ойлап тұрып, соңғы кездерi аздап әжiм түсе бастаған, терiсi жұқа
қабағын шытып тұрып::
— Өй, қойшы соны! — дедi.
Күн сол күнi құлақтанып шығып, түс әлетi өтiсiмен, сонау зеңгiрден батыс жаққа еңкейе бастаған
сәтiнде оның шарық табақша дөңгелене бiткен жиегiн қоршаған белдеу бiресе қызарып, бiресе
бозарып, әлмәһәл өзгерiп, ұзақ тұрып алды.
3
Сол жылы Сырдың мұзы ерте бұзылып, қызыл су қанасына сыймай шiрей тасып, екi жағалауға кеп
құлайтын жалпақ жазықты түгелдей алып кеттi. Әсiресе, Байқожаның бергi басындағы жазықты қызыл
су түгел басып салған. Ендi Оқшы түбiне жете бере көбесi жаңа ғана сөгiлген қалың мұз бiр-бiрiне
мiнгесе тоқтасып, тар арнадан әрi қарай жөңкiле ағып өте алмай, ұйлығысты да қалды. Арттан дүмеген
қызыл су үстiн-үстiн лықылдап, лықси жайылып, Қылышбай күзерiнiң жазығын басып та салды. Сол
екi аралықта құбыладан қызыл жел соғып, шiреген мұз бұзылып, кейiннен дүмелiп келген жойқын су
бiр сәтте бәрiн бұзып-жарып, сонау алыстағы Арал жаққа сарқырай аға жөнелдi. Содан сәуiр айының
бiр-екiсiнде-ақ, қыс бойы сiреу боп жатқан қалың мұзынан арылған жалпық Сырдың бетi айнадай
жарқырап сала бердi.
Биыл Шөмекейлер Қызылды жайлайтын ыңғай бiлдiрiп, дариядан берi, Қарақұм жағына дер
кезiнде өтпеген-дi. Бұрын Хиуа қолынан зәрелерi ұшып, күн жыли бастағаннан-ақ: “Қой, көшейiк. Мұз
бұзылмай тұрғанда маса-сонасы жоқ, малға жайлы Қырға жетiп үлгерейiк”, — деп жанығып бiтетiн ел
бұ жолы, неге екенi белгiсiз, онша асыға қоймады. Оның себебi де бар едi. Биыл ана жылғыдай қит
етсе малын талап шауып алатын Хиуаның әскерi жақын маңда жоқ. Ақ патша қазақ сахарасына аяқ
салғалы бермен Хиуа бектерiнiң тынысы тарыла бастады. Олардың өз бастарын қайттап кеткен бiр
жайы бар. Ресей әскерiнiң iшке қарай сұғына түсер ыңғайын анық байқаған Қоқан қолы да бұрынғыша
Шөмекей ауылдарын шауып, талап алатын әдетiнен тастай тыйылған. Соны бiлген Шөмекейлер биыл
Қырға көшеуге асықпады. Оның үстiне ел арасында: “Ойбай, биыл жойқын соғыс болады екен, Ақ
патша Ақмешiттiң қамалын тас-талқан қылам дептi. Бас амандығыңды осы бастан ойла”, — деген
қаңқу сөз бiраздан берi тарап та жүр едi. Қорқа-қорқа запы болып қалған жұрт әлден-ақ елеңдеп, төбе
басына атты кiсi шыға келсе, имандары ұшып, түре көше жөнелуге дайын отырған. Әбдiраман
сықылды алды-артын ойлап, ызалы жердi баспайтындар жер қарайысымен-ақ ауылдарын iшке қарай
сұғындыра көшiрiп, Боқан тауының етегiне қарай жақындай түскен-дi. Қызылдың бұл жағы малға
жайлы. Шөбi қау, жерi от. Әсiресе, жаздыкүнi Құлдың етегi сап-салқын боп тұрады. Шығыстан
батысқа қарай қиястап шөккен нардай сұлап жатқан Жалпақтаудың маңайы шаруа кiсiге таптырмайды.
Ащылық, сораңы көп бұл араға аузы бiр тиген түйе бiр ай өтпей жатып-ақ екi өркешi жас баладай
найқалып шыға келедi. Уақ жандық атаулы семiздiктен шайлап та қалады. Бұл араны жайлайтын
Аспан аталығының елдерi шетiнен бай, қоңды. Бiр жағы Бұхара, бiр жағы Тақтакөпiр, Дәуқарамен
шеттесiп жатқан елдiң қара азығы жыл бойы үзiлмейдi. Әрлi-берлi өткен құдайы жолаушылар осы
ауылдарға бiр қонып, белкөтерме жасап кетедi.
Жәнiбек анада Ақмешiтке барып қайтқан соң өзiмен-өзi болып жатып алған-ды. Көктем туысымен
ол мыңғырған малын ызғыта айдатып, Құлдың арғы бетiне өткiзiп жiберген. Өзi биыл Жалпақтауды
жайламақ болған. Айжамалдың аяғы ауырлап, әдемi жүзiне әлдеқандай бiр сызықтар түсiп, күн санап
өсiп келе жатқан шарананың барлығын бiлдiргендей аздап жүдеп сала берген. Соны да ойлап, ит
арқасы қияндағы Қырға көшудi жөн көрмеген. Оның үстiне биыл шиеленiсе-шиеленiсе кеп бiр-ақ
шешiлгелi тұрған түйiннiң ауыртпалығын да ойластырған. Анада Ақмешiтке барып, Қоқанның
ахуалын аңдады. Якуббектiң айтуына қарағанда, Тәшкент кұшбегiсiмен Хұдаяр хан тiл табысқанға
ұқсайды. Олар мынадай қиын-қыстау кезде бiр ақылға кеп, Ақ патша әскерi зеңбiректерiн сүйретiп,
бұлар жаққа келе қалар күн туса, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармақшы боп бәтуаласыпты.