Стр. 98 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

97
Алдындағы текесiнiң соңына ерген қалған тобы сатырлап келiп қалды да, бұны аяқтарымен таптап өте
шығатындай түр танытып, дереу жалт бұрылды. Бауырлары сол арада күн сәулесiмен бiр-бiр жарқ еттi.
Сом тұяқтарымен кебiр топырақты бұрқылдата шашып, қалың киiк сахараға қарай безiп барады.
Сәлден соң олардың қызғыш жоны даладағы күнге күйiп сарғайып кеткен шөппен астасып, жылан
жұтқандай жым-жылас жоқ болды.
Қожақ бұлардың бiрдеңеден үркiн қашқанын байқады. Болмаса киiктiң мынадай елге жақын жерде
жүре қоюы қиын. “О не екен?” — деп iштей күбiрлеп, тағы да iлгерi жүрдi. Содан екi белден асқасын
барып, жаңағы киiктердiң неге қашқанын бiле қойды. Төбе басында тұрып қараса, әр жақтан дала
белiн майыстырып, шетi-шегi жоқ қалың әскер жыланша ирелеңдеп келе жатыр екен. Ана шетi мен
мына шетiне көз жетпейдi. Лек-лек боп келе жатқан атты казактардың найзаларының ұшы күн
сәулесiне шығылысып, жалт-жұлт етедi. Жүк тиелген түйелерде есеп жоқ. Самбырласқан кiсi
дауыстары айналаны жаңғырықтырады. Қожақ олар көрiп қалар деп, атын қаттырақ тебiнiп қап, ойға
қарай шаба жөнелдi. Екпiндетiп келген қалпы қалың жыңғылдың iшiне қойып кеттi. Бұл аралықтың
жыңғылы, жабайы жидесi атты кiсi көрiнбестей боп қалың әрi биiк болып өскен екен. Бұл атынан тез
түсе қап, шылбырды бiр жыңғылға байлады да, бұғып, келген жағына қарай көз тастады. Мұны қа-лың
әскердiң алдында келе жатқан шолғыншылар мұны көрмей қалғанға ұқсайды. Болмаса олардың жағыз-
жарым атты кiсiнi аман-есен жiберуi мүмкiн емес. Қожақ сол арада өзiнiң әлденеден сасып тұрғанын
байқады. Дереу өзiн-өзi зорлап басып, маңдайынан аққан терiн iрi қолының қырымен бiр сүртiп
тастады. Сосын осылайша отырып, аңысын аңдағанды мақұл көрдi.
Аздан соң әскердiң алды бұның тұсынан өте бастады. Атты казактардың тобы лек-лек боп,
тобырларын бұзбай, бiр тәртiппен жүрiп келедi екен. Одан кейiн түйелерге артылған зеңбiректердiң
өңештерi зорайып, кiсiнiң үрейiн ұшырып, мұның тұсынан өтiп бара жатты. Араларында арбаға
тиелгендерi де жетерлiк. Олардың соңына ала мойындарына орап алған бiрдеңелерi бар, мылтықтарын
иығына асқан қаптаған жаяу әскер келе жатыр. Өздерi әбден қажығанға ұқсайды. Үстi-бастары шаң-
шаң. Жүздерi күнге күйiп, тотыққан. Сол арада бұл мына қалың топтың арасынан түрi-түсi бөтен бiр
кiсiлердi көрдi. Анықтап қараса, қазақы киiмi көп кiсiлердiң iшiнен бiрден айрықша көзге түсiп,
Елмырза мен Ережеп келе жатыр екен. Олардың соңында мыңға жуық қазақ жiгiттерi келедi. “Әлжан
қай жерiнде екен?” — деп, Қожақ көзiн сығырайтып, тесiле қарады. Бiрақ қалың топтың iшiнен
ештеңенi анықтап көре алмады. Оның үстiне ат тұяғынан көтерiлген шаң бұрқырап, әр
жағындағыларды жасырып, керiлген ақ жiбек шымылдықша тұрып алды. Қожақ дымын сездiрмей,
бұғып отыра бердi. Iшiнен аты пысқырып қалмаса екен деп тiледi. Сүйегi асыл қазанат әлден-ақ
елеңдеп, шабыс тiлеп, құлағын қайшылап, мына өтiп бара жатқан қалың әскер жаққа одырая қарап
қалыпты. Анда-санда ауыздығын шайнап, басын шұлғып қояды. “Тәк, тәк!” — деп Қожақ оның
жалынан сипады. Жануар түсiнгендей басын изеп, ұлпадай ернiн жақындатып, мұның қолын
талмағандай болды. Қожақтың кеуiлi босап кеттi. “Жарықтық, жылқы деген мал асыл ғой. Егесiн өмiрi
жауға тастап кетпейдi”, — деп, атының мойнынан құшақтап, жалын, тамағын сипалай бастады.
Шамалыдан соң қалың әскердiң құйрығы мұның тұсынан өтiп кеттi. Не iстерiн бiлмеген Қожақ
жыңғыл арасында ұзақ тұрды. Бiрден iзiнен салып ұрып барудың ретiн таппады. Егер барса, олар мұны
ұстап ап, басшыларына апармай ма? Сонда Ережеп пен Елмырза мұның Жәнiбектiң кiсiсi екенiн
айтпай ма? Ондайда атты казактар мұны жансыз деп кәлләсын қағып алар? Ал егер былай етсе ше?
Сол қамшы боп, Қожақ жыңғыл арасынан шығып, ендi Сырға қарай жүрдi. Дарияның жағысында
Керейттер бар едi. Олар да диханшылықты кәсiп еткен, көбiне, отырықшылыққа дағдыланған ел.
Қожақ Керейттерге кеп бiр үйге түсiп, шәй iшiп алды да, ендi Ақмешiт жаққа қарай жүрдi де отырды.
Өз шамасынша, мынадай ауыр қол онша алысқа ұзап кете алмайды. Бүгiн кешке дейiн жүрiп отырып,
бiр араға қонады. Мiне, сол жерде Әлжанмен мұның жолыққаны дұрыс.
Түс әлетiнде күн мүлдем жанып кеттi. Қожақ ендi атын қинағысы келмей, Керейттермен қатар
отырған Жаппас, Таналардың ауылына кеп тынықты. Содан түс ауа бере атқа қонды. Шынында да,
мұның болжамы расқа соқты. Ол сәлден соң қоналқаға кеп құлаған қалың әскердiң үстiнен шықты.
Алыстан көз салып тұрып, лаулап жанып жатқан бес-алты оттың ық жағына шығып, кiсiлердiң
дауыстарына құлақ түрдi. Бiр оттың тұсынан ғана қазақша сөйлеген кiсiлердiң даусы мұның құлағына
шалынды. Дәу де болса осы арада шығарсың деп, атын бiр төбенiң астына шiдерлеп жiбердi де, өзi жай
аяңдап отырып, от жанып жатқан тұсқа жақын келдi. Шынында да, бұлар Елмырзаның жiгiттерi екен.
Қожақ оттан алыстау тұсқа кеп, зып етiп, бiр шаруамен әуре боп жатқан кiсiлердiң арасына қойды да
кеттi. Ешкiм мұны байқамай қалды. Қазақ жiгiттерi ерлерiн бастарына жастанып, тынығып жатыр
екен. Бiр одырайған қара бұған бiр шекесiнен қарады да, әрi бұрылып кеттi. Қожақ жалт бердi. Қалың
қолды аралап жүрiп, Әлжанды iздедi. Ол жуық арада көзiне түсе қойдамы. Бiр арада ғана оны тауып
алды. Ол мына жұртқа қосылмай, бөлектенiп, қолындағы құс кездiгiмен әлдененi кертiп алып жеп
отыр екен. Қожақ жақын келдi де, лып етiп отыра қап:
— Үнiңдi шығарма, — дедi зiлдене сөйлеп.
Әлжан шошып кеттi. Бұған қарап:
— Сен кiмсiң, а? — дедi.
— Үндеме. Мен ғой, — деп Қожақ ендi оның жүзiне жақыннан үңiле қарады.
Қорыққан мен қуанған бiрдей деген рас екен, Әлжан сасқанынан не дерiн бiлмей қалды.
Кекештенiп:
— Жездеке, — дедi.
— Үндеме. Кәне, ана пiсiрiлген етiңнен маған да бер. Тамақ жеп отырған болайық, — деп‚ Қожақ
қынынан пышағын алып, Әлжан берген бiр кесек еттi кертiп ап жей бастады. Сосын ақырын ғана: —
Жағдай қалай? — дедi.
— Әй, оның iж айтары жоқ.
— Е, неге?