82
— Кеше мына Ақмешiт түбiндегi Жаппастардан бiр құдамыз келiп едi. Оларды өздерiң бiлесiңдер,
ала жаздай Қырды жайлайды. Былтыр ол сонау Торғай төңiрегiне дейiн барып қайтқан екен. Ояқтың
елiн орыс орам алып, шоқындырып жатыр деп шошытып кеттi.
— Апырмай, ә? Бұрын мына татарларды Қара Ибан деген патша шоқындырды деп естiм ем.
Мынасын бiлмейiм. — Мамырай қолымен сақалып салалап отырып қалды. — Мынасы рас болса, қиын
екен.
— Әлi жеткен кiсi не iстемейдi? Ақмешiтiңдi шауып алатын болса, сол нәубеттiң бiзге де жеткенi
де.
— Қайдам? Анық-қанығын бiлмегесiн, кесiп айту қиын ғой. — Ендi Мамырай артық аяқ баспады.
Ертесiне олар жолға шығып, түс ауа Жүсiпәлiнiң ауылына жеттi. Оның Нестай дейтiн талдырмаш
денелi, аздап әдемiше келген, қара торы қызы бар едi. Мамырайдың ана бiр жолы осы ауылға бiр
шаруамен ат iзiн салғанда, көзi түскенi де сол болатын. Ендi жыл өтiсiмен оның бойы өсiп, кеудесi
аздап бiлiнiп, қыз салтанатын құратын ыңғайын көрсете бастапты. Мамырай оған көзiнiң астымен бiр
қарап қойды да, отағасымен амандық-саулық сұрасып кеттi. Оның қасына кенже баласын жәйдан-жәй
ертiп жүрмегенiн сезген Жүсiпәлi ауылы Мамырайдың осы келiсiн сан саққа жорып, мал сойып, қазан
көтерiп, сый-құрмет көрсетiп, жалпылдады да қалды. Бұл сапардың мән-жайын ендi ғана iштей
аңдаған Әлжан әбден ыңғайсызданып бiттi‚ – ол кесек денелi, әр қолы сексеуiлдiң дiңiнше быдым-
быдым боп бiткен Жүсiпәлiнiң жүзiне туралап қарай да алмады. Әсiресе, Нестай iшке бiр рет кiрiп,
кебежеден аяқ-табақты алып кеткенде, ұялғанынан қып-қызыл боп кеттi. Жүсiпәлiмен шаруа жайлы
сөйлесiп отырған Мамырайдың мұнымен iсi де жоқ, ол әлдеқандай бiр ұзақсонар әңгiменi асықпай
таратып, ақырын баппен айтып отыр. Жүсiпәлi болса, оның ыңғайына жығылып, оны ара-арасында
қоштап қояды. Ол iрi денелi, екi иығы шығыңқы, қайратты кiсi екен. Мыртық саусақтары аң алатын
бүркiттiң болат тырнағындай келте, мығым, жұп-жуан. Оның өте кең ғып тiктiрген бөз көйлегiнiң тiк
жағасынан гүжбан, жуан мойыны құж-құж боп, бiрден көзге түседi. Оның есесiне, оның алған кiшi
әйелi сүйегi майда кiсi екен. Өзi қараның әдемiшесi. Үнемi ызылып тұратын ол қаймақтай ернiн ерiне
созып, баппен сөйлейдi. Даусы бiр түрлi ысылдап шығады. Оның қасында бiр келiнi шәй құйып отыр.
Ол жаңада түссе керек, оның мына бөгде кiсiлерден қысылып-қымтырылып, ызыла қалғаны сонша,
бұларға бiр қырындап отырған оның басына малындыра тартқан ақ жiбек орамалынан бет жүзi анық
көрiнбейдi. Тек қана кесенi ұсынғанда болашақ күйеу баламыз сен бе дегендей бұған бiр-бiр көз тастап
қояды.
Мамырай мынандай өсiп-өнген жермен құда болғанды iштей қалап отыр едi. Бiрде Жүсiпәлi қалың
ернiн кере түсiп:
— Мәке, жаз шықпай жатып үйден сiздi қозғаған не шаруа екен деп дал боп отырмын, — дедi.
— Әй, Жүсiпәлi-ай, оның несiн сұрайсың? — дедi Мамырай малдас құрған қалпы алдындағы оюлы
киiздiң түгiнен көзiн алмай отырып. Сосын ол аздап күлiмсiреп, оған қабағын аша қарап: — Мына ата-
ана дегеннiң қашан шаруасы таусылып көрген? Әуелi құдайдан бала бер деп тiлейсiң. Сосын оған сана
бер деп және бiр тiлейсiң. Ең ақырында сол шiркiн қашан ел қатарына қосылып кетедi деп жарғақ
құлағың жастыққа тимей, әбден ит әурең шығады. Бәндәның сол өз мойынындағы қарызын өтегенше
бiр тынымы болған ба, сiрә, — деп барып тоқтады.
— Е, ендi о деген... әркiмнiң мойнындағы жүк емес пе? Жақсы бала осы жүктi өзi көтерiп кетедi.
Жаман бала қашан өлгенше ата-анасының иығын жауыр ғып бiтедi. Құдай соңғысынан сақтасын де.
— Ол айтқаныңның iж кәлетi жоқ. Үлкен ұлым анадай боп кеттi. Мынау кенжем едi. Ер баланы
салпақтап көп жүргiзiп қойған мұсылманға жайыз емес қой.
Жүсiпәлi мұның неге келгенiн сонда ғана түсiнiп, бiр түрлi боп қысылып, сәл-пәл қызарақтап
қалды. Сол арада әйелi сызылып:
— Ол айтқаныңыздың не ерсiлiгi бар? Баланың бағын ашсын деңiз де, — деп күйеуiнiң қысылған
қалпын сездiрмей кеттi.
Мамырай iшiнен сүйсiнiп, мына сөздi жақсы ырымға санады да, сол арада: “Мына шаруа оңынан
келейiн деп тұр-ау”, — деп iштей қуанып қалды.
Сол түнi, шынында, оның шаруасы оңынан туды. Бұл құдалыққа Жүсiпәлi ырзашылығын бiлдiрдi.
Қалың малын Мамырай биыл жазда айдап әкеп тастайтын болды. Құдалардың кәде-қауметi бiткеннен
кейiн, баламызды келесi жылы жазға таман қолымызға аламыз деп, Мамырай жаңа құдасымен берiк
сөз байласты.
Ауылға келгесiн Мамырай Елдестiң қайтыс болғанына жыл тола қоймаса да, Қызылды жайлап
отырған ел бет-бетiне тарап кетпей тұрғанда асын берiп жiбергендi мақұл көрдi. Ертең жер аяғы
алысқа түсiп кеткесiн‚ Қызылдың бiр қиясында өткiзiлетiн асқа қаншама сауын айтсаң да, алыстан ат
сабылтып кiм келе қояр дейсiң дедi. Сүйттi де, еш адаммен ақылдаспастан жан-жаққа тездетiп шабар
жiбердi. Сосын жиырма шақты жiгiтке Жәнiбектi басшы етiп, Көсенiң Қуаңға қараған ойындағы
жалпақ жазыққа отыз-қырық үйдi жағалай тiктiрдi. Ертеңгi келетiн қонақтарға деп арнап соятын
малды қалың отар мен үйiрден ең қоңды, семiз дегендерiн iрiктеп, таңдап ап, оларды қоңы қашпасын
деп Қуаңның бiр жықпылында басқа малға қоспай бiр бөлек бақтырды. Содан кейiн Қалдыбайды,
қасына бес-алты жiгiттi қосып, шәй-шекер, жент, өрiк-мейiз, бауырсақ пiсiретiн қап-қап ұн әкел деп
тездетiп Хиуаның базарына жiбердi. Ол шаруа дөңгеленiп қалғасын, ол ертең ас үстiнде Құран хатым
қылуға Хиуада мәдрәсә бiтiрiп келген, осы төңiрекке моллашылығымен аты шыққан атақты Әбдiржан
молланы арнайы кiсi жiберiп шақыртты. Одан тыс төрт Шөмекейдiң үлкенi Аспан аталығының пiрi
деп саналатын Мағзаман пiрдiң аяқ жетер жердегi ұрпақтарына да хабар берiлдi. Әлiм аталығының
молдасы Қалила ишан мен Ақмешiттiң қолтығында жатқан Аламесек жағындағы атақты Қалжан
ахунға да арнайы кiсi жiбердi.
Ас болған күнi Сағынай бастаған шалдар бiр бөлек үйге түскен едi. Моллалар да осында түскен.
Әбдiржан намаз оқып болғасын, әдемi даусын қирағаттап созып, құран оқи бастады. Кей арада демi