80
Сол арада Тиышбек тез ақылға кеп: “Менiң төремен таласатындай не беделiм бар? Осы да жетер?”
— деп, күрт жадырап:
— Елеке, сiздi халық ағасы деп базына жасап жатқаным ғой. Болмаса... былай тура келiп өзiм
айтсам да, — деп сөзiнiң соңын жұтып тоқтады.
— Е, солай демейсiң бе? — Елмырза да жайылып сала бердi.
— Ойбай, Елеке, мен тек қана бауырдан жаратылған кiсiмiн ғой, өкпе деген менде жоқ. Бәрi бауыр
ғой, — деп ол арық қолымен төсiн ұрып-ұрып қойды. Сосын сыбырға көштi: — Мен жәй жүргем жоқ,
сiздiң шаруаңызға ат салысып жүрмiн. Ана Шәки ұрымен сөйлестiм, ол сiздiң қолыңызға қосылам
дедi.
— Рас па?
— Рас, рас. Менi өтiрiк айтып перi қағып па?
— Ә, онда дұрыс екен.
Сол арада Елмырзаның қабағын бағып отырған қызметкер жiгiт сыртқа сып етiп шығып кеттi.
Аздан кейiн пiскен ет келдi. Елмырза әлденеге кеуiлденiп, алсайшы деп, мұның алдына сары ала
қазыны ысырумен болды. Тиышбек әй-шайға қараған жоқ. Опырып жеп барады. Бiр рет көбiрек
асағаны сонша, ет тамағына тұрып қап, ықылық атып қалды. Лезде көзiнен бiр-екi тамшы жас ытып-
ытып шыға келдi. Соны байқап қалған Елмырза қарқылдап күлiп:
— Май қап! — деп жұдырығымен арқасынан бiр-екi рет ұрып-ұрып жiбердi.
Тиышбек асаған етiн азар дегенде жұтып, көзi жасаурап тұрып:
— Айтқаның келсiн, хан ием! Арқар ұранды Абылайдың тұқымы едiң, шынында да май қауып
өлсем арманым не, — деп арасында кеуiлi босап, мұрнын қорқ еткiзiп бiр тартты.
Елмырза жеркенiп, жүзiн әрi қарай бұрып әкеттi.
Сол түнi Тиышбек Елмырзадан әскер жинау туралы бiраз әңгiме есiттi. Төре әлденеге кеуiнленiп,
бұған бiраз жәйттiң басын шалып айтты. Байқауынша, Елмырзаның Хиуамен ат құйрығын шорт
кесiскен жайы бар. Ендiгi бағыты — ақ патша. Тиышбек iшiнен ойланып отырып: “Халық ағасы
төрелер үйiстiп жатқанда, бiр жақтағы Хиуаның сойылын соғып менi жын қаққан ба? Бұлар да бiрдеме
бiлетiн шығар”, — деп, iшiнен бәрiн сарапқа салды. Сол арада басына бiр ақыл сап ете қалды. “Ақ
патшадан менiң нем бар? Екi ортада шыбын өледi деп, бала-шағамнан айрылып, жер соғып қалмайын?
Онан да iшкен быламығымды бiлсем кәйтедi”, — деп бiр отырды. Ақыры қолын бiр сiлтеп: “Қалғанын
көре жатармыз”, — дедi ұйқыға кiрiстi.
Ертеңiне ауылына қарай келе жатып, өз от басының жайын ойлады. Үлкен баласы келiн алғалы ата
болдым деп тоғайып, жүрген жерiнiң бәрiнде өнегелi болып көрiнгiсi кеп, өткен-кеткеннен үлгiлi сөз
сөйлеуге тырысады. Бұрын қалай болса солай өсiре салған сақал-мұртын ұқыппен түзейтiн де болды.
Кейде Жәнiбекке елiктеп, дiни әңгiменi де соғып кетедi. Өтiрiк араласып бара жатқан тұстарында өз-
өзiнен қысылып отырса да, доңайбатын алдырмай, сыр бермей бағады. Аңқау кiсiлер мұны
жақсылармен араласып жүрiп, шариғаттан бiраз жәйттi тоқыған ғой деп бiледi. Өзi де сол жағын
ескертiп бағады. Кешке қарай Дүзбай ауылына келiп жеткен бойда-ақ Тиышбек сонысынан танбады.
Аузынан құдайы бiр түспей қойды. Оңды-солды есiп отырғанында, дәнемеден хабары жоқ Дүзбайдың
аузы ашылды да қалды. Әсiресе, сорпа құйып отырған жас тоқалының өзiне бiр-екi рет назар
аударғанын байқап қалды да‚ iшiнен: “Мынадай былбыраған бағланды етi тарамыс тартқан кәрi шал
умаждап жатыр-ау! Мал шiркiн не iстетпейдi! Мынадай дәулетiм болса, мен де тоқал алмас па едiм?”
— деп армандап қойып, әңгiмесiн ендi құтырта соқты. Сөз үстiнде есi-дертi жас тоқалға ауып кеттi.
Түнде жатарда тоқалдың шалдың әр жағына жатқанын байқап, азырақ күрсiнiп қойды. Сонан кiп
алғандай‚ бұл дөңбекшiген сайын, Дүзбай қақырынып болады. “Мынаның ұйқысы қашқан ба? Шал
деген көпшiкке басы тиiсiмен‚ пыр етiп ұйықтап қалмайтын ба едi? Әлде мынаның... көзiне
жарғанаттың қанын жаққан ба?” — деп кенет селт етiп, жарғанат есiне түсiп, шиық-шиық күлдi.
“Мына жаман шалдың жарғанаттан несi артық?” — дейдi де күледi.
Тиышбек таң ағарып атқанша көз iлмедi. Дүзбай да ұйықтаған жоқ. Жас тоқал болса пыс-пыс етiп
ұйқыны соғып жатыр. “Қой, мына қақбас ұйықтамас. Машқара болғанда, пәлесiне қалармын”, — деп
Тиышбек терiс аударылып жатты.
Азанда ол шәй үстiнде мұртынан күле түсiп:
— Бұл жас адамды қойсайшы! Қалай десең де өз қатарына көзiн салмай қалмайды. Нәпсi деген
оңай ма? Кейде менiң өзiм де жас иiс назар аударса, сол ауылға келгенштей бергiм келедi, — дедi.
Дүзбай жақтырмай, майысып отырған тоқалына:
— Бар анаяққа! Малыңды жайға, — дедi.
Тиышбек атына мiнiп жатып, бүгiн осы ауылда бiр сойқанның болатынын, жас тоқалды Дүзбайдың
қанжоса ғып сабайтынын бiлiп, ыржаң ете түстi. “Мұндай қақпастарға со керек! Тоқал алатын немесiң
ғой!” — деп iшiнен табалады.
5
Мамыр айы туысымен Сыр бойы кiлемдей құлпырып сала бердi. Жыл бойы сiресiп жатқан қалың
қардың астында қалған сайын дала жазғытұрғы ығалды бойына сiңiрiп, бiрте-бiрте қызуы күшейе
түскен күн нұрынан нәр алып, аз күн iшiнде көкпеңбек тартты. Ойда, қырда қызғалдақтар жайқалып
өстi. Жазық жерлерде әдемi шашақтары самал желмен ырғалып, жiбектей боп су-су етiп,
құланқұйрықтар қатарын түзеп тұтаса қалған. Олардың бiр жағында еркек шөп қалың боп өсiптi. Бәрi
де көздiң жауын алады. Даланың қай жағынан да жас көктiң жұпар иiсi аңқиды. Сыр көктемде қатты
тасығандықтан, қызыл су лықсып керi қайтқанда, ойдым-ойдым жерлерде көзгелдектей боп ойылып
қалған сулардан бала-шаға балық аулап мәз. Дала кеуiлдi. Биыл қыстан мал басы жұтамай, аман-есен