85
— Е, неге? — дедi бұл оған сыр бермеуге тырысып.
— Баяғыда... Қырдағы ұрыс ше... сонда болған екеуiмiздi де ол бiлiп қалған сыңайлы. Кәпiр iшiн
бермейдi, ә?
— Бермесе кәйтейiк, өлемiз бе? Алла маңдайға не жазды, соны көремiз де.
— Иә, солайы солай...
Перонский ол жақсыларымен амандасып болғаннан кейiн, шпоры бар етiк киген аяғын қаздита
баппен басып барып, осы кезде кiшкене есiгi аңқайта ашылған күймесiне қайта мiндi, сосын артқы
орындыққа барып баппенен жайғасты. Соны күтiп тұрған, иығына жарқыратып погон таққан бiр
әскери жiгiт ақ қолғап киген қолымен күйменiң есiгiн мықтап жапты да, осы кезде жүруге даяр тұрған
атшыларға қарап қолын сiлтеп кеп қалды. Күймеге жегiлген пар ат бiр бiрiн көрместей боп екi жаққа
бастарын қисайтып алып, ала жөнелдi. Сол екен, күймелi арбаның қызылмен бояп қойған үлкен
дөңгелектерi шеге топырақтың үстiмен iлгерi қарай дөңгелей жөнелдi. Оның соңынан атты әскерлер
ердi. Сүйтiп ұлықты қоршаған үлкен топ Сыр даласының ақ шаңын ұшыра отырып, Қазалы жаққа
қарай сызып бердi. Олардың кеткенiн көрген қалған ел ендi не тарқарын, не болмаса ұлықтың iзiнен
жүрерлерiн бiлмей, асып-сасып, алақтады да қалды. Сол арада Елмырза жөн тауып кетiп, оларға қарап
айқайлай сөйлеп:
— Алыс жолдан шаршап келген ұлық аздап демалып алғасын, бәрiмiзбен қайтадан сөйлесем дедi.
Оған дейiн iжкiм де тарқамасын дедi. Кәнеки, бәрiмiз ендi бiр кiсiдей боп жүрiп отырып, қамал жаққа
барайық, — деп‚ өзi бас боп атына мiндi.
Қалған кiсiлер де жапырласып, аттарына мiне бастады.
* * *
Перонский ұзақ жуынып-шайынды. Өзi сыртта иiрiлiп тұрған кiсiлердi ұмытып кеткен сықылды.
Ол аздан соң жуынып-шайынып, сыланып-сипанып болғасын барып аяғын баппенен қаздаңдай басып
сыртқа шықты. Сосын Ахиярдың жол көрсетуiмен ол өзiнiң осы келуiне арнап қамалдағы атты
казактардың жасаған кең бастырмасының астына кiсi отыратындай етiп, ұзыннан ұзын тақтайдан
жасап қойған орындықтары мен үстелдерiн жағалай кеп, төр жаққа кеп жайғасты. Ол өз орнына
отырып болғасын, қалған қонақтардың отыруына лұхсат дегендей ишара жасады. Сол екен, Әлiм,
Шөменнiң жақсылары өмiрi өздер отырып көрмеген ағаш орындықтарға қасқыр көрген киiкше аз-кем
состия үрке қарап тұрып, бiр түрлi боп ыңғайсызданып, ақырындап отыра бастады. Олар түгелiмен
жайғасып болды-ау дегенде барып, ұлықтың оң жағында отырған Ахияр орнына түрегелiп, аяғын бiр-
екi басып, сәл алға шығып:
— Құрметлу қазақлар, мұсылманлар! — дедi мына жиналған жұрт түгел естiсiн деген оймен
қаттырақ сөйлеуге тырысып. Оның шiңкiлдеген даусы құлаққа өте жағымсыз естiледi екен. —
Сiздердiң жақсылап қарсы алғандарыңызға ұлы мәртебелi губернатор дән риза. Оның ырза болғаны
сонша, ол сiздердi мына асқа шақырады. Өзiмен бiрге дәм татсын дейдi. Кәнеки, мына орындықтарға
жағалай сыйысып отырыңыздар! — Сүйдедi де Ахияр белдi-белдi байлар мен билерге қарап, көзiмен
көп нәрсенi аңғартуға тырысып, аз-кем тоқтай қалды. Сол арада жапырайған тамның iшiнен қолдарына
ақ қолғап киген, бойларын әбден күткен жас жiгiттер шығып, өздерi көтерiп келген темiр табақшаны
сәл-пәл төмендете ұстап тұрып, қонақтардың алдарына неше түрлi ыдысқа салынған шұқымдай
бiрдемелердi рет-ретiмен қоя бастады. Олардың жандарына темiр айыр мен қасықтарды әкеп қойды.
Содан кейiн әлгi жiгiттер iштен су құйылған шелекке салынған, бастары ақ бiрдемемен оралған
iшiмдiктердi алып шығып, олардың ауыздарын асқан бiр епiтiлiкпен ашып алды да, бұлардың
алдарына жағалай қойылған шыны ыдыстарға ақ көбiгi бұрқыраған шампанды құя бастады. Өздерi өте
ептi екен, әлгi көбiн шыны ыдыстың ернеуiнен аса бергенде құйғандарын тез тоқтата қойып, оның
быжылдап басылуын күтiп аз-маз тұрады да, ыдысқа шампанды қайтадан құя бастайды. Сол екi арада
басқа бiр даяшылар зыр жүгiрiп, бұлардың алдарына пiскен ет, әр түрлi жемiстi жағалай қойып та
үлгердi.
Аздан кейiн, ел қобырласып сөйлесiп болғасын, ұзыннан-ұзақ жасалған үстелдiң ең жоғарғы
жағында отырған Перонский орнынан тұрып, қолына шампан құйылған бокалды алып, асықпай, ұзақ
сөз сөйледi. Оны не жөнiнде айтып жатқанын Ахияр тiлмәш еш мүдiрместен қазақшаға тез-тез
аударып жатыр. Орыс ұлығының айтуынша, ақ патша осы жаққа шындап аяқ салмақшы. Хиуа мен
Қоқан әскерi орыс қолына төтеп бере алмайды. Ендi қазақтардың ақ патшаның жағына шығып, оған
көмек бергенi жөн. Ақ патша қазақтардың дiнiне, тiлiне еш зиян келтiрмейдi. Қайта қазақтарды өз
боданы ретiнде қамқоршылыққа алып отырады. Сол үшiн, орыс әскерлерiнiң алдағы шайқаста жеңiп
шығуы үшiн алып тасталық деп, Перонский бокалды түбiне дейiн бiр-ақ қотарды. Сол екен‚ орыстың
әскери кiсiлерi де отырған орындарынан атып-атып түрегелiп, ыдыстарын бiр-бiрiне сыңғырлата
соғыстырып, көпiршiген шараптарын түгесiп iшiп тастады. Тек қазақтар жағы ғана iшiмдiкке қол
созған жоқ. Олар сырты жылтыраған шыны бокалды қолдарына қалай ұстарларын бiлмей сасқалақтап,
өзара күбiрлесiп, iркiлiп, әлi отыр:
— Мынауың немене өзi, боза ма?
— Қайдағы? Бұ деген кәпiрдiң арағы ғой. Оны iшсең болды, басың айналып, жын-шайтанның
санатына енiп кетесiң.
— Астафиралла! Не дейдi?!
— Мынау ет ненiкi екен? Доңыздiкi емес пе?
— Бiлсем бұйырмасын. Әйтеуiр, исi бөлек.
— Қап, жаңа бiр кесегiн жеп қойып ем. Аузым арам боп қалды-ау!
— Е, ендi тозақ отына шыр-шыр етiп жанатын болдың.