Стр. 89 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

88
7
Аламесектiң түбiне жақындағанда күн жанып кеттi. Бұрын-соңды мұндай ыссыны көрмеген орыс
әскерлерi пора-пора боп терлеп, жүздерi күнге күйiп, қап-қара боп кеткен. Өздерi қылқиған
мойындарына орап асып алған скатка-шинельдерiн ауырсынып, сыртына терiмен қоса соры шығып
кеткен гимнастеркаларын шешiп ап, мына борпылдақ топырақтан ұшқан шаң бұрқ-бұрқ етiп жатқан,
әбден соры шығып кеткен алқапта ұнжырғалары түсiп, сiлелерi қата шаршап, iлбiп келедi. Олардың
iшiндегi шөлге шыдамсыздары сәт сайын ұзын саптың орта шенiнде келе жатқан арбаға тиелген бөшке
жаққа барып, қалайы кружкасымен сыртына жалпақ қаңылтырдан құрсау салынған ағаш бөшкедегi
жылып кеткен қанжылым суды iше бередi. Онысы әп-сәтте тер боп қайта шығады. Сол тершiп
жылтыраған денеге соры көп, кебiртек жерден ұшып жатқан шаң қонып, солдаттардың үстерiн бiр
түрлi етiп ағараңдатып жiберген. Осы кезде нағыз талтүс болып та қалған едi. Ертеден сонау тақтайдай
тегiс даланың бiр шетiнен көрiнген күн түске таман тас төбеге өрлеп барып, бiр сәтке дамылдағандай
боп қимылсыз қалған қалпы, мына бейсеубет келе жатқан жүргiншiлерге таңданғандай шақырая қарап,
өзiнiң бойындағы бар қуатын осы бiр аядай ғана Сыр бойының төңiрегiне аямай төккiсi келген
сыңайлы. Ауада үп еткен леп жоқ. Нағыз аңқа кептiрер қапырық. Соған шыдамаған торғайлар кiшкене
қызыл сирақтарын бауырларына алып, ауыздарын аша қаталап, жол жиегiне қаптай өскен боз
жусанның болымсыз көлеңкесiне тығыла қалған.
Перонский әскерлердi ендi қинаудың ретсiздiгiн бiлдi. Ол бiрде алғы жаққа жiберiлген
шолғыншылардың басшысын қасына шақырып ап, жақын жерде өзен, көлдiң бар-жоқтығын сұрап
бiлдi де, Қараөзектiң шамасына келгенде, мына шаршап келе жатқан қолды осы арада тынықтырып
алғанды жөн көрдi. Одан бұйрық болғаннан кейiн, адъютанттар қолдың алдыңғы жағына қарай жердiң
шаңын ұшыра отырып, сатырлатып шаба жөнелдi. Аздан кейiн қалың қол Қараөзектiң жағасына жете
бере ошарылып тоқтады. Сол екен, Сырдан өзiнше бiр сала боп жырылып ағатын Қараөзектi көрген
бойда, ендi әбден қаталап, күнге күйiп келе жатқан қалың солдат командирлерiнiң айтқандарына құлақ
аспай, лайлана ағып жатқан өзекке лап қойды. Келе олар үстерiндегi гимнастеркаларын асығыс-үсiгiс
шеше сап, скатка-шинелдерi мен бесатарларын былай лақтырып тастап, кiсiнiң кеңiрдегiне дейiн
келетiн бой бар жерлерге гүмп-гүмп етiп сүңги бастады. Оны көрген қалған солдаттар да өзектегi суға
қарай жапырылыса ұмтылып, келе белуарларына дейiн шомылып, беттерiн жуып, бiр сәтте абыр-
сабыр болды да қалды.
Кiшкене терезелерiне шаң қонып қалған күймесiнiң ашулы есiгiнен жан-жаққа самарқау қарап
отырған генерал Перонский қанша шөлдесе де қасындағы нөкерлерiне сыр берген жоқ. Ол сол арада
елгезек адьютанты әкеп берген бiр кружка суды мейiрi қана iштi. Сосын тiккен күймесiнен түсiп,
қосшыларының анадай жерде тiгiп үлгерген шатырына қарай бет алды. Келсе, жалаңқат брезенттi
бұйым демей күннiң ыстығы iшке қарай өтiп те кеткен екен. Содан да болса керек, кiшкене шатыр iшi
жанып тұр. Басқа араға барып саялайтын жердiң жоқтығын бiлген генерал көмекшiсiне осындайда
өзiмен бiрге алып жүретiн жиналмалы төсегiн құрғызды да, өзi үстiндегi сырт киiмiн шешiп,
шатырдың бiр жерiне iлiп, толыса бастаған денесiн әрең дегенде қозғап, темiр төсектiң әбден тоза
бастаған пружиналарын сықырлата жатты. Сосын орамалымен тершiген бетiн сүртiп, өз-өзiнен ерiксiз
жұмылып кете берген көзiн жұмып ап, азырақ тынығып алғанды хош көрдi. Оның осы қалпын айқын
аңдаған адъютанты зып етiп сыртқа шығып кеттi. Ол кеткесiн, Перонский төсегiнде созылып жатып,
әлденеге кешелерi өзi Қазалы бекiнiсiнде көрген бiр қазақ жөнiнде қайта-қайта ойлай бердi. Басын
шұлғып тастап, қаншама ұмытайын десе де, оның кесек дене бiтiмi, салқын жүзi көз алдынан бiр
кетпей қойды. Бұл тағы да iшiнен: “Оны... осы қай жерде көрдiм?” – деп ойлай бастады. Сосын өзiнiң
осы Орынбор өлкесiне қашан генерал-губернатор болып келгенiнен бастап iстеген аруаларын есiне
алды. Қарап отырса, мұның осы Сыр өңiрiне аяқ басқан кезi... иә, иә, аяқ салған кезi... баяғы бiр кезде
едi ғой! Онда орыс әскерлерiнiң аса қиындықсыз Сiбiр жаққа дендей, сұғына енiп бара жатқан бiр
жағдайын байқаған бұл ақ патшаның көзiне түсiп қалғысы кеп, осы Орынбор жағынан да Сыр бойына
қарай сұғына енетiн бiр жоспарды жасап, жоғарғы жаққа ұсынған едi. Өзi сол үшiн Санкт-Петербургке
бiрнеше рет барып та қайтты. Ақыры не бiр емен есiктi кең кабинеттерде отырған талай қасқабасқа өз
жоспарын еш жалықпай түсiндiрiп берiп, олардың өзiнiң ұсынысын қолдауын өтiнiп, шаққа дегенде
патша ағзамның лұқсатын алған болатын. Ол сол жылы, баяғы 1839 жыл-дың қысында Қоқан ханының
бiр бекiнiш боп тұрған Ақмешiт қамалын зеңбiрегiн сүйреткен аз ғана әскермен барып, оп-оңай басып
ала қоям деп ойлаған едi. Кейiнiнен ойлап қараса, онысы жеңiлтектiк, барып тұрған көрсоқырылық
болыпты. Сүйтiп бұған да нағыз Наполеонның керi келдi. Мұндайда құдайдан оңға басқан қадамың
керi кетпесiн деп тiле. Бұлар артынып-тартынып, қару-жарақ, азық-түлiк тиелген арбаларын тырнаша
тiзiп Орынбордан шыққанда-ақ көптен берi бiр қалыпта тұрған ауа райы күрт бұзылып, кенеттен
ақбасқын басталды да кеттi. Бұлар сол боранмен алысып жүрiп, шаққа дегенде Ырғыз бекiнiсiне кеп
жеттi. Соған жетем дегенше арбаға жегiлген өгiздердiң жарым-жартысы ыңыршағы айналып, ұлыған
сұр қасқырларға жем болып жолда қалды. Бұл Ырғызда екi аптадай айналып, солдаттарды дем
алдырып алғасын, ендi қолдың етек-жеңiн жинақтап, атты казактарды алға сала отырып, қыс айының
бiр бораны толастаған күнiнде Ақмешiттi бетке алып жолға шықты. Бұл жолы олар онша қиындық
көре қоймай, Арал теңiзiнiң бiр бүйiрiне орналасқан Райым бекiнiсiне дер уағында жеттi. Онда бiр
аптадай жатып, ес жиғаннан кейiн, қалың қол ендi Ақмешiтке төтелей тартып, жолға шыққан едi. Сол
екен, бұлар шыққан бойда-ақ тағы да ақбасқын басталды да кеттi. Бұлардың ендi Қазалыға жетуi
күшке түстi. Аспаннан борап, жерден суырып тұрған ақбасқын көздi ашырмай, iлгергi жақты қымтап
ап, қалың қолдың әбден құтын қашырды. Кешелерi тынығып ап, кеуiлдерi бiр көтерiлiп қалған
әскердiң ендi ұнжырғасы түстi де кеттi. Сондай жағдай офицерлердiң арасында да байқала бастады.