9
келiп көмек берген подполковник Ерофеевтiң бiр енiн iшiне тығып қалғанын аңдаған.
Мұндай ел арасында атақ-дәрпi шашылып, бедел жиған кiсiлердi ақ патшаның
ұнатпайтындығын анық байқаған. Әнеукүнi граф Перонскийдiң де бұған қараған назарында
бiр салқын ызғар бар едi. Қайда барсаң да, Қорқыттың көрi болғалы тұр.
Ол күрсiнiп, қараңғы түсе бастағанын көрiп, орнынан тұрып, үйiне қарай жүре берiп
едi. Сол кезде iзiнен ерiп келе жатқан ұлы күнбатыс жаққа қарап:
— Көке, бiреулер келе атыр, — дедi.
— Қойшы? — деп, Тоғанақ ол қолын шошайтып сiлтеген жаққа қарады. Қартайса да
мұның көзi алыстан жақсы көретiн. Шынында да, күнбатыс жақтан суыт жүрiп келе жатқан
екi аттылы көрiндi. — Бұ кiм болды екен? — деп, ол iштей таңғалып, аттылы кiсiлер келе
жатқан жаққа аз-кем қарап тұрды да: — Бiздi бiлетiн кiсi болса, келгесiн өздерi хабар қылар.
Кәне, кеттiк, — деп, ендi бөгелмей, үй жағына қарай жүрiп кеттi.
Ол үйге келгесiн, оң жақтағы киiз үстiнде малдасын құрып ап, қара үйдiң ортасында
маздап жатқан шоққа бiр рет шырт еткiзе түкiрiп қойып, отыра бердi. Тоқалы шәй қайнатып
қойған екен. Жаюлы дастарханға iрiмшiк, жент, сарысу қойылыпты. Сол үстiне жаңағы екi
кiсi кеп, сырттан хабарлас қылды. Бұл келген Жәнiбектер болып шықты. Кеше ғана iштей
қобалжып отырған батыр оның аман-есен қайтқанын көрiп, соған iштей қуанып кетiп,
еңсесiн көтерiңкiреп отырды. Жәнiбек пен Қалдыбай iшке сәлем берiп кiрiп келгенде, бұл
райлана түсiп:
— Сәлемшi болсаң, төрге шық, — деп иегiмен төрдi нұсқап көрсеттi.
Олар алыс жолдан шаршап келе жатқан сықылды. Жәнiбектiң қара торы өңiнде
қажығандықтың белгiсi бар. Тек қана қайратты Калдыбай сырт өңiнен сыр алдыратын емес.
Тоғанақ батыр оларға шәй құйылған кесенi ұсынып жатып:
— Ау, сендердiң Петерборға баруларыңнан қайтуларың тез болды ғой. Әйтеуiр,
аманшылық па? — дедi мұртынан күлiп.
— Әй, Төке-ай, ана Елмырза түлкiнiң сөзiне сенем деп, аранға жығыла жаздадым.
Мына Қалдыбай болмағанда, не болатынын... құдайдың өзi бiлетiн едi, — дедi Жәнiбек
азырақ күрсiнiп қойып. Оның даусы бiр түрлi суық шалғандай қарлығып шықты.
— Е, ұлықтар сонда нағылам дейдi?
— Өй, оның нағылары бар ма? Күштiнiң көтi дермен тартады деген ып-рас қой. Ақ
патшаның бiздi қалай илейiм десе де әлi келетiн сықылды. Соны осы жолы анық сезiп келе
атырым, — деп Жәнiбек сол арада әлденеге түнере түсiп, бұл ойламаған бiр бүйiр әңгiменiң
шетiн кылтитып қойды.
— Е, сонау жер түбiнде жатқан аузы түктi ақ патшаң ұйысып отқан елге не iстей ала
қояр дейсiң? Жұмылған жұдырықтай бола бiлсек, бiзге келер кәуiп қайда? Құдай атқанда,
бiздiң аузымыз бiр болмай отыр ғой, — дедi Тоғанақ қабағын шытып.
— Ол рас.
— Әгәрдә қалың ел бiрiге қалса, онда ана Дадабектiң керiн Пераускийдiң өзiне де
келтiрер ек. Әттең дүния, ол болмай отыр ғой, — деп Тоғанақ көптен берi жан баласына
ашық айтпай жүрген сырының бiр шетiн шығарды.
Жәнiбек сол арада ашылып, кешелерi басынан өткен бар хикаяны бiрiн де қалдырмай,
өзiн тыңдап отырған жұртқа айта бастады. Оның айтқан әңгiмесiн ықыластана тыңдап
отырған Тоғанақ батыр ара-арасында таңдайын қағып, төбетей киген басын шайқап қояды.
Жәнiбек аздан кейiн әлденеге сөзден тыйылып, мұның үнсiз отырғанын байқап, аңыс
аңдай қалған екен. Оның қасын көптен берi қалдырмай ертiп жүрген қосшы жiгiтi Қалдыбай
да тiс жарар емес. Соны көрiп, Тоғанақ iштей ыңғайсызданып қап, төменгi жақта отырған
тоқалына мойнын бұра қарап:
— Ау, сен өзiң... табандап отырып алдың ғой. Алыс жолдан шаршап келген мимандарға
кiсi деген қазан көтермес пе? — дедi.
Жәнiбек сол арада мұның бетiне қарап:
— Төке, алдыраз болсын, бiз оған қарамаймыз, — дедi.
Сол арада тоқал шәй құйылған кесенi Жәнiбекке ұсынып жатып:
— Қайным, келiмi келгеннен кеңес сұра деген. Айтқан әңгiмең мына ел-жұрттың
құлағына жағып барады. Ендi соны асықпай, жайланып жатып ап айтқаның дұрыс болар.
Соны ойлап, мен бағана-ақ бiр тоқтыны сойдырып, қазанға салдырып қойғанмын. Ендi сол
тиесiлi сыбағаңды жемей кетпейсiң, — дедi ақ жарқын жүзбен.
— Қап, оны неге ертерек айтпадыңыз? — дедi Жәнiбек өзiнiң жолдан қалғанына
шынымен өкiнiп. Оның түрiнде үлкен кiсiнi әбiгерге салып не керегi бар дегендей бiр сыңай
бар.
— Ендi жемесең болмайды, бала, — деп Тоғанақ сол арада жадырай күлдi. — Ағаның
үйi ақ жайлау деген емес пе? Ендi әңгiмеңдi жата-жастана айтасың.
— Мақұл, дегенiңiзге көндiк, — дедi Жәнiбек те жадырай күлiп. Сол арада оның
жүзiндегi шаршағандығын сездiрiп тұрған бiр қоңырқай iз демде жоғалып кеткендей болды.