Стр. 94 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

93
бiр қолайсыз ой кетпей қойған. Кiсi мына тiршiлiкке келедi, әркiммен ит ырқылжыңдасып жүрiп, бiр
күнi ұзақ сапар шегедi. Оның артында улап-шулап бала-шағасы қалады. Кеше ғана бiр өзi иемденiп
жүрген ару жары ендi басқа бiреудiң құшағында жатады. Бұдан асқан опасыздық бар ма екен, сiрә?
Бiреудiң өмiр бойы қызық, алданыш көрiп келген сыбағасына көз аларту ынсапсыздық емес пе?
Кешелерi өзi де сүйттi. Ескi жол-жобадан аттап өте алмады. Бәрiнен де мұны қинағаны — некелеген
жеңгесiнiң еш қынжылмастан, төсегiне кiрiп, жата кеткенi болды. Бұл содан бiр түрлi боп сескенiп
қалған. Содан берi қалың ойдың үстiнде. Жаңа ауылдан шыққанда да осы ой басынан кете қоймаған-
ды. Ендi кең далаға шығып, таза ауаны жұтқасын барып, содан аздап арылғандай болды. Кеуiлi
көтерiлiп, жан-жағына бiр рет көз тастап қойды. Есiне баяғыда түнде келе жатып, бар дауысымен
айқайлап “Ақкербездi” айтқаны түстi. О да бiр қызық дәурен екен-ау! Содан берi бiрнеше жыл өтсе де,
айлы түнде желе-жортып келе жатып, Ақкербезге жеткенше ынтыққаны, қашан соны оң босағадан
аттатам деп армандағаны алыстағы бiр елестей жалт-жұлт етiп көз алдынан өтiп шыға келдi. Ендi,
мiне, Ақкербездi түнде құшағына алып жатып, сол арманының бедерi тайған күмiс теңгеше
құнсызданып бара жатқан бiр сыңайын байқап жүр. Асылы адам баласы қолындағы алтынның кәдiрiн
тiрiлiгiнде бiле бермейдi ғой. Қашан қолыңнан шығып кеткенде барып өкiнесiң. Өзiңдi-өзiң басқа
төбелейсiң. Жалпы қымбат дүнияның құны осындайдан бiлiнетiн болса керек. Мына әмеңгерлiк
жағдайын естiген Ақкербез не дейдi? Оның Айжамалмен татуласқаны жақында ғана едi. Ендi қалай
болар екен?
Олар түс әлетiнде Көседегi ауылына жеттi. Аттарын тұсап жiберiп, өз отауына келдi. Бөпесiн
бесiкке салып, емiзiп отырған Ақкербез мұны көрiп, орнынан тұра бердi. Қонақтан ұялып,
омырауының iлгегiн тез-тез салды. Жүзiнде бiр түрлi мұң бар. Аялы көзi арам дүнияның есiгiнен аттап
келдi-ау дегендей жазғыра қарайды.
Жәнiбек қолайсызданып, қамшысын керегенiң басына iле салды да, етiгiн шешiп, мәсiшең қалпы
оң жаққа барып отырды. Қожақ жайғасқасын барып, Ақкербезге қарап:
— Қалай, амансыңдар ма? — дедi.
— Шүкiршiлiк. — Ақкербез ернiн жыбырлатты да қойды. Бұрын бұл түзден келгенде шәй қойып,
лыпып жүрушi едi. Бұ жолы оның ешнәрсеге ықылассыз екенi көрiнiп тұр.
— Ағамыздың асын берiп келе жатқан бетiмiз. Бүгiн Ақмешiтке жүрем. Ол-пұлды даярла.
Ақкербез үндемей, аяғын ақырын басып, сыртқа шығып кеттi. Содан шәй қайнағанша iшке басын
сұққан жоқ. Жәнiбек бесiктi өзiне қарай жақындатып, кiшкене танауы пыс-пыс етiп жатқан нәрестеге
қарады. Оның үстiнен сүт иiсi шығады. Сол арада ол өзiнiң бойы қалай босап сала бергенiн байқамады.
Еңкейiп кеп, нәрестенiң маңдайынан сүйдi. Көзiне ыссы жас келiп те қалды. “Апыр-май, мынау не
деген тәттi! Осындай қуаныштың да кәдiрiн бiлмеймiз”, — деп ойлап, бiр түрлi боп кеттi.
Шәй үстiнде Ақкербез үндеген жоқ. Айжамал кеп, мұның қасына отырды. Ана бiр кездерi долылық
қысып, мұның бетiнен ала беретiн келiншегi ендi басына түскен жайға мойын сұнып, бәйбiше қалпын
таба бастапты. Соңғы кездерi Ақкербезбен қажасуды тыйып, қайта оның бiрге туған апасынша ақыл
айтатынды шығарды. Ақкербез де одан туылған балаларды өз бауырына басып, үйiртпектеп жүр.
Жәнiбек от басының осындай тату-тәттi тiршiлiкке кенелгенiне қатты қуанып жүр едi‚ – ендi мына
жағдай бәрiн бүлдiрiп кетпесе деп қолайсызданды.
Сол арада Айжамал бұған бұрылып:
— Ол қасқа осындай болам деп ойлады дейсiң бе? Құданың жазуына не шара? Ана балдары азамат
боп кеткенше қамқорлыққа алғаның жөн ғой, — дедi. Оның даусынан байсалдылық сезiледi.
— Ендi... бұрынғының жобасы деп... Қарсы шығуға елден ұят. Болмаса менiң қатынсырап бара
жатқан дымым да жоқ, — дедi Жәнiбек iштей қуанып. Даусында Айжамалға осы бетiң дұрыс, анаған
жөндеп түсiндiр деген өтiнiш ырайы бар едi.
— Оныңды бiлем ғой. Пәленбай баласымен оны ендi қайда қаңғытасың? Үйтсең ертең елдiң бетiне
қалай қарайсың? Не десең де жеңге өзiңдiкi, балалары өз сүйегiң. Оның iж айыбы жоқ, — деп ендi
Айжамал сөздi басқа жаққа бұрды: — Ана қайнымыз Тиышбектiң желiктiргенiне ерiп, әскер болам деп
кеттi. Барма деп ем, қалжыңға айналдырып тыңдамады.
— Қойшы? — дедi Жәнiбек аузына апара берген кесесiн қайыра жерге қойып. — Әй, онысы несi
екен оқтың өтiне барып?
— Бiлмейiм. Атамнан сұранбай кетiп қапты. Атам естiсе, тас-талқан болатын болды.
— Қап, әй, ә?!
— Мынасы... қызық екен, — дедi ертеден берi үнсiз отырған Қожақ та таңғалып.
— Балалық па, шалалық па? Әйтеуiр, бiрдеңе, — деп Жәнiбек қатты ойланып қалды. Сосын
Қожаққа қарап: — Сен қосарға керек аттарды таңда. Ертең таң азаннан жүрейiк.
— Бүгiн ше?
— Кеш боп қалды. Бiр күннiң әрiсi не, берiсi не? Якуббекке анада жаз шыға келiп қалармын дегем.
Ендi мына баланы пәледен алып қалу үшiн де бару керек боп тұр ғой.
Сол күнi түнде қасына Ақкербез көпке дейiн келе қоймады. Сыртта жуынып ұзақ жүрiп алды.
Жәнiбек оның өкпелеп, әдейi мұнан қашқақтап жүргенiн байқады. Дымын сыртына шығармастан жата
бердi. Бiр уақтары болғанда барып, сықырлауық есiктi ақырын ашып iшке кiрдi. Сырт киiмiн шешiп
бiраз тұрды. Қараңғыда талдырмаш денесi көзiне қарауытып көрiндi. Ақыры ол жамылған көрпенi
ептеп ашып, төсектiң шетiне кеп жатты. Ештеңеге ықылассыз екенi байқалып тұр. Жәнiбек берi қарай
аударылып, оған қарай қолын созып едi, Ақкербез қолын керi итердi. Жәнiбек оны тыңдамай, ендi
батылданып, аш белiнен құшақтай алды. Ақкербездiң әлсiз қарсыласқанына қарамады‚ бауырына
қарай тартып, маңдайынан сүйдi. Сол кезде оның ернiне ыстық жастың сортаң дәмi тигендей болды.
Шынында да, Ақкербез жылап жатыр екен.
— Саған... не болды? — дедi Жәнiбек ақырын сөйлеп.
— Қойшы. Жәй әшейiн...