Стр. 95 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

94
— Сен ендi менiң жайымды да бiлсейшi. Басқа қандай амалым бар? Сенен басқа сүйген... кiмiм
бар? Сабыр етсейшi. От басының берекесiн алмайық.
Ақкербез үндемедi. Жәнiбек оның iштей келiсiп жатқанын бiлiп, ендi батылданып, белiнен қатты-
қатты қысты. Келiншегi қарсылық жасамады. Сол арада тұла бойын иiтiп бара жатқан әлдеқандай
уытты сезiмге берiлiп, тынысы жиiлеп, Жәнiбек оны бауырына баса бердi...
Жуынып-шайынып болғасын Жәнiбек көпке дейiн ұйықтай алмады. Ақкербез болса, ендi мұның
баурына кiрiп, мойнынан құшақтаған қалпы ұйықтап кеткен. Бұл көзi бақырайып жатып, әйел
сорлының көнбiстiгi туралы ойлады. Мал берiп алғасын, оның басқа барар жерi жоқ. Үстiне қатын
алғанда, ол сорлылар бiр рет бұлқынып, мiнез көрсетiп қалады. Ең момындарының өзi қазан-ошақты
салдырлатып, кесе-шәйнектi лақтырып, бұрқылдап жатады. Ең ақылды дегендерi ғана өз күндестерiнiң
бабын тауып, айламен жұмсап, бәйбiше болып, байының ығын алады. Сол арқылы өз дегенiн iстейдi.
Әр шешеден тараған балалардың ертең алакөз болмағанын көздеп, екi араға татулық отын жағып
бағады. Ондай ақылды бәйбiшелер де баршылық қой. Дегенмен де көп әйел алған үйден дау арылып
көрген емес.
Ертеңiне Жәнiбек жолға шықты. Тақтайдай тегiс даланың бiр иек артпасынан қып-қызыл күннiң
шекесi шыға бергенде атқа қонған екеуi шығыс жақты бетке алып, суыт жүрiп кеттi. Олар Көседен
ұзап шығып, Төретамның күнгей жағындағы жалпақ жазықпен келе жатқандарында қарсы алдарынан
Қалдыбай шыға келдi. Анадағы уақиғадан кейiн палуан жiгiттiң екi жағы қусырылып, тұлғасы ашаң
тарта бастаған екен. Жәнiбек талай жолда бiрге серiк болған ағеден жiгiттi iшiнен қатты аяп жүр едi.
Ана бiр жолы сойысқа деп бiр қысыр биенi берiп жiберген болатын.
Қалдыбай селқос амандасты. Ол Бозғұл жағындағы бiр құдаларына барып қайтып келе жатыр екен.
Аздан соң:
— Мына Қазалыдан әскер шығып, Ақмешiтке қарай беттеп бара жатыр дейдi, — дедi.
— Қойшы? Оны кiмнен есiттiң? — Жәнiбек оған таңғала қарады.
— Есiткенде... мына Бозғұлдардың бәрi айтып отыр. Өздерiнiң бетi қатты көрiнедi. Жолшыбай
кездескен ауылдарды талап, қыздарын зорлап... масқара қып...
— Опырмай, ә, — деп Жәнiбек күрсiнгенiн бiлмей де қалды. — Қайда барсаң да Қорқыттың көрi
болды-ау! Сорлы елдiң бағы ашылатын күн де бар ма екен?
— Қайдағы! — Қалдыбай қолын бiр сiлтедi. — Ең тиышы — Қызылда малыңды бағып жүру-ау
дейiм.
— Үйтiп жүруге пұрсат берсе, — деп Қожақ сөз қыстырып қалды.
— О да мүмкiн. — Жәнiбек ендi атын тебiне бердi. — Мен де мына Ақмешiтке барып қайтайын
деп... Якуббекке анада жаз шыға келем деп ем. Сол сөзiмнiң iзiменен... бара жатқаным.
— Е, жөн, жөн. Ендеше жол болсын, — деп Қалдыбай да атын тебiне бердi.
Былай шыға бере Жәнiбек жаңағы сөздiң растығына күмән келтiрмедi. Iшiнен Әлжанға жыны
келдi. Елмырзаның үгiтiне ерiп, оққа қарсы бармақ болғанына ызаланды. Қалайда оны тауып ап,
ауылға қайтарып жiберу керек. Өзi болса, осы жолы Қоқанның хал-ахуалын байқап көрмек. Сосын бiр
жағына шығады.
Соған шындап бел буған Жәнiбек Ақмешiт жаққа қарай суыт жүрiп кете барды.
9
Жәнiбектер арада екi-үш күн өткеннен соң, Ақмешiт қамалына келiп жеттi. Орыс әскерiнiң келе
жатқан хабарын естiп отырса керек, Якуббектiң үрейi ұшып кетiптi. Әшейiндегi қолдан жасаған
сабырлылығы жоқ. Бұрынғы керiктiгiн ұмытып, қамалдағы әскерiн тыным таптырмай, тырқыратып
қуалап жүр. Зеңбiректердi қамалдың соқтан құйылған тұстарына қойдырып, жау әскерi келедi-ау деген
тұстарға қарап көздетiп қойған. Жаңбыр шайып, кей жерi осалдай бастаған қамалдың диуалдарын
қайтадан жаңартып, тас, қыш тықтырып, абыр-сабыр болып жатыр. Жәнiбек келгенде оның қуанып
кеткенi сонша, бұрынғы керенау мiнезiн ұмытып, жалпылдады да қалды. Өзiнiң шүңiрек көзiнде үрей
бар. Жәнiбек елден естiген сөзiн ойына ап, бектi оңаша алып шығып, орыс әскерлерiнiң келе жатқан
бағыты, саны қанша екенi туралы айтты. Сол арада намысы ұстады да, әлде баяғы мақтаншақтығы ма,
Якуббек қодырая қап, жұдырығын түйiп:
— Олардың осы арада тас-талқан қыламыз, — дедi. — Қамалда қорғанып отырып жарты жылға
дейiн соғысуға жетерлiк азық-түлiгiмiз бар.
— Сонда... қамалып отырғаныңыз, — деп берiп едi, ол Жәнiбектiң сөзiн бөлдi:
— Олар бiздi қашанғы қамап отырмақшы? Ертең қылышын сүйретiп қыс келмей ме? Сонда қалың
әскер далада жата ма? Сосын өздерi-ақ берекесi қашып, елдерiне қайтады.
— Әй, қайдам, — деп Жәнiбек өз күдiгiн айтты. — Мына келiстерiне қарағанда, олардың жуық
арада керi қайта қояр түрi жоқ. Онан да жақын маңдағы қазақ ауылдарына барып, үкiт таратып, қол
жияйық. Сонда көптеп-көлемдеп...
— Өй, оны қой! — деп ол қолын бiр сiлтедi.— Қазақтар соғысуды бiле ме? Олар малын бағып
жүргенiне мәз. Мына жасанған жауға үйретiлген әскер ғана төтеп бере алады. Оның үстiне... Ташкент
құшбегiсi мыңға жуық қол бермекшi.
— Рас па?
— Сондай хабар бар. Әгәр... ол келмесе... — ол көзiн сығырайта қысып қарады, — ертең өзiне
зиян. Ақмешiттi жаулап алған дұшпанның ертең Ташкентке бармасына кiм кепiл? Сондықтан құшбегi
өзi үшiн келсiн.
Жәнiбек мына хабардың растығына сенбедi. Араларында қыжыл бар құшбегi алыста жатқан
Ақмешiт үшiн әскерiн оққа байламайды. Алысты аңғаратын болса, Бұхара, Қоқан, Хиуа хандары