83
жетпегендей, кеңiрдектен қылғындырып айтады. Үнi зарлы. Басына ораған сәлдесi дағарадай. Күтiп
ұстайтын қияқтай мұрты өзiне қатты жарасады екен. Мамырай бiр жерде шыдай алмай, босап, көзiне
жас алды. Iзiнше бойын жиып ала қойды.
Ас екi күнге созылды. Бата оқып келген кiсiлердi Жәнiбектер қарсы алып, үйдi үйге түсiрдi де,
оларға шөл бассын деп шәй-суды тездетiп жеткiздi. Кешке оларға арнап мал сойдырып, табақ-табақ ет
тарттырып, қонақасысын бердi. Ертеңiне түс ауа ас болып жатқан ауылға Тоғанақ батыр келдi. Биыл
батырдың қажи бастағаны айқын сезiледi екен. Бiр кiндiктен тараған төрт баланың тiрi қалған үлкенi
осы. Бұрын Жәнiбек байқай бермейдi екен, ол осы жолы батырдың маңдайына түскен әжiмнiң
бiлеуленiп, тереңiтiп сала бергенiн анық көрдi. Қайратты жүзi сәл солғын тартқан ба қалай? Бойы
еңкiш тартайын деген бе қалай? Әйтеуiр, батырдың бұрынғы екi бетiнен нұры тамып тұрған шағы
сезiлмейдi.
Асқа келген ел батыр түскен үйдi бiрден-ақ қоршап алды. Көбi сәлемдесiп, жүздесiп қалмақшы.
Қаумалаған ел батырдың қолын алып боп, сирей бастаған кезде Сағынай оған мойнын бұрып:
— Төке, мына жұрттың неше түрлi хабарды жайып, шуылдасып жүргенiне көп болды. Ояғынан не
хабарың бар? — дедi.
Батыр ақ сұр жүзiн сәл жылытып:
— Кiсi қартайғасын хабар-ошарға оншама құлақ түруден қалады екен. Кәзiр бұ дүниядан гөрi ана
дүнияның қамын ойлағаным жөн бе деп жүрiм, — дедi.
— Ау‚ оған әлi ертерек емес пе?
— Әй, Сәке-ай, ажал деген шiркiн кiсiге “ал, сақтан, мен келiп қалдым”, деп айтып келе ме? Ертең
иманымды жиып алам деп жүргенде, күлкiңдi тыя алмай қалсаң не iстейсiң? Одан да ең дұрысы осы
бастан қамдана берген ғой.
— О да жөн. Дегенмен де мына халқың тұңғиықтан жол таба алмай, екi көзi алақтап тұрғанда,
мына дүнияның да қамын ойлаған жөн бе дейiм. Ақирет сапарынан кiм аман қалар дейсiң, — деп
Сағынай бiр күрсiнiп қойды. Ниязды аяқтандырғалы бермен шал мына дүнияның әуресiнен әбден
тиылып, тақуалық аша бастаған-ды.
— О да жөн шығар. Қайрат барында халқымнан аянып қылған жерiм жоқ. Ендiгi жол жастардiкi
шығар.
— Жас дегеннiң алақұйын кезi емес пе? Оларды көземелдеп дұрыс жолға салатын ақсақалдың да
болғаны жөн. Ендi сенiң халыққа аға болатын кезiң. Одан қашып құтыла алмайсың, — деп Сағынай
батырға ел-жұртының арқа сүйейтiнiн бiлдiрiп өттi.
— Оған... алдыраз болсын. Қашып жатқан мен жоқ. Мойындағы қарыздан құтылып болмайынша,
пәндә шiркiнге тиыштық бар ма? Тек мына заманасы түспегiрдiң ажары бөлектене бастады. Ненiң
дұрыс, ненiң бұрыс екенiн кiм бiлсiн.
— Төке, ақ патшамен арғы атаң ищаласқан жоқ едi. Өзiңнiң де патша алдында абырай-беделiң бар
дегендей...
— Е, о бiр қай бiр жетiсiп жатқан абырай дейсiң. Қаратай сұлтанның ойлап тауып жүрген нәстесi
ғой. Аш арыстанға арық-тұрық та тамақ бола бередi дегендiк сықылды. Осы арада әлiптiң арты қиын
ба дейiм, — дедi де, Тоғанақ үнсiз қалды.
Батырдың онша ашыла қоймайтын ыңғайын сезген Сағынай ендi қайтып ол жағынан сөз
қозғамады.
Ертесiне ас бiткесiн, елдiң алды тарай бастады. Мамырай Әбдiржан молланы жiбермей, бiр жұмаға
алып қалды. Өздерi оңаша қалғасын, ол Жәнiбектi шақырып ап, бұрынғы жоралғы бойынша
әмеңгерiңе еге бол, дедi. Жәнiбек қатты қиналып, қап-қара боп тұрып:
— Көке, осы жағын қоя тұрсақ кәйтедi? — деп едi‚ ол:
— Ау, мұның кейiнге шегеретiн соншалықты несi бар? Бұрынғылар, аға өлсе, жеңге iнiге мирас
деген. Бiздiң со жолды сақтағанымыз дiн исламға нәқолай ма? Мүлдем олай емес қой! Басқаны
қойғанда, ана жесiр қалған жеңгеңдi шиеттей бала-шағасымен қайда қаңғыртамыз? Үйтсек, ертең
қалың ел көтiн ашып күлмей ме? Ау, шариғатта да осы әмәңгерлiктi сақтаңдар деген емес пе? Содан
қияс кетiп жатқанымыздың несi жөн, — деп‚ сәл-пәл арлап барып тоқтады. Сосын қайтадан баяғы
сабырлы қалпын тауып, бұған қарап, ақырын сөйледi: — Ағаңды алса, құдай алды. Ендiгi қалған жерде
оның балдарына әрi әке, әрi аға болатын өзiңсiң. Бүйерде жол сенiкi. Былқылдағаныңды қой. Мына
молла дегендер ауылға күнде келiп жатқан жоқ, сабақты ине сәтiмен деген, онан да некеңдi бiрден
қидырып жiберейiк, — деп Мамырай ендi оны тыңдамай, өз дегенiне көндiрдi‚
Жәнiбек қап-қара боп түйлiгiп отырса да, әке сөзiн қайт ете алмады. Сол күнi оны жеңгесiне
некеледi. Ағасының отауында бiр түнеп шыққаннан кейiн, араға екi күн салып, ол Елдес ауылын Қуаң
бойына қарай көшiрдi. Сосын өз ауылын оған қанаттас етiп қондырып болғасын, ызғып жатқан малды
маса, сонасы аздау Құл жағына қарай айдатты.
Мамырай көптен берi қинап жүрген мына шаруасын бiтiрген бойда, Жүсiпәлi құдасы сұраған
қалың малдың бас-аяғын түгендеп, Жәнiбекке өзiң бас боп айдап апарып қайт, дедi. Оған қоса құдаға
деген тарту-таралғысын жiбердi. Жәнiбектер бiр ай көлемiнде Кете ауылынан қайтып оралды.
Жүсiпәлi қалың малға ырза болыпты. Бұларды жақсылап сыйлап қайтарыпты. Келесi жылы жер аяғы
кеңiген бойда той жасап, қызын ұзатамын дептi.
Соңғы жылы қартайып кеткен Мамырай сол күнi ғана уһ деп демiн алғандай болды. Кешкiсiн
аяғын уқалап отырған Балқияға бiр рет көз тастап:
— Ендi құдай алса да ырзамын, — деп шын ойын байқамай айтып та салған едi.
6