96
көрiнбейтiн жiппен мұның аяқ-қолын шырмап байлап қойғандай, мына уыстан босана алар емес. Ендi
неде болса қалған тiрлiктi осылармен бiрге кешедi. Қалғанын кезiнде көре жатады.
Жәнiбек соған табанын нықтап тiредi.
10
Қожақ қамалдан шығысымен кешегi келген iзiмен сылқытып тартты да отырды. Сырдың айналма
иiнiнен өткесiн, Қараөзектiң тұсын жобалап, ат басын бiрден терiскей батысқа түзеп алды. Сол бетiмен
жүрiп отырып, күн бата диханшылықтың кәсiп етiп отырған Табын ауылдарының бiрiне кеп құлады.
Құдайы қонақпын деп, шеткерiректегi бiр үйге түстi. Үй егесi алпысты қусырып қалған‚ бала-
шағасының алды азамат боп кеткен қара сұр кiсi екен. Мұның жағдайын бiлгесiн, әр нәрседен
суыртпақтап жөн сұрап отырды. Қожақ онша ашыла қоймады. Оның есесiне үй егесiнiң сөзден
тиылатын түрi жоқ:
— Ақ патшаның әскерi бүгiн-ертең осы йерге де келiп қалар. Кеше сояқтан бiр құдамыз келiп едi,
сол айтады, әскер дегенiңде есеп жоқ деп. Доб ататын пәлелерi сұмдық дейдi. Оған Қоқаның қалай
шыдайды? Бiзге өзi қоқаңдап-ақ болып едi. Өзiңнен зор шықса, екi көзiң сонда шығады деген нақ осы.
Көрсiн ендi.
Қожақ жергiлiктi елдiң Ақмешiт бегiн жек көретiнiн байқады. Шамасы, бұларға да Қоқанның
жүгенсiз кеткен бектерi мал-мүлкiн талап, қыздарының абыройларын төгiп, әбден тiзе батырған
сықылды. Мына кiсiнiң сөзi iләмiне қарағанда, оларды бұл қорлықтан ақ патша құтқарып алатындай.
Сол патшаның ертең бұдан зорын iстемесiне кiм кепiл? Бағана жолда келе жатып, бiр ауылдан айран
iшiп едi, сонда ақ патша әскерiнiң бiр ауылды қалай талағанын естiп, төбе шашы тiк тұрған. Мына
кiсiнiң одан түк хабары жоқ секiлдi.
— Бiз бiр жатқан дихан елмiз, — дедi үй егесi қайтадан сөйлеп, — кiм патша боламыз десе, өз еркi.
Тек бiзге маза берсе, алдымыздағы асымызға көз алартпаса болды. — Қара сұр кiсiнiң түрi түнгi от
жарығында құбылып, сұп-суық боп көрiнедi екен. Басындағы көнетоз төбетейi оның бойын аласартып
жiбергендей.
Қожақ үнсiз қалғанды қолайсыз көрiп:
— Оған не сөз бар, — дедi. — Бiрақ үкiмiн жүргiзiп отырған патша кiсiнi жайына қоя ма? Оның
оны iсте, мұны iсте деп қоқиланатын әдетi емес пе?
— Ондайы да бар.
— Мына жағдайдың соңы немен тынарын кiм бiлiптi. Тiрi болсақ көрермiз де.
— Е, дұрыс екен. Сонымен, қарағым, елiме қайтып бара жатырмын дедiң бе?
— Иә.
— Ойпырмай, соншама алыс жерден бұяққа кеп, не iздеп жүрсiң?
— Бiр шаруа боп қалды.
— Жөн, жөн, — деп ол ендi артық сөзден тиылып, кешкi тағамды әкел дегендей иек қақты.
Семiз сары әйел марғау қозғала жүрiп дастархан жайды. Ол жүгерi көже iстеген екен. Қожақ
тамақтан шамалап iштi де, қасығын үй егесiне бердi.
— Ау, аз алдың ғой. Iшсейшi. Әлде етке үйренiп қалған саған диханның асы ұнамай отыр ма? —
деп ол күле қарады.
— Неге? Ұнағанда қандай? Өзiм негiзiнен тамақты аз iшем. Алдыраз болсын. Ертең ерте жүрем,
тынығайын.
Қожақ басы жастыққа тиiсiмен қор ете түстi. Содан таң азанда бiр-ақ оянды. Бетi-қолын жуып,
әйелден бiр сапар кесе шалапты сұрап iштi де, тұсап жiберген атына барды. Жануар Сырдың шөбiне
отықпай, маза тауып оттамай, ұзаңқырап жайылып кеткен екен. Қожақ атының шiдерiн шешiп,
арқасын сипалап тұрды да, жабуын жауып, үстiне ер салды. Төс тартпасын қаттырақ тартып, шап
айылын босаңдау қылды. Сосын аяғын үзеңгiге сұғып, ер үстiне лып етiп тез қонды да‚ атының басын
бұрып ап, батыс жақ қайдасың деп сары аяңмен сызып бердi.
Бұл кезде күн көзi сонау алыста жатқан қыраттардан көтерiлiп көрiне бастаған да едi. Аспанның со
жақ шетi қып-қызыл. Үп еткен жел жоқ. Маңайдан ығалдың, шiрiген борықтың, әлдеқандай шөптердiң
бiр түрлi исi шығады. Қуаңның таза ауасына үйренiп қалған бұған мұның бәрi тосын көрiндi. “Мынау
ел қалай өмiр сүредi екен? Кiсi осыған да көнедi, ә”, — деп атын тебiнiп, ендi желдiрте жөнелдi.
Бiр-екi төбеден асқасын барып, бұл Сырдың сол қол жағында, алысырақта қалғанын бiлдi. Таңғы
ауа тып-тымық. Бозторғайлар пыр етiп бұта арасынан ұшып шығады да, таяқ лақтырымдай жерде,
әуеде жiңiшке қып-қызыл сирақтарын бауырына қысып ап, қанаттарын тез-тез лыпылдата қағып, шыр-
шыр етiп тұрып алады. Сосын төмен қарай құлдилай жөнеледi. Әр жер-әр жерде мынау келе жатқан
кiм дегендей, алдыңғы екi аяғын кеудесiне қусыра қойып, iнiнiң жанына қағылған қазықша қақайып,
балпақтар бой көтерiп қарайды. Бұл жақындай бергенде лып етiп iнiне қойып кетедi. Қожақ осындай
дала тiршiлiгiне самарқау көз салып, iлгерi жүре бердi.
Күн арқан бойы көтерiлгенде ыситынын танытып, мұның арқасын қыздыра бастады. Содан бiр
сағаттай өткесiн күн, шынымен, жанып кеттi. Жаңа ғана салқын тартып, жолаушы кеуiлiн көтерiп,
жанға жайлы болып тұрған дала дем арасында оттай жанып сала бердi. Айнала қапырық тартып кеттi.
Аспанда тенгедей де бұлт жоқ. Күн көзi шақырайып, өтiп барады. Қандай ыстыққа да үйренген Қожақ
аузына бiр түйiр құртты салып талмап, шөл қандырған болды. Сосын атын онша қинамай сары аяңмен
жүрiп отырды. Ол бiр арада алдында тұрған қара төбенiң әр жағында не бар екен деп тездете жүрдi.
Төбе басына шыға келгенде, айран-асыр таңғалып, ат тiзгiнiн ерiксiз тартты‚ – қарсы алдында өзiне
қарай жөңкiлiп қалың ақбөкен құйғытып келе жатыр. Шамалары, бiрдеңеден үрiккендей. Бастарын
жерге салып жiберiп, сатырлап жетiп кеп қалған қалың нөпiр кенет мұны көрiп, оңға қарай салды.