79
— Қалай десең де, жануар... өзi қазанат қой! Соның кәдiрiн бiлмей жүрген мен қасқа ғой! Мұндай
тектi мал ана сықпыр Әбдiрамандардың қолына түссе ғой, сөз жоқ, ол оны атсейiстерге баптатып,
бәйгiге қосып, қарық боп қалады, — деп, өз-өзiнен бiр көтерiлiп қалды. Сосын жүрiп келе жатқан
қалпы: — Ау, күн әлi ерте ғой. Үйге барғанда ана қарбашаның қарақұрымдай боп ұйысып қалған
қылшықтысын күзетем бе? Ол түспегiрдi осы... күн-түнi көрiп те жатқан жоқпын ба? Одан да... құдай
не берер екен, мынаяққа барып қайтсам кәйтедi,— деп, бiраз ойланып тұрып қалды.
Бұ кезде көктем бел алып, көк шығып, сайын дала көкпеңбек болған да едi. Құртқашаштар жайқала
шығып, көк гүлдерiнiң күлтесiн жая бастаған. Аракiдiк қызғалдақтар да кездесiп қалады. Тиышбек
мұрнын тыржитып, даланың жұпар ауасын ұнатпағандай аз тұрды да, басына бiр ой түсiп, атын тебiнiп
қалды. Iштей осы ақылына өзi қатты қуанып кеттi. “Әп бәлем, бiр қатырайын сенi”, — деп ендi дамыл
таппады. Астындағы атын қара тер ғып, күн ұясына қона Қызылдың бiр ойында отырған Көпжанның
ауылына жеттi. Бұл азғантай малы төлдеп, уыз iшiп, абыр-сабыр боп жатқан ауылға қоқиланып кiре
бердi. Ешкiммен жөндеп сөйлеспей, тура Көпжан ақсақалдың үйiне барып түстi. Көпжан қара сұр
жүзiн бұзбастан, мына бәтуасыздың келгенiн ескермеген кiсiдей немқұрайлы түрде:
— Қалай, ауыл-елiң аман ба? — дедi.
— Ойбай, iж айтары жоқ, — деп Тиышбек бiрден қара аспанды қапылта бастады. — Мына орыс
патшасына қызметке кiрем деп басым пәлеге қалды. Ана әкiмi түспегiр онда бар, мұнда бар деп күнде
жұмсайды да жатады. Соның айтқанын қылам деп‚ кәзiр қатын, бала-шағамның қасына қонудан
қалдым.
— Е, соншалық не көрiндi саған? — дедi Көпжан сенер-сенбесiн бiлмей.
— Ойбай, Көбеке, ояғын айтпа, — деп Тиышбек ақ патшадан кеуiлi әбден қалып бiткендей қолын
сiлкiлеп, зар илеп қоя бердi. — Мына Елмырза төре барып тұрған ит екен. Өзiне тиесiлi шаруасын
маған артады да қояды.
— Е, неге?
— Ойбай, оның негесi жоқ. — Ол көзiн бағжаң еткiздi. — Жақында Орынбор шәрiндегi
күбiрнәтiрден елден әскер жинаңдар деген пәрмен келдi. Оны ана Қазалыдағы орыс ұлығы маған
айтты. Елмырзаға басқаша тапсырма бердi. Мен өз шаруаммен жүргенде, Елмырза өзiне тапсырылған
нәстенi менiң мойныма арта салды. Ендi елден сарбаз жинап жүрмiн.
— Апырмай, ә?! — деп Көпжан әбден қайран қалды.
— Сөйтiп... ел-елдi аралап жүрмiн. Сенiң ана күйеу балаң тепсе темiр үзетiн жiгiт емес пе? Ақ
патша кiсiнi тегiнге жалдамайды. Кейiннен еңбегiн қайырады. Соның қайрат көрсететiн кезi келiп-ақ
тұр.
— Оны қайдам... Өзiмен сөйлес, — деп Көпжан сөз аяғын сырғыта салды.
Сол арада iшке Шәки кiре берген едi. Ол әңгiменiң соңғы жағын анық естiген сияқты. Отырып
жатып, Тиышбекке күле қарап:
— Тәке, бүгiн бағың аспандап тұр екен, ә, — деп қойды.
— Ендi кәйтесiң. Құдай бақты берейiн десе қиын ба? — Ол оған еңсерiле қарады. — Сен мәнтәй-
шәнтайды қой да, мына қолға сарбаз боп кiр. Ақысын аласың. Сосын... ақ патшаға жағып, әйдiк ұлық
боласың.
— Оны саған кiм айтты?
— Ана Қазалыдағы ұлықпен менiң тамыр екенiмдi бiлмейтiн бе едiң? Сол ғой бәрiн iстеп жүрген.
Әйтпесе... ақ патша менi нағылсын, — деп Тиышбек ендi орағытып былай шықты.
Тиышбектiң сөзiнiң дәйексiздiгiн талайдан бiлетiн Шәки соңғы кезде Елмырзаның елден әскер
жиям деген талабы барлығын естiген едi. Дәу де болса мынаны сол жiберiп отыр ғой деп, күле түсiп‚
ол:
— Жарайды, мен-ақ оқтың өтiне барайын. Сонда ақ патшаң маған не бередi? — дедi.
Тиышбек сасып қалды. Кәпелiмде ақыл тауып, терши бастаған маңдайын қолының қырымен сүрте
сап:
— Ояғын ана Елмырза төре бiледi. Менiкi... жәй қосшылық қой, — деп қашқалақтаған болды.
Мұның естiген Шәки қулана күлiп:
— Онда Елекеңе айта бар, менi қатардан құр қалдырмасын, — деп‚ алдындағы айран құйылған
кесеге қолын соза бердi.
Тиышбек iшiнен уһ дедi. Бiр ауық отырып: “Бәрiн егжей-тегжейлi ойластырып алмаған өзiмдi де
ататын кiсi жоқ”, — деп iшiнен бiр боқтады да, тез арада ыржаң ете қап:
— Ояғынан қам жеме, — деп Шәкидiң санын қолымен басып-басып қойды.
Сол күнi ол Көпжан ауылына қонып қалды. Жатарда кәлимасын қайырып, өткен-кеткеннен әңгiме
қозғап, Көпжанның құлақ құрышын әбден қандырды. Содан бiразға дейiн самбырлап сөйлеп жатып,
қалай қалғып кеткенiн бiлмей де қалды. Бiр кезде селк етiп шошып оянса, таң бозарып атып келедi
екен. Тамның шелiн алған қой қарнын түрген терезесiнен сырттағы жарық бозамықтанып көрiнедi.
“Қой, мына қапаста тiрлiк етiп болмас. Қайран қараүйге не жетедi”, — деп Тиышбек орнынан тұра
бердi. Бетiн салқын сумен шылай сап, үй егелерiнiң оянғанына қарамастан атына қонды. Ауылдан
шығысымен Қырға қарай бет алды.
Ол араға екi қонып, үшiншi күнi дегенде Елмырза ауылына кеп құлады. Келе салысымен төренiң
асты-үстiне түсiп бақты:
— Елеке, менi ел қатарынан қалдырып бұ нағылғаныңыз? Сiздiң жасағыңыздың жүз басысы
болмасақ та, қатардағы бiрi бола алатын қауқарым бар. Әлi тұғырдан түсiп тұрғаным жоқ, — деп‚ бiраз
өкпе айтқан боп, торсаңдап алды.
Елмырза күлiп:
— Оны мен қайдан бiлейiн. Ондай ойың болса, әлi де кеш емес, — дедi. Күлгенде қара бұжыр бетi
жайыла түстi.