Стр. 93 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

92
қағаздарда қызық-қызық нәрселер көп едi. Мәселен, мына Елмырзаның арғы атасы боп есептелетiн,
кезiнде Ресейдi жаулап ап, оны табаны күректей үш жүз бойы билеген, атақты Алтын Орда
империясын құрған Шыңғыс ханнан тарайды делiнген мына төрелер қазақтарды пәленбай жыл бойы
билеп келдi. Олардың бұл елдi әлi де билемек ойлары бар. Соны жақсы бiлетiн Ресейдiң патшалары
әккi саясат қолданып, әуелi сол төрелердiң ауыздарын өздерiне қаратып ап, олардың арқаларына шен-
шекпен жауып, азбенен алдарқатып, мәз қып қойды да, қазақ жерiн жаулап ап, бекiне бастағаннан
кейiн әлгi князь, хансымақтарды бiртiндеп билiктен ысырып келедi. Соған көнбеген Қайып хан
Қырғыз асып мерт болды. Оның бүлiгiне ермей, басын қайттап қалған төрелер, әсiресе, императрица
Анна Иоановнаға кезiнде ант берiп, бодан болған Әбiлқайыр ханның ұрпақтары боп саналатын, Кiшi
Жүздiң Нарын дейтiн құмында орналасқан, Бөкей ордасын сұрап тұрған Жәңгiр ханнан дөреген
сұлтандар ендi мұсылман бiлiмiнен бас тартып, өз балаларын орыс оқуына берiп, әскери кiсi етiп
шығаруға тырысып, әлден-ақ І Николайдың ығын алуға биттерiн салып-ақ жүр. Олардың да көкейiн
тесiп тұрған — осы билiк, соның бiр шет пұшпағына жармасып қалу, содан айрылып қалмау жағы.
Соны жақсы бiлетiн Перонский Елмырзаның әлгiнде өзiне қазақтарға жаны ашыған кiсi құсап кеп,
недәуiр сөз айтқанын есiне ап, кенеттен ащы мырс ете түстi. Ол iшiнен, бұ не деген көрсоқырлық, деп
ойлады. Шындығына келгенде, осы әлемде бiреудiң қамын бiреу жей ме? Сүйте қойған күннiң өзiнде
әлгiнiң қамын жасаған кiсi ортақ үлестен өзiне жiлiктiң майлы жағын көбiрек тартуға тырыспай ма? Ал
бұлар болса, соны бiлмей, Қоқан мен Хиуадан азат етемiз деген өтiрiк сөзге сенiп, дарақыланып, құр
бекерге даурығысады. Жарайды, орыс әскерi Қоқан мен Хиуаның қолдарын қазақ даласынан қусын-ақ
дейiк. Сонда олардың орындарын кiм басады? Әрине, орыстар басады. Сонда бiреудiң құлдығынан уһ
деп босанған болған бұ қасқалар орыстардың табанына түскееннен кейiн неге, қандай азаттыққа еге
болам дейдi екен? Қашанда бiреуге күнi түсiп, соның айтқанына шыға алмай жүретiн бодан ел, — мың
жерiнен тәттi тiлмен алдасаң да, бiреуге бағынышты ел. Үйтiп бiреуге күнi қараған жұрттың күнi
құрсын. Екi көзi телмеңдеген жетiм бала да бiр, ондай ел де бiр. Ендi бұлар мына Орта Азиядағы
кiшкене хандықтарды ұрымтал тұста соғып, тездетiп бағындырып, Англия мен Францияның алдын
орап кетсе, Ресейдiң жерi одан әрмен кеңейе түспек. Содан кейiн Шығыс Түркстанды жаулап алуға
төте жол ашылады. Одан кейiн... Ресейдiң қазынасына мына жабайы жұрттардың бар жиған дәулетi,
дүние-мүлкi алтын, күмiс боп, өйдәй, құйылады кеп! Сосын Ресей жер жүзiне қожа боп, билiк құрып
тұрмақшы. Бiрақ бұлардың үйтуiне Батыс Европадағы күштi-күштi империялар ерiк берер емес.
Әсiресе, осы жолда Англия барын салып-ақ жатыр. Кешелерi бұл бiр сенiмдi кiсiлердiң айтуынан, ақ
патшаның Англия королiмен Үндiстан мен Орта Азиядағы хандықтар арасында битарап жер
қалдырайық, бiр-бiрiмiздiң мүддемiздге қайшы келмейiк, деп келiсетiн бiр ыңғай көрсеткенi жайлы
естiген-дi. Әрине, бұл iшкi қыртысы жетерлiк саясат қана. Кәзiр оған алдана қоятын ешкiм де жоқ.
Әсiресе, Африка мен Үндiстанда пәленбай колониясы бар Англия үкiметi өмiрi тәттi тiлге алданбайды.
Олар Ресейдiң патшасымен ымыраға келетiндей кейiп көрсетiп, тынымсыж келiссөз жүргiзiп отырса
да‚ өз жансыздарын Хиуа мен Бұхараға қаптатып жiберiп отыр. Ол жансыздар келген бойда-ақ Хиуа
ханының әскерiне зеңбiректi қалай құюды үйретiп, оларды соңғы үлгiдегi мылтықпен қаруландырып
жатыр. Сонда олардың әлгiндей келiсемiз деп жүргенi не сөз? Әлде бәрi де бер жағымен айтылған, жәй
алдаусыратқан, түбi осал, бос сөз бе?
Генерал кенет осы ойдан басын арылтып, еңсесiн тiктеп, көтерiп алды да, адъютантын шақырып
ап:
— Әскер тынықсын, ертең ерте таңғы салқынмен жүремiз‚ — деп бұйрық бердi. Ол шатырдан
шығып кеткесiн: “Осы түнгi салқынмен неге жүрмеймiз, а?”‚ — деп бiраз ойланып отырды. Сосын көз
алдына Елмырзаның қап-қара боп кеткен жүзi көлденеңдей келе қап, лезде ол ойынан бас тартты. Жо-
о-қ, үйтуге болмайды. Бұрын сыры таныс емес өлкеде түнде жүру аса кәуiптi. Оның үстiне бұл мына
қазақтардың өзiнiң алдында иiлiп-бүгiлiп, беттерi жылтырай күлiп, жалпылдап жатқан
жолбасшыларына онша iштей сене де бермейдi. Сондықтан да өзi ерте тұрып, жарық кезiнде, таңғы
салқынмен жүрiп отырып, алыс жолды өндiрiп алғанды қолай көредi. Оның бүгiн де солайша әмiр
бергенiнiң бiр себебi осы болатын.
Осылайша таңғы салқынмен, күн жарықта жiтi жүрiп отырған қалың әскер екi-үш күннен кейiн
Сырдың бұралаң бiр тұсына кеп тоқтады. Перонский осы жерде бiр күн демалғанды жөн көрдi. Соған
бекiнген ол өзiнiң штабына офицерлердi жинап алды да, алдағы болғалы тұрған шаруаның мән-жайын
қысқаша айтып шығып, оларға күзеттi күшейтiп, шолғыншыларды Ақмешiт жаққа жiберiп, барлау
жасаңдар, деп қатты тапсырды. Сосын олар штабтан шығып кеткесiн Перонский көзiлдiрiгiн киiп,
сықсиып жанған май шамның жарығында өзi үнемi осындай жорық кезiнде алып жүретiн картасына
үңiлiп, оның әр жерiне қарындашпен белгi соғып, болашақ шайқастың жоспарын жасай бастады.
8
Әкесiнiң аяқ астында ас бергiзiп, өз мiндетiнен құтылуға асыққанына Жәнiбек қатты таңғалды.
Ертесiне ауылға қайтып келе жатып қасындағы Қожаққа үндемедi. Құлқа батыр қайтқалы Қожақ бiр
ауылдың басшысы болып қалған. Биыл көктем кезiнде Шарапат босанып, арыстай ұл бала тапқан.
Шiлдеханасына Жәнiбек бара алмай қалған. Кеше ас үстiнде осы Қожақты қасына шақырып ап,
Ақмешiтке барып қайтудың ретi келiп тұрғанын айтып, қасына жолдас болып ерiп жүр деп өтiнiш
еткен-дi. Ер мiнездi жiгiт мұның айтқанын қайт қылмады. Ауылына да соқпастан, бұған ерiп жүре
бердi.
Күн шiлде айының жақындағанын сездiрiп‚ әлден-ақ ыси бастаған едi. Әсiресе, Қуаңның бойы
түске тарта жанып кеттi. Жәнiбек үстiндегi жеңiл шапанының өңiрiн ашып тастап, ат үстiнде келе
жатып, қалың көкке кекiрелеп, жайқалып тұрған далаға бiр рет көз тастады. Кеше күнi бойы басынан