95
баяғыда-ақ бiрiгiп, тiзе қосып, ортақ жауға қарсы шығар едi ғой. Соған келiсе алмай жүргенде,
Ташкент құшбегiсiнiң сөзiне кiм сенедi? Ол қайта өлсең өмiрiм қап деп, өзiн жау алмастай көрiп,
шәһарынан аяқ аттап шықпас. Онан да осы төңiректегi елдiң ақсақал-қарасақалдарына кiсi салып,
олардың кеуiлiн тауып, қайратты жiгiттерден қол құраса, бiраз белкөтерме болуға жарар едi. Бiрақ оны
мына Якуббектiң тыңдайтын түрi жоқ. Соны бiлген Жәнiбек үндемедi.
Сол арада бiр жүзбасы шауып кеп, Якуббекке садақ ататын ұялардың дайын екенiн мәлiм еттi.
Якуббек бұған басын изедi де, жүре бердi. Жәнiбек не iстерiн бiлмей, аз-кем тұрып қалды да, соны
көрейiн деп, оның iзiнен ердi. Қамалдың диуалының жоғарғы жағында, шынында да, атыс ұяларын
жасапты. Садақшыларға ыңғайлы етiп төрт бұрыштап саңылау қалдырыпты. Оның бер жағындағы
биiк мiнбердiң жалпақтау тұсында қарамай құйылған ағаш астаулар тұр. Бiраз тас, кесек жиналыпты.
Әшейiнде Хиуа әскерiнiң қару-жарағы жақсы деп бiлетiн Жәнiбектiң мынадан кейiн қарыны ашып
қалды. Жасанған жауға бұлардың қарсы тұра алмасын бiлiп: “Осыған араласып менiң нем бар? Одан
да жөнiмдi тапсам кәйтедi?” — деген бiр әзәзiл ой басына шапты. Iзiнше: “Жоға, ол жарамайды. Мен
болсам, өз жұртымның қамын жеп жүрмiн. Қазақтардың исламсыз, Қаразым жұртынан тысқары өмiр
сүргенi қолайсыз. Қалайда осы байланысты үзбеу керек. Қайта мыналарға көмектескенiм мақұл”, —
деп бұрынғы ниетiне қайтадан орала бердi.
Сол күнi ол қамал iшiнде түнедi. Қожақ екеуi бiр сарбаздың әулiсiне барып, сәкi үстiне төсек
салдырып, қызыл iңiрден жатып қалды. Бiрақ көпке дейiн көздерi iлiнбедi. Қожақ та ұйықтай алар
емес. Ол бiрде бұған қарай аударылып түсiп:
— Мыналардың әскерi тым аз сияқты ғой, — дедi.
— Азы аз, — дедi Жәнiбек оны қоштап. — Оның үстiне бұлар деген биқам жатыр. Жаудың сырын
бiлiп алмай, соғысам деу қиын.
— Сонда деймiн-ау, басқа жақта бiз нағып жүрмiз?
Жәнiбек үндемедi. Өзiнiң де осы ойға тiрелгенiне көп болды. Қолын бiр сiлтеп кете берейiн десе,
сардар деген аты бар, жұрттан ұялады. Оның үстiне орыс жағына мұны Ережеп жамандап та үлгерген
шығар. Кәзiр барып, мен қызметiңдi қылам десе, ақ патша мұның айтқанына сене қоя ма? Қайта қол-
аяғын бұғаулап, ит жеккенге айдатып жiберер. Үйтiп қор болғанша, алысып өлгенiнiң өзi жақсы емес
пе? Өз бетiнше өмiр сүрейiн десе, Ережептiң ақ патша жағына шығып ап, бұған қыр көрсетiп, ел
арасында үгiт таратып жүргенi жанына батады. Олардың тұқымымен ұстасқалы мұның тиышы қашты.
Әккi жiгiт қай шаруаның да алдын алып, мұны орап кетiп жүр. Баяғыда бұл Хиуа ханы сардарлықты
бергенде, ақ патша әскерi осыншама қысқа уақыт iшiнде орам ала қояды деп ойламаған да едi. Бұл
өзiнiң күнi бiтiп келе жатқан ханға қолайсыз кезде қызмет еткенiне өкiнедi. Неге аңысын аңдамадым
деп бармағын тiстейдi. Шынында да, асығыстық етпей, алды-артына қарауыл қойып, әлiптiң артын
бағуы керек-ақ едi ғой. Оның есесiне бұл жас бала құсап, Дадабекның сойылын соғып шыға келдi.
Одан тапқан еш пайдасы жоқ. Ақырында оның өзiн шабуға, қамалын қиратуға белсене қатынасты.
Ендi, мiне, тағы да бiр жақтағы Қоқан бегiнiң шылауына оралып, ертең қарша борағалы тұрған қалың
оққа қарсы бармақшы. Бiр қаңғырған оқ жазым тиiп, мерт боп кетсе, осы арада сүйегiн ұстар теңi бар
ма? Өз басымен қайғы боп жүрген Якуббек бұған қайрылып, қол ұшын бере қояр деймiсiң? Қайта
сенбей, мұның әр басқан қадамына қарауыл қойып бағар. О да мүмкiн ғой. Жәнiбек ақырын күрсiндi.
Қожақ жаққа бiр рет көз тастап қойып:
— О жайында өзiм де ойлап жүрмiн. Кетiп қалуға әлтiм жоқ. Кетпеу және қиын, — дедi. — Бұ да
бiр мен тiрелген тығырық та.
— Кетiп қалсақ‚ бiзге не iстейдi, а?
— Не iстесiн? Бұлардың бұрынғыдай ақырып тұрған дәуренi жоқ. Қайта өз бастарымен қайғы.
Сондайда мұсылман жұрты бола тұра ағайынды жаңғыз тастап кетудi қолайсыз дейсiң ғой. Болмаса,
менiң соғысқым кеп өлiп бара жатқан дәнемем де жоқ.
— Ендеше... ертең бiлдiрмей тайып тұрайық. Бiрi өлiп, бiрi қалсын. Бiздiң оларда не шаруамыз бар,
— дедi Қожақ басын көтерiп.
— Ойбай, үндеме, бiреу-мiреу естiп қалар. — дедi Жәнiбек жан-жағына қарап қойып. — Сәл сабыр
етейiк. Ертең соғысайық деп жатқан жоқпыз ғой. Қабырғамызбен кеңесiп көрейiк. Сосын... ана
Әлжанды табу керек. Нағылсақ екен, ә?
— Ояғын... бiлмедiм.
— Егер... сенiң бiр өзiңдi жiберсем, қалай болар едi?
— Сонда мен не iстейiм?
— Сен ана Елмырзаға қолыңа кiрем деп барсаң. Сосын Әлжанды тауып ап, бiр қайымын келтiрiп,
ауылға алып кетсең.
— Ал, өзiң ше?
— Мен мына жақта бола тұрайын. Бұлардың ау-жайын байқап көрейiн. Iс насырға шауып баратса,
тып берiп, тайып тұратыным бар ғой.
— Ояғын қайдам. Өзiң бiл.
Ертеңiне Жәнiбек Якуббекке барып, жолдасының елге қайтатынын айтты. Сосын Қожақты
қамалдың сыртына шығарып, Әлжанды тауып ап, елге жiбер де, өзiң қайтып кел, деп қатты тапсырды.
Қожақ бiр сөзге келместен келiсiп, атына мiнiп ап, кеше өздерi келген жолмен кейiн қарай сызып
бердi. Жәнiбек оның соңынан қия алмай бiраз қарап тұрды. Көзiне жас келiп те қалды. Соңғы кездерi
өзiнiң жұмсақ тартып бара жатқанын байқады. Сәл нәрсеге бола жаны егiлiп кете беретiн болып жүр.
Сол күнi Якуббектiң сарбаздары жақын маңдағы ауылдардан елуге тарта қазақты алып келдi.
Оларға лай илетiп, қамалдың бұзылған тұстарын жөндеттi. Қоқан сарбаздары оларды адам деп есептеп
жатқан жоқ, — дөрекi сөйлеп, намысына тиедi. Қазақтар селсоқ. Соған қарап, Жәнiбек бiр түрлi болды.
Ойы сан-саққа жүгiрiп, бiрде бұ жерден кетiп те қалғысы келдi. Бiрақ бiр құдiреттi күш әлдеқандай