89
Сүйтiп суық сорып, жөндеп ыссы тамақ iшпей, барынша титықтап, әлсiреген әскерлерiне сол кезде...
осы қазақ бастаған мыңнан астам қол келiп төтеннен тиiскен-дi. Бұлар оқтарын үнемдей отыра
атысып, шаққа дегенде қырылмай аман қалды. Сол жолғы шайқаста көп кiсi оққа ұшып мерт болды.
Сонда бұл осы ақ сары жүздi қазақтың батырлығына таңғалған. Ол астындағы есiк пен төрдей көк
атын ойқастата шауып кеп, испаһани қайқы қылышын онды-солды сермегенде, талай адамның
кәлләсы допша домалады. Бiрде ол мұның күймесiне қарай ұмтылды. Оны адьютанты атқылап, оғын
дарыта алмай қойды. Сол арада араға кеп түскен атты казактар ғана мұның жанын аман-есен алып
қалды. Болмаса екi-талай едi. Содан берi осы кiсi талай рет түсiне де кiрiп жүрдi. Бiрнеше рет
бастырылып, шошып оянды. Содан берi Ақмешiттi қалай басып алудың талай жоспарын жасаған.
Мына жорығы сәтсiз боп аяқталғасын, император І Николайдың алдында мұның абыройы айрандай
төгiлген-дi. Патша ағзам ендi мұның ұсыныстарына селқос қарап, айтқан сөзiн жүре тыңдайтын болды.
Соның салдарынан өзi Орынбордағы қызметiнен кетiп, басқа жерде жұмыс iстеп жүрдi. Тек жақында
ғана ақ патшаның мейiрiмi түсiп, бұрыннан тәжiрибесi бар ғой деп, осы Ақмешiтке жорық жасардың
алдында Орынборға генерал-губернатор етiп қайтадан тағайындады. Бұл келе салысымен бар
жағдайды қатты тексердi. Ең бiрiншiсi — ол ел арасында беделi бар, би, батыр, ақсақал-
қарасақалдардың арқаларына шапан жауып, сый-сияпат берiп, олардың беттерiн өзiне қаратып алды.
Содан кейiн барып бұл жансыздарынан түсiп жатқан ақпараттарды мұқият тексердi. Олардың
айтуынша, Ақмешiттiң қорғаны қам керпiштен соғылған. Кейбiр жерi соқпа көрiнедi. Қамалды
қорғайтын әскер саны онша көп емес. Оның үстiне жергiлiктi қазақтар Қоқан бегiн ұнатпайтын
көрiнедi. Соның бәрiн есептеп отырып, ол биыл қалайда жорыққа шығу керек деп түйдi. Соған белiн
бекем буған ол І Николайға жиiлетiп жолдап жатқан хабарларында оны ендi жорықты бастауды
кешеуiлдетуге болмайды деп сендiрiп бағуға тырысты. Ақыры мұның ұсынысының орындылығына
көзi жеткен патша ағзам жорықты бастауға келiсiмiн бергеннен кейiн, бұл жорық жабдығына қызу
кiрiсiп кеттi. Дереу екi жүздей атты казакты шаптырып, Орынбордың айналысына жақын отырған
қазақ ауылдарынан он мыңнан астам түйе мен жылқы, қой-ешкiнi тартып алдырды. Бұл жолы ол өзiнiң
ана бiр жылы жасаған кәтелiгiн жасаған жоқ, генерал бұрынғыша зеңбiректердi арбаларға артпай,
оларды сiңiрлi, белi қуатты деген түйелереге тиеттi. Соның себебiнен ол Ырғыз бойында созылып
жатқан еспе құмнан көп қиналмай өтiп, Райым бекiнiсiне ойлаған уақытында жетiп алды. Ол
Райымның бастығын қөинап отырып, жақын маңдағы қазақ ауылдарынан он шақты түйешiнi
таптырып алдырған. Кәзiр олар бағып-қағып келе жатқан түйелердiң жағдайы жақсы, өздерi мына
жердегi сораң мен ащы шөпке ауыздары тигеннен кейiн, екi өркештерi баладай боп, қоңданып та
алған-ды. Бұл болса, адъютантын зыр жүгiрте отырып, қазақ түйешiлердiң қамын жасатып баққан-ды.
Ендi кәзiр де ол адъютантын түйешiлерге шаптырып, түйелердi шөгерiп, зеңбiректердi түсiрiп,
жануарлардың белдерiн жаздырып алсын деп бұйрық берген болатын. Сол тапсырманы алып,
көмекшiсiнiң түйешiлерге кеткенiне бiраз боп қалды, бiрақ одан әлге дейiн хабар-ошар жоқ. Егер ол
iстi тындырып келсе...
Iшке рұхсат сұрап, Захваткин кiрдi. Перонский мұның алдында мүләйiмсiне қаздиып тұрған оған
отыр деп ишарат жасады. Ол отырғасын барып:
— Осы... әнеукүнгi қазақ кiм? — деп сұрады.
Захваткин мұның кiм жайында сұрап отырғанын бiрден түсiнiп:
— Осы төңiректiң өте беделдi батыры. Аты Тоғанақ, — деп тез арасында тақ еткiзiп жауап бердi.
— Өзiн... өте беделдi дейсiң бе?
— Иә, нақ солай! Оның арғы атасы кезiнде ұлы мәртебелi Анна Иоановнаға бодан боп,
императрицадан балдағына алтын жалатқан қылыш алған.
— Е, солай де. Сонда өзi қалай, сенiмдi ме?
— Ұлы мәртебелiм, бұл киргиздарға кiсi сенiп бола ма? Олар күнi түсе қалса, бүгiн бiздi, күнi
түспесе, ертеңдерi ана Хиуаны қолдап шыға келедi. Оларды... — Ол оң қолының алақанын жайды да,
iзiнше мыртық саусақтарын бүгiп тұрып, Перонскийге жұдырығын түйiп көрсеттi: — былай етiп
ұстамаса болмайды.
— Түсiнiктi. Демек, Тоғанақ батырды кейiн... ретiн келтiрiп...
— Әлбетте, ұлы мәртебелiм.
— Әзiрше Ақмешiтке табан тiреп алайық.
* * *
Ертеңiне қалың әскер қайтадан жорыққа шықты. Олар арбалары сықырлап, бiр қырдан асып
кеткенде барып, аттарына қонған, Елмырза бастаған қазақ қолы оларға қосылмай, ұшқан шаңнан
бойларын аулақ ұстап, бiр бөлек жүрiп отырды.
Бұл кезде таңғы салқынның ендi-ендi ғана салқын лебi қашып, ауаның аздап қыза бастаған кезi
болатын. Осы кездi пайдаланып, жолды өндiрiп алайық деген қалың қол тырнаша тiзiлiп ап, жiтi жүрiп
барады. Олардың алдыңғы жақтарында найзаларының ұштары қылт-қылт етiп, астарына мiнген аттары
қылаңданып сала берген, Перонский ау-жайды байқап, дер кезiнде кейiндегi штабқа хабар жiберiп
отырдыңдар деп тапсырма берген шолғыншылардың қаралары алыстан бұлдырап көрiнедi. Маңайда
үп еткен жел жоқ. Осы кезде арқан бойы көтерiлiп қалған қуатты күн Сыр бойын тағы да тандырша
күйдiретiнiн сездiргендей, зеңгiрге қарай ақырындап көтерiлiп барады. Бiрақ оны елең етiп жатқан
орыс әскерi жоқ, олар осы жердi өмiр бақи егеленетiн кiсiлерше аяқтарын ордаңдай басып, iлгерi
жылжуынан бiр де танар емес. Қалың қол бiр-екi сағаттан соң жиегiнде қалың өскен қамысы сарғая
бастаған бiр кiшкене көлге кеп құлады. Сол арада батальонның командирi қолды тоқтатып, әлгi көлдiң
арғы бетiнде отырған бiр ауылды көрiп, ол жаққа дүрбi салып қарады. Ол бұл ауылда ешқандай да
әскердiң немесе күдiк тудырар басқа бiр нәрсенiң жоқтығын көргеннен кейiн, дереу адъютантын