Стр. 85 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

84
— Әне, көрiндi!
Қазалының терiскей жағындағы биiк төбе басында тұрған қарауылшы жiгiттер қолдарын бұлғап,
айғайлап, белгi бердi. Бекiнiстiң сыртына шығып, бiр топ боп тұрған Әлiм, Шөмененiң бетке шығар
қаймағы деген билерi мен байлары бiрден-ақ дабырласты да қалды. Мына ұлықтың арнайы келе
жатқан сапарына Захваткин мен Елмырза төре ел жақсыларын үгiттеп, оны тағы да қарсылап алуға
шақырған болатын. Алғашқыда бұрын-соңды мұндай әкiмдi күтiп алып көрмеген сараң байлар мына
келе жатқан кәде-қауметтi көбiрек дәмететiн қонақтың салмағы өзiмiзге түсiп қалар деп қашқақтап едi,
Елмырза төре ерiкке қоймады. Ол бетiнiң ажары мен тiлiнiң майдалығына салып, ертең осы уәлайатты
билеуге келе жатқан күбiрнәтiрдiң әлден-ақ аузын ала бермесең, соңыра өзiмiзге қиын болады деп
надан кiсiлердi шошытып, өз ырқына көндiрген едi. Кеше олар кешке таман Қазалының кезiне кеп,
жақын маңдағы Қарасақал мен Қаракесектердiң үйлерiне түнеп шыққан болатын. Содан таң сыз бере
осы жерде ұйлығысып тұрған-ды. Орынбордан соңына әскер ертiп келе жатқан күбiрнәтiр әне келедi,
мiне келедi деп екi көздерi төрт болған. Ақыры, мiне, алыстан шұбалған шаң да көзге шалынды. Сол
екен, дем арасында билер мен байлар қоғадай жапырылысып, теңселiсiп кеттi.
Осы топтың арасында Тоғанақ, Ақтан, Қарасақал Шағырай батырлар да бар. Кеше ғана
Дадабектың қосын жегiп, бар пайдасын көрген Жаманқұл да бiр жерде жүр. Кiшкененiң белдi-белдi
кiсiлерi де баршылық. Бұл жерге Шөмекей тайпасының Аспан аталығының Боғанайына жататын Аю,
Сырым руларының ажарлы кiсiлерi де келiптi.
Жұрттың осыншама сасқалақтап қалғанын Тоғанақ батыр жаратпай, қасында тұрған Қарасақал
Шағырайға:
— Апырмай, баяғыда сенiң атаң Сарбас қара қалмақтан қашып елге келгенде де жұрт осылай
күтпеп едi. Мынаның дүмi басым болды ғой, — дедi.
Көк көз, iрi денелi, сары кiсi Шағырай мырс етiп:
— Төке, айтары жок. Бұларың қалмақтан артық болмаса кем түспес деп тұрмын, — дедi.
Тоғанақ үндемедi.
* * *
Аздан соң соңына шұбалған шаңын қалдырып, күймесiне алтын-жез жалатқан арба арлаған бойы
бұлардың жандарына жетiп келдi. Оның жан-жағында үш жүзге жуық атты казак бар. Бәрлерiнiң
түстерi суық. Олардың белдерiне таққан қынабына салынған қылыштары салақтап, сандарын соғады.
Иықтарына асынып алған мылтықтарының басындағы штыктарының ұштары қылт-қылт етедi. Олар
жақындай бергенде Захваткин бiрдеңе деп айқайлап, сап түзеп тұрған бес жүздей әскерiне орысшалап
әмiр берiп едi, күнi бойы сыртта тұрған қасқалар сiресiп, қатты да қалды. Күйме тоқтаған бойда, екi
атты казак аттарынан түсе қап, жүгiрiп барып арбаның есiгiн ашты. Сәлден соң күймеден iрi денелi,
қою мұртты, екi иығында жарқыраған пагоны бар Перонскийдiң өзi түсе бердi. Оны екi казак
қолтығынан демеп, жерге түсiрдi. Сол арада Захваткин оған дереу жетiп барып, тiкесiнен тiк тұрып
құрмет көрсетiп, орысшалап әлдене деп жатты. Күбiрнәтiр болса, оның сөзiн салғырт тыңдап, оған
сынай қарап тұр. Көптi көрген кiсiнiң мынаның айтып тұрғанына сенбегендiгi нұры қаша бастаған екi
көзiне шапқан удай мысқылдан бiрден-ақ байқалады екен. Сол арада үлкен ұллықтың маңайына мына
жақтан Захваткиннiң соңын ала Ережеп пен Елмырза ентелей барып та қалыпты. Соларды көрiп,
Тоғанақ iштей жиырылды. Өзiнiң осы аталас iнiсi мен әккi төренi онша суқаны сүйе бермейтiн.
Мұндың жағдайын байқап қалған Шағырай батыр сол арада мырс етiп:
— Төке, мына пысықай iнiкейiң тұрғанда алападан құр қалмассың дейiм, — дедi.
— Айтпа.
— Құдай бұған тек қана қара күш бермей қор қып қойған. Болмаса... ол осы тұрған бәрiмiздi
көгендеулi лақша қосақтап... — деп, Шағырай батыр сөзiнiң аяғын күмiлжiтiп бiтiрдi.
— Айтары жоқ. Мына пәле неден болса да тайынбайды. Ана орыс ұлықпен бала күнiнде бiрге асық
ойнағандай жетiп барғаны несi? Сондағы көздегенi белгiлi емес пе? Мұндайда бұрынғылар әр кемелге
бiр зауал деген. Мұның ақыры белгiлi ғой, — деп Тоғанақ ендi ұлық жаққа қарамай, жерге бiр түкiрiп
тастап, қолын түңiле бiр сiлтедi.
Сол арада Перонский берi қарай жылысып, қора-қора боп жиылып тұрған Әлiм, Шөменнiң жақсы-
жайсаңдарымен қол алысып амандаса бастады. Қасында баяғы Ахияр дейтiн татар тiлмәш жампаңдап
келедi. Өзi аузы тынбай, бiрдеңе деп шүлдiрлеп, анаған бұлардың айтқан сөзiн тез арада дыбырлап,
аудармалап қояды. Мынадай ұлықтың қолын алғанына дардая қалған байлар мен билер қоғадай
жапырылысып жатыр. Олардың мұнысын жаратпай, бiр шетте тұрған Тоғанақ алыстан-ақ қарап тұрып,
Перонскийдiң баяғыда көрген кезiнен аздап қартая бастағанын байқады. Ол жұртпен жағалай амандаса
кеп, ақыры кезегi келгесiн, бұған ақ қолғап киген нәзiк қолын iлгерi қарай созды. Өмiрi қолына қолғап
киген кiсiмен амандасып көрмеген Тоғанақ батыр мынаны кәйтсем екен дегендей оның жанындағы
тiлмәшқа дағдара қарады. Ол болса, жаны қалмай, дызылдап, татаршалап, бұған қолыңды бер деп
үлгердi. Сол екен, батыр өз өзiнен қысылып, аз-кем абдырап қап, добалдай қолымен күбiрнәтордың
нәзiк саусағын ақырын қыса салды. Сол жерде Перонский мұны қайда көрдiм дегендей бiр ойлы
кескiнмен бұған бiр рет тесiле қарады да, сосын онысын әбес көргендей, толысып кеткен денесiн ауыр
қозғап, келесi кезекте тұрған Қарасақал Шағырай батырға қарай бұрыла бердi. Сол сәтте: “Мынау менi
танып қалды-ау”‚ — деген бiр күдiк батырдың кеулiне шаншудай боп қадалды. Оның жаңа ғана өзiне
бiр түрлi боп iшiп-жей қарағанынан Тоғанақ батыр орыс ұлығының өзiне түптiң түбiнде қысастық
жасайтынын бұл iшкi дүниясымен өте зайыр аңғарды. Сүйтiп екi ойлы боп тұрғанында, қасында
тұрған Шағырай батыр мұны ақырындап бүйiрiнен түрттi:
— Мына кәпiрiңнiң саған қарауы бiр түрлi ғой өзi.