87
— Ойбай, үндеме. Ана антұрған татары айтып қойып жүрер, — деп Елмырза күбiр ете түстi. Сосын
аузын мұның құлағына жақындатып, сыбырлай сөйлеп: — Немене бiздi... осылармен болайын деп жүр
дейсiң бе? Бәрi де амалдың жоқтығынан емес пе? Басқа түссе, баспақшыл деген, — деп‚ сөзiнiң аяғын
жұтып, көзiн сығырайта күл-дi.
Ережеп те күлдi. Iшiнен: ”Мына қудың әлi iшiнде бiр бау жантағы бар екен-ау”, — деп қойды.
Сол арада Елмырза берi қарай бiр ысырылып қойып:
— Осы Жәнiбек неге жоқ? — дедi.
— Қайдам. — Ережеп екi иығын қиқаң еткiздi.
— Әлде ана Қоқан жағына шығып... қоқаңдайын дей ме?
— Ау, ол деген баяғыдан солай емес пе? — деп Ережеп оған ендi тура бұрылып қарады.
Жылтыраған кiшкене көзiнде мынау әдейi сұрап отырған жоқ па деген бiр күдiк бар.
— Солай ма едi? Менi оны қайдан бiлейiн, — деп Елмырза жорта таңғалған болды. — Е, онда
ертең қан майданда кездесемiз де.
— Кездескенде қандай!
— Сонда... өзi...
— Бәрi де дұр-р-р-е-ес...
* * *
Олар ертеңiне жер-жерге, ру ақсақалдарына әскер жөнiн айтып, шабар жiбердi. Елмырза ендi
кiдiрмей, қасына Шатайды ертiп, Төретамға кеттi. Ережеп болса, Қалмырзаны шұғыл жұмсап, өз
ауылын Ырғыз жағына дендеп көшсiн, күзеуге дейiн сояқтан берi құламасын деп қатты тапсырды.
Сосын Захваткинге барып, өзiнiң жиналған малдың жанында болатынын айтты. Ондағы ойы белгiлi
едi. Кешелерi ол ел-елдi атты казактарды ертiп барып, қорқыта жүрiп, сөгерлiгi артық түс айыр түйе,
қызыл маяларды бұйдасынан тiзiп алған-ды. Ендi сондай асыл тұқымды мына әскердiң зеңбiрегiн
сүйрететiн мал ретiнде тұтынғанды қолайсыз көрдi. Оны дереу өзiнiң жаман қоспақтарына тұяққа тұяқ
етiп айырбастап алуы керек. Ол осы арада қасында айтқанын қайт етпейтiн Шәкидiң болмағанына
өкiндi. Кiнә өзiнен де бар. Қайратты жiгiтке сыбағасын өзi ойдан-қырдан ұрлап әкелiп жатқан тегiн
малдан көбiрек етiп беруге iштарлық еттi. Сол арада шұғыл бiр ой басына шауып, қасында емпеңдеп
келе жатқан Тиышбекке қарап:
— Сенi бiр жерге жұмсасам кәйтедi‚ а? — дедi.
— Ережепжан, сен айтсаң, ағаң құстай ұшады ғой, — деп анау дереу елп ете қалды.
— Өзiң бiлесiң, анада Шәки iнiме зәбiрiм тиiп кетiптi. Өз бұрыстығымды кейiн бiлiп жүрмiн. Әгәр
сен соған барып, iнiммен қайтадан табыстырсаң...
— Не бересiң? — деп Тиышбек көлденеңнен қойып кеп қалды.
— Бiр ат мiнгiзем.
— Онда болды. Уәде Алланың аты деген. — Тиышбек қолын мұның қолына сарт еткiздi. — Құдай
берген қызыл тiл тап түбiнен қырқылып қалмаса, iнiңдi ертең алып келем.
Тиышбек, шынында да, өз сөзiнде тұрды. Қалай көндiрсе солай көндiрсiн, ертеңiне Шәкидi ертiп
әкелдi. Ережеп осы арада баяғы әккiлiгiне басып жылмаңдап, аман-саулық сұрады да, атынан қарғып
түсiп, өзiнiң атын тiзгiнiнен жетелеп әкеп:
— Айналайын, түбi бiрге түртпейдi деген. Айып менде. Мынау айыбымның өтеуi. Саған басы
бүтiн бергенiм, — дедi.
Бұлай болады деп еш ойламаған Шәки табан астында сасып қалды. Ол қысылтаяңда не дерiн
бiлмей:
— Мырза, ендi бұл... өзi қалай? — дей бердi.
— Өй, оның не қалайы бар? Құдай иiп берiп отқанда, мiнсейшi, — деп Тиышбек сол арада сасық
күзенше шақ ете қалды.
Ережеп сол арада тағы да әккiлiгiне басып:
— Бұл менiң өз бергенiм. Ал ана келiн мен жеңгемнiң сыбағасы бөлек, — деп, оған тағы үстемелеп
екi боталы iнген бердi.
Мынадай аяқ астында малды боп қалғанына жарлы жiгiт бiрден қуанып сала бердi. Ол бiр демде
баяғы ренiш-дығын ұмытып, мырзаға жалпылдады да қалды:
— Мырза, алдыраз болсын! Еңбегiң құдайдан қайтсын.
— Жарайды. Ал ендi демал. Сосын ана ауылыңа бар да, шешең мен келiндi Қырға көшiр. Осы
сенiң күшiк күйеу болғаның жетер. Ендi атқа мiнiп, бұрынғы қосшылығыңды жаса.
— Мақұл, мырза.
Ережеп Тиышбекке де бiр ат мiнгiздi. Ертеңiне ол Шәкидi оңашалап шығарып алып, шаруасының
жөнiн айтты да‚ тездетiп қырық-елудей асыл түйенi алдына салып айдатып жiбердi. Шәки:
— Бiлiп қалмай ма? — деп едi, Ережеп қолын бiр-ақ сiлтедi:
— Ен-таңбаны өмiрi көрмеген орыс ненi бiлiп қарық қылады? Тарта бер!
Шәки сол түнi түйелердi Қырға айдап әкеттi. Ол бiр жұмадан соң барып қайтып келдi. Бұл кезде
Қазалы үстiн қалың нөпiр басып кеткен едi. Қолдағы түйелердi зеңбiректерге жегiп, арбаларының
дөңгелектерi сықырлап, орыс әскерi Ақмешiтке жүрмекке дайындалып жатқан-ды. Шәки соған
қосылды да кеттi. Бiрер күннен соң орыс әскерi ұбап-шұбап Ақмешiтке қарай жолға шықты. Ережеп
жолбасшы ретiнде ләшкердiң алдында болды.
Қосқорғанға жете бере оларға мың қаралы жiгiтi бар Елмырза қолы келiп қосылды. Күннiң
ыссылығына қарамастан, олар еш жерге тоқтамай жүрiп отырды. Жолшыбай ұшырасқан қазақ
ауылдарын талап, ит топалаңын шығарып, қалың қол айдаһарша ирелеңдеп, Ақмешiтке қарай жылжып
келе жатты.