81
шыққан ауылдар шiлде түспей тұрып, шыбын-шiркейi аз Қыр жаққа жетiп алуға тырысып, көштерiн
тырнадай тiзiп, Арқа жаққа беттеп барады. Тай-құнанға мiнген бозбалалар бiр бiрiмен жарысып,
самбырлай күлiсiп, онсыз да кеуiлдi даланы шат күлкiге толтырып жiберген.
Биыл Мамырай ауылы Қырға көшпедi. Ол Жәнiбектiң кеңесiн тыңдап, Райым мен Қазалыға
ентелей кеп қоныс тепкен ақ патша әскерiнiң бет алысын байқайын деп, Көсе бойын жайлап қалды.
Және де Ережептiң орыс ұлығының ығын алып, шапқылап жүргенiн бiлiп, кекшiл жiгiт бiр жамандық
жасар деп қауiп иледi. Қалайда оның жесiрiнiң кегiн жiбермесiн бiлдi. Балқия болса, келген жылы аяғы
құтты боп, арыстай ұл тапты. Бiрақ мына үлкен ұлы Елдестiң қазасы Мамырайды қатты ойсыратып
кеткен едi. Қаншама бiлдiрмейiн десе де, әдiре қалған шаңырақ, ана жетiм балалар көз алдынан
кетпейдi. Әсiресе, тоқалдың берген қорлығы есiне түссе болды, ызасы келiп, тұла бойы суық
шалғандай дiрiлдеп сала бередi. Қаншама рет айтса да, ақылын бiр рет те тыңдамаған Елдес те ақкөз
едi. Ақыры сонысынан мерт болды. Қазақ бұрын: “Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа
сенбе”‚ — деп бекер айтты деймiсiң? Өзiңнен қайраты қау, басымдау бiреу кездессе, аударып ап,
атыңды мiнедi де кетедi. Өзiңнен ажарлы, дәулетi мен сәулетi артықтау бiреу кездессе, қойныңда
жатқан қатыныңды сүйедi де кетедi. Содан кейiн қалған тiршiлiкте не береке, не қызық бар? Ондайда
өмiр бойы өкiнiп, әлдекiмге ызаланып жүргенiң. Оның үстiне қатының ақымақ болса, байын құртам
деп пышақ жұмсаса не жорық? Соны ойлай-ойлай Мамырайдың басы қатты. Ұйқысы қашып, бұрынғы
мамыражай қалпынан жаңылып, қас қарая бере төсек салдырып, елден бұрын жатып қалатынды
шығарды. Сүйтiп азаппен өткен бiр жылдың iшiнде кеше ғана екi бетiнен қаны тамып тұрған жардай
кiсi дем арасында буынына жегi құрт түскендей боп, бiрден күрт шөгiп кеттi. Сақал-мұрты мен
қайратты, қалың шашына да ақ дендеп ендi. Ол келе-келе бұрынғыдай ауыл арасындағы шақыраспаға
да бара бермейтiн болды. Ондай шақырушы келген кезде көбiне басым ауырып отыр деп, жоқты
сылтау ғып, үйде оңашаланып отырғанды қалайды.
Бүгiн де ол сол дағдысына бағайын деп едi, көптен берi ойында жүрген бiр шаруасы ерiксiз атқа
қондырды. Қасына Әлжанды ерттi. Осы баласы ылдым-жылдымы жетерлiк, пысық боп өсiп келедi.
Биыл он алтыға қарады. Мұның көптен бергi дедiгi — мына Қосқорғанның маңайын жайлайтын
Майлыбай ұранды қалың Кетелердiң iшiндегi байы Көшер әулетiне қарайтын бiр ел арасында ажар,
абырайы бар кiсiмен құдандалы болу едi. Оның соған лайқат деп бiлiп, сырттай көздеп жүрген кiсiсi де
бар болатын. Онысы Кетенiң Құлыс дейтiн аталығынан тараған бiр бұтақ едi. Сол азғантай ауылдың
сөзiн ұстар биi де, басшысы да боп жүрген Жүсiпәлi дейтiн Құлыс Кете ауыл-аймағына кәдiрлi, орташа
дәуетi бар, сөзге ұстамды кiсi болатын. Бұлармен олар ертеректе iлiк-шатыс болған. Ендi қайтадан
сүйек жаңғыртайық десе, оның өзiне қарсы болмайтынын бiледi. Сол себептi бүгiн көзi тiрiсiнде мына
кенже баласы Әлжанның мойнына құрық салып қояйын деп келе жатыр. Одан баласы мүлдем
бейхабар. Дәудiрлеп сөйлеп келедi:
— Көке, биыл ақ патша Қоқанмен соғысады дейдi ғой. Соған деп ана Елмырза әскер жинап жатқан
көрiнедi.
— Е, жинасын. Бiздiң онда не шаруамыз бар? — дедi Мамырай көзiн ат тiзесiнен келетiн қалың
еркектен айырмай келе жатып.
— Сонда деймiн-ау, мұның оған қандай пайдасы бар екен?
— Пайдасы ақ патшаға жағып, қызмет алу шығар. Болмаса ол төре ызалы жердi өмiрi баса ма?
— Үйтер болса, Жәнiбек ағам неге ақ патшаның жағына шықпайды? Осы соңғы жылдары
қоқаңдаған Қоқан мен қиқуы көп Хиуаның бағы тая бастаған жоқ па?
— Бақ деген шiркiннiң не опасы бар дейсiң, шырағым. О да бiр, алақаныңа құйылған су да бiр.
Оның сол алақаныңнан сауқсақтарыңнан арасынан сыздықтап ағып кеткенiн байқамай да қаласың. Ол
өз алдына. Сол бақ дейтiнiң бүгiндерi қонбайтын кiсiнiң басына қонатын боп кеттi ғой. Соны баяғыда-
ақ байқаған бұрынғылар бақ адасса, батпаққа қонады деп бiлiп айтқан, шамасы. Кәзiр сондай батпақ
дегендер көбейiп-ақ кеттi. Бұ да бiр құданың құдiретi де, — деп Мамырай күрсiнiп қойды. Сосын
даусын созып, сөзiн әрi қарай жалғады. — Қанша дегенмен мұсылман адамның кәпiрмен айқұшақ
қабыса қоюы қиын ғой. Дiнiң де, рәсiмiң де мүлдем бөлек дегендей.
Әлжан жұқа бетiне лып етiп қан шығып, қыз ернiн керiп тұрып:
— Заманың түлкi болса, тазы бол шал деген емес пе? Әр нәстенiң ыңғайын алса, оның не ерсiлiгi
бар? — дедi.
— Әй, балам, оған басыңды ауыртып кәйтесiң? Алдымен үй болып, шаңырағыңды көтерiп ал.
Қалғанын бақ-талайыңнан көресiң де. Құдай жеткерейiн десе, өрдегiнiң өзi қолыңа домалап келедi.
Қазинесi кең құдай құрамаған нәстенi қанша құраймын деп тырыссаң да болмайды. Мұндайда әр
нәстенiң аңысын аңдағаннан дұрысы жоқ, — деп Мамырай көпке дейiн үнсiз қалды.
Олар сол күнi ымырт үйiрiле Ылаубай, Қалақ деп дәрпi шашылған, қонақшыл, көпшiл, қолы ашық,
жомарт Сәмет Балқылардың ауылына кеп қонды. Үй егесi Боранбай орта жастан асқан, маңғал бас,
сары кiсi екен. Бұл келгесiн бiрден қысыр қалған бiр қойды сойды да тастады. Балқылардың бұл
тармағымен Мамырайлар ертеден қанаттас көшiп-қонып жүрiп, қатынасып қалған болатын. Олардың
нағашылы-жиендi боп келер жерлерi де бар. Сол себептi олар әзiлдесiп отырды. Әңгiме-дүкен үстiнде
мұның байқағаны, мына Балқылар да ақ патшаның Ақмешiтке қарай жасар жорығынан үркiп қалған
сияқты. Сөз iләмдерiне қарағанда, олар күн жылысымен Кұл, Боқан, Қарақ бойына қарай аударыла
көшпекшi. Сүйтiп мына бiр төнiп тұрған аласаттан бойларын аулақ салмақшы. Сол арада Боранбай
жүзiне аздап абыржу енiп:
— Мына Арқа жақтағы қазақтарды шоқындып атыр деген не сөз осы? — деп сұрады.
— Қойшы?! Шоқындырып дейсiң бе? Ояғын естiген жоқпын. — Шынында да Мамырай одан
бихабар едi.