Стр. 79 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

78
— Жәнiбекжан, осы паңайда сенен асқан молла жоқ. Ана Әбдiржандарды бiлем. Олардың
оқығанын қоя сал, — деп, қолын түңiле бiр сiлтедi. Сосын бойын тiктеп, бұған бiр түрлi жалынғандай
боп қарады. — Қарағым, мына жаман ағаң да бiразға кеп қалды. Өмiр бар да, қаза бар дегендей. Бала
кезде қолдың қысқалығынан қара тани алмай қалдым. Саған бiр өтiнiшiм бар.
— Е, о қандай өтiнiш? — Жәнiбек мына әңгiменiң аяғы қайда соғарын бiлмей дағдарып қалды.
— Өй, ол саған түк емес. Мына мен соңғы кездерi дiндәр бола бастадым ғой.
— Оу, о деген жақсы ғой.
— Жақсылығы сол, мен қасқа бiр ауыз дұға оқи алмайым ғой. Сосын саған келе атқаным... сен
маған... осы құлқуалладан басқа бiр дұға үйрет.
— Ендi... оны... бiрден қиын ғой. — Жәнiбек одан аяғын тарта бастады.
Тиышбек ендi оның айтқанын тыңдамады, кiсiнiң шалғайына қадалған ошағанша оған жатты да
жабысты. Ақыр болмағасын Жәнiбек ойланып отырып:
— Әуелi “әл-Құран әл-Кәрiмнiң” беташар сүресiн үйрен. “Фәтихадан” бастағаның мақұл, — дедi.
— Ойбай, сол маған жетедi. Немене менi құранқари болайын деп жүр дейсiң бе? Былай... ана
Әбдiраман сықылдылардың алдына нос көрсетейiн деп...
Жәнiбек оған “Фәтиха” сүресiн үйрете бастады. Тиышбектiң тiлi мүлдем доғал екен, араб
дыбыстарын бұзып-жарып, жөндеп айта алмай-ақ қойды. Әшейiнде сөз десе, табаны жерге тимейтiн
кiсi аяғына жем түскен аттай шоқырақтады да қалды.
— Биисмил ләһир рахманир рахим! Алхамду лилләһир раббил әләмин! Әр-рахманир рахим.
Малики йәумиддин, йәкә нағбуду уә йәка настағин, — деп Жәнiбек даусын созып, қирағатын келтiре
оқыған “Фәтиха” сүресi үйдiң iшiн бiр сиқырға орап жiбергендей болды.
Тиышбек дем арасында кеуiлi босап, мұрнын қорс еткiзiп бiр тартып қойып:
— Жарықтық, әруағыңнан айналайын, пайғамбарыма Аллатағаламның айтқан сөзi ғой, — деп бүк
түсiп отырып қалды.
Жәнiбек мына пәтуасыздың сөзiне сенiп, өзiнiң бекерден-бекер бас қатырып отырғанына ыза
болды. Сосын осы да жетер дегендей ыңғай көрсетiп, шапанының шалғайын қағып, отырған орнынан
тұра бердi. Соны байқаған Тиышбек те сыртқа шығып, белдеуде байлаулы тұрған атының қасына
барды да, оның жабуына жұғып қалған ақ балшықты қолының қырымен күреп тастады. Сосын атының
абалақ-сабалақ боп тұрған жалын сипап қойып, бас жiптi шешiп ап, атының аузына ауыздығын салды
да, сол қолымен қазақы ердiң қасынан ұстап тұрып:
— Иә, пiрлерiм, өздерiң қолдай гөрiңдер! — дедi де, көптен берi май тимей ақжем тартып кеткен
етiгiнiң сүйiр тұмсығын үзеңгiге салды. Сосын жас жiгiтше ширақ қимылдап, дем арасында лып ете
қап, ерге қонды. Сосын өз-өзiнен жырқ ете қап: — Қой, iшерiмiздi iштiк дегендей, бүгiнге осы да
жетер,— деп‚ атын кеп тебiнiп қалды.
* * *
Тиышбектiң қарасы көрiнбей кеткесiн, сыртта қора маңында бiразға дейiн қыдырыстап жүрiп алған
Жәнiбек бойы аздап тоңа бастағанын сезiп, суық тиiп қалмасын деп қауiп айлап, аяғын тездете басып
iшке кiрдi. Ол биыл қыс бойы Бұхарадан алып келген кiтаптарын ақтарып, ермек еткен. Оның үстiне
соңғы кездерi қолына қазақ шежiресi түсiп, соны жүйелеп, бiраз әуреленген. Тағы бiр ермегi —
“Құранды” түсiндiрiп жазған тәпсiр. Ол Бұхарада оқып жүргенiнде атақты төрт мазхабтың шариғатты
қалай түсiндiрiп жазғандарын оқыған едi. Араға талай жыл салып, қайтадан ақтарып қараса, бұ да бiр
жақтан қызық дүние екен. Мұхаммәд Ханафия мен әш-Шәфидiң рисалалары адам кеуiлiне қызық-
қызық ой салады. Соны оқып отырып, шариғаттың қазақ арасына келген жайын ойлап кетедi. Ислам
дiнi осы төңiрекке ертеректе кiрсе де, мешiт, мектеп ұстап отыруға дағды алмаған қазекең әлге дейiн
дiн жоралғысын берiк ұстай бермейдi. Мына әхлиислам жұртында дiннiң қаймағы бұзылмастан әлi
тұр. Олар оразасын берiк ұстап, шариғаттың жолынан аумай, тiршiлiк етiп келедi. Сол себептi болар,
қазақ арасындағы сорақы қылық, дау-жанжал оларда сирек кездеседi. Оның үстiне диханшылықты
кәсiп еткен жұрт тоқымдай жерде бiр бiрiне иiн тiресе там салып, бiр қышлақ боп, ұйлығысып тығыз
отыр. Олардың үстiне көлденең көк атты өмiрi басып кiре алмайды. Ендi сондай елге де бiр кәуiптiң
төне бастағаны-ау!
Жәнiбек алдындағы кiтаптың әдемiлеп жазылған әрiптерiне үңiлiп, ұзақ отырып қалды. Есiне араб
елi түстi. Бұл қажыға барған кезiнде араб елiнiң жағдайын өз көзiмен көрдi. Мұның байқауынша‚
Түркияға қараған мұсылман қауымының арасына iрiткi кiре бастаған сияқты. Ағылшындар мен
француздар, жалпы Фараң жұрты Шарқы жұртын басып алып, құл қылуды көздейтiн тәрiздi. Ақ
патшаның ниетi екi бастан белгiлi. Сонда бұлардың не iстеуi керек?
Жәнiбек тығырыққа тiрелгендей ұзақ отырып қалды.
4
Тиышбек Жәнiбек ауылынан ұзап шыға бере ендi қайда барсам екен деп iркiлдi. Ол басына бiр ой
шауып, дереу атының тiзгiнiн тартып, кiшкене екi көзiн қысып, сәл-пәл ойланып тұрды да, кенеттен
басына бiр ақыл сап етiп түсе қалғандай, атын сауырынан төрт өрме қамшысымен сып еткiзiп тартып
кеп қалды. Жанына таяқ батқан ат iлгерi қарай ытып кеттi. Ат үстiнде аңсыз отырған Тиышбек кенет
шалқалап кетiп, құлап қалардай болғасын, қос қолымен жалма жан ердiң қасынан ұстай алды. Ол атын
әке-бабасынан бермен қарай бiр сыбап алып, бойын шаққа дегенде түзеп, ер үстiнде оңтайланып
отырды да: