86
Қазақтардың ұйлығысып қалғанын байқаған Ахияр даусын қаттырақ шығарып, қызыл бетi iшкен
шампаннан қызара түсiп:
— Бауырларым, мынаның бәрi қойдың етi. Қысылмай дәм алып отырыңыздар, — дедi.
Сонда ғана қазақтар уһ деп демiн бiр-ақ алды.
Тамақ үстiнде Ахияр губернатордың осы келгендегi мақсатын жасырмай айтты. Оның соңында
қаптаған орыс әскерi келе жатыр. Олардың Райымнан шыққанына бiрнеше күн болыпты. Олар
ертеңдерi осы жерге жетiп те қалмақшы. Олар бұ жерде көп тұрақтамайды, аздап әл жиып алғасын,
зеңбiрiктерiн сүйретiп барып, Қоқан бегi сұрап тұрған ана Ақмешiт қамалын қоршамақшы. Ол осы
шайқаста қазақтар өздерiнiң ақ патшаға шындап берiлгенiн көрсетсе, үлкен ұлықтың ырза болатынын
айтты.
Сол арада Елмырза сөз алды. Ол губернаторға қарап оң қолын кеудесiне қойып, басын идi де:
— Ұлы мәртебелi ұлық, — дедi — Мына келген сапарыңыз оң болсын. Қазақ жұртының ығайы мен
сығайы осында отыр. Бәрiмiз жақын арада кеңесiп, сiзге малмен де, жанмен де көмек беремiз деп бәтуа
байластық. Кәзiрдiң өзiнде мыңнан астам түйе мен ат жиналды. Оның үстiне мен, — деп ол даусын
қаттырақ шығара сөйледi. — Иә, мен жақын арада ел арасында үкiт жүргiзiп, мыңға тарта қол
жинадым. Олар тақ тұр. Ақмешiтке бiрге аттанып, соғысуға бiз даярмыз.
Ахиярдың аудармасына қарап басын шұлғып отырған Перонский күрт ырайланып:
— Жақсы екен, — дедi. Сосын Ахиярға бұрылып: — Осы кiсiмен дұрыстап сөйлесiңiз. Мүмкiн
болса, киргиздардың орыс әскерiне Хиуа ханынның тепкiсiнен құтқар деп хат жазу жағын
ойластырыңыз. Ол ертең бiздiң Англияның алдында ақталуымызға керек, — дедi.
— Күп, ұлы мәртебелiм. Бәрi болады, — дедi Ахияр иiлiп. Ол Перонскийдiң соңғы сөзiн қазақшаға
аударған жоқ.
* * *
Тамақтан кейiн, Қазалының батыс жағындағы құмшауыт жазықта ел атты казактардың өнерiн
көрдi. Аттың құлағында ойнайтын әскерлер атыс-шабысқа әбден дағдыланып, машық алып қалған
екен. Олар құйғытып келе жатып, жаңадан егiлген жас талдарды қылышпен сыр еткiзiп, тез-тез шауып
өте шығады. Бiрде арлаған қалпынан танбастан жерге топ етiп секiрiп түсе қап, iзiнше атына қайтадан
қарғып мiнiп, құйғытып шаба жөнеледi. Сүйтiп жүйткiп келе жатқан қалпы иықтарындағы аузы
шошайған мылтықтарын қолдарына ала сап, ер үстiнде тiк тұрып, шауып келе жатып, бiр қолымен
тiзгiндi ұстап, екiншi қолымен мылтықтарын тарс-тарс еткiзiп атып, анадайда үлкен ұлықтың келуiне
орай қолдан жасалып қойылған нысаналарға дәлдеп тигiзедi. Соны көрген билер мен байлардың
зәрелерi ұшты да кеттi.
Перонский сол зәренi одан әрмен ұшыра түсiрейiн десе керек, бiрде қолындағы кiшкене ақ
орамалын быжынаған қара шыбынды қуған сынды желпiп кеп қалды. Сол екен, допшылар
зеңбiректерiне қарай жүгiре жөнелдi. Олар келе бiрi зеңбiректiң үiңiрейген аузындағы шүберектi
шешiп алып, бiрi оның мойнын нысанаға қарай бұрып, екiншi бiрi оның үңiрейген тесiгiне доп салып,
әп-сәтте әбiгер болды да қалды. Олар тақталып болғасын, бiр бойы серейген сары орыс қолына
ебедейсiздеу етiп ұстап тұрған, ұш жағындағы шүберегi шала бықсып жатқан ұзыншалау таяқты
зеңбiректiң бiр жерiне тигiзiп едi, сол арада от лап ете қап, iзiнше сонау алыстан кенеттен күн
күркiрегендей болды. Iзiнше қатарынан гүрс-гүрс ете қалған қорқынышты бiр дыбыс шықты. Бұрын
мұндайды естiп көрмеген қазақтар шошып, құлақтарын қолдарымен баса-баса қалысты.
Соны көрген Тоғанақ түнерiп тұрып:
— Мына сұм елдiң зәре-иманын алайын дедi. Бұдан кейiн бас көтерiп көр, — дедi.
— Иә, айтары жоқ.
— Доб бұларда ғана бардай-ақ атып жатқандарын қараш! Ана Хиуаның зеңбiрiгi де бұлардiкiнен
iж қалыспайды. Тек мыналардыкi көптеу сықылды.
— Көп қорқытады, терең батырады деген.
Сол күнi атты казактардың ойыны күн батқанша созылды. Кешкiсiн қазақтар ауыл-ауылдарына
тарай бастады. Елмырзаның айтқаны жүрiп, қазақтардың қолы келесi жұмада Төретам маңында
жиналатын болды. Тоғанақ қартайдым дегендi сылтаулатып, осы сапардан лұқсат сұрады. Қарасақал
Шағырай батырдың да бұл жорыққа қатынасуға кеуiл қошы соқпады.
* * *
Халық тарап кеткеннен кейiн Перонский Елмырза мен Ережептi алып қап, тағы да сый-сияпат
көрсетiп‚ олардың үстерiне бұлғын iшiк жапты. Сосын бiр қызметшiсiн жүгiртiп, үстi-басын сәндеп
ұстайтын бiр орыс жiгiтiн шақыртып алды. Захваткиннiң үйiнде көнетоздау клавесин болатын. Әлгi
келген жiгiт Алябьев едi. Петербургтан қуылғалы өзi өнердi жақсы көрем дейтiн Перонскийдiң
жанынан шықпай жүр. Ол анада Петрашевскийдiң үйiрмесiне қатысып, жазаланған кiсiлер осы жақта
бар деп естiген. Ендi мынадай үлкен жорыққа өзi де қатынасып отыр. Кәзiр жаз айы басталып, Сыр
бойы ыси бастаған кез. Мұндай ыстықты бұрындары көрмеген Алябьев әуелгiде қиналып бiттi. Әлi де
ысылдап-пысылдап отыр. Ол Перонскийден жарлық болғасын, клавесиндi құйқылжыта тарта жөнелдi.
Захваткиннiң әйелi Мария Ивановна оған қосылып, шырылдап ән айтты. Тосын әуен құлақтарына
жақпаса да, Ережеп пен Елмырза қатты ұнатып отырғандай сыңай көрсеттi. Ара-арасында екеуi
күбiрлесiп қояды:
— Мынау өздерiнше жырауы болды ғой.
— Сыңайы солай.
— Мына қатынның даусы шырылдап, кiсiнiң төбе құйқасын шымырлатады екен.