8
пейiлден артық iждеме де жоқ. Менiң қалағаным осы болсын, бала-шағам сiзге ұқсар ма
екен, үйде кiшкене бөлтiрiктерiм бар едi, соған бәтеңiздi берiңiз, — дедi де, Жәнiбек қолын
жайды.
Алмат райланып:
— Болсын, — дедi де, батасын бердi.
Кетерде Жәнiбек Алмат батырдың қолын алып тұрып:
— Аға, бата алғасын, оның ырымын жасамай болмайды. Алтын-күмiс берер едiм, елiм
шалғайда жатыр. Мынау соның өтеуi болсын, мына астымдағы атымды балаңызға
мiнгiзгенiм, — дедi.
Алмат ырза боп:
— Қарағым-ай, өркенiң өссiн! Сендей жөн бiлер жiгiтке де бiр мыржыққара, шын болат
емес, құм болат-сымақ жамандар қастық қылады-ау! Бағың алдыңнан ашылсын, — дедi.
Осы кезде Жәнiбек көлденеңдеп тарта берген атқа есейiп калған бозбала лып етiп
қарғып мiндi де, тiзгiндi ала сап, елерiп тұрған атты қамшысымен бауыранн бiр тартып,
айдалаға қарай сатырлатып шаба жөнелдi. Алмат оның соңынан қарап, жерге үш рет түкiрдi.
Жәнiбек те сүйттi.
Сол күнi Жәнiбектер Алмат батырдың ауылынан ырза болып аттанды.
3
Тоғанақ батыр көптен берi ел iсiне араласпай, өзiмен-өзi боп, томаға-тұйық жатып
алған-ды. Тоқалдан туған жаңғыз ұлы кәзiр сегiз-тоғыздарға келiп қалды. Бұл өзiне тартып,
қол-аяғы серейiп, дүңкиiп өсiп келедi. Қабағы калың, аса көп үндемейдi. Әлге дейiн оның
бала боп желпiлдеп ойнап кеткенiн бiр көрген емес. Бұдан кейiн тоқалы құрсақ көтермей
қойды. Жасы сексендерге келiп қалған Тоғанақ барына қанағат қып, осы қарағымды аман-
есен өсiре гөр деп, күнде бес уақыт намаздан соң Алладан тiлек тiлейдi. Бүгiнде намаз
соңынан жаратқан жаңғыз Алласына мiнәжат ғып ұзақ отырып қалды.
Ақ патшаның Ақмешiттi жаулап алған хабарын естiп, бұл еш таңғалмаған. Мұның тек
бiр таңғалғаны Елмырза төренiң етек-жеңi желпiлдеп жүрiп, Петерборға баратын кiсiлердiң
тiзiмiн алып, бұған да бiр рет келiп кеткенi болды. Қашаннан оның өзiмен iштей бақас
екенiн бiлетiн бұл бiр ретiн келтiрiп, осы төремен шайқаса алмады. Қандай жағдайда да ол
уыста тұрмас су сықылды лыпып шығып кете бередi. Батыр арғы-бергi жағдайды ойлап
отырып, бәрiн таразылап ақылға салып жiберiп, бұ сапардың өзiне бiр кәтер екенiн пәмледi.
Сосын қартайғанын сылтауратып, бармай қалды. Сол сапарға Жәнiбектiң бел буғанын бiлiп,
ешкiмге тiс жармастан, басын шайқаған. Олардан әлге дейiн хабар жоқ. Ана Ережеп
суқылдап жүрiп, көршi отырған ағайын елдiң бетке шығар жiгiтiне зиян жасап жүрмесе не
еттi? Тоғанақ батыр оң жақта төбедей боп отырып, тоқалы баппенен құйып берген шәйдi
ақырын iше бердi.
Бұ кезде күз айының лебi әбден сезiле бастаған болатын. Сүмбiле туа қоймаса да,
Таразының туғаны әбден анық. Кәзiр таң алдында денесiнiң мұздайтынын байқап та жүр.
Әлде кәiрiлiк иттiң шындап келiп-ақ қалғаны ма?
Шәйден кейiн ол сыртқа шығып, Қызылқұмның бiр жықпылында жайылып болып,
ауылға құлап келе жатқан көп ұсақ жандығын көрдi. Осы кезде ауылдағы туыстары мен
балалары, қатын-қалаш пен келiндерi қолдарына көнектерiн алып, қой сауардың алдындағы
әбiгерге кiрiсiп те кеткен екен. Тоғанақ қасына ұлын ертiп, төбе басына қарай беттедi. Төбе
басына жеткесiн, майда құмның үстiнде малдасын құрып, қолына жусанның бiр талын
сындырып ап, құмды әрлi-берлi сызғыштап, ұзақ отырып қалды. Ұлы осы төңiректегi атақ-
дәрпi шашылған батырлардың руларын сұрап, мұның басын қатырды. Тоғанақ Аспан,
Бозғұлдан шыққан батырлар мен билер туралы қысқаша айтып бердi.
— Апырмай, ә! — дедi мұның әңгiмесiн ұйып тыңдап отырған ұлы бұған таңдана
қарап. Оның балғындау ақ сұр жүзiнде бiр таңданыстың нышаны бар.
— Әй, қарағым, ел болғасын... өзi... Жаугершiлiк заман батырлардың көзге түсетiн кезi
ғой, — деп ол қолына ұстап отырған шимен құмның бетiн еш мақсатсыз сызғылап отырып.
Мұны естiген ұлы екi көзi жарқырап:
— Сонда олардың бәрi де батыр ма? — дей сұрады.
— Е, батыр болғанда қандай! Әрқайсысы сен тұр, мен атайындардан ғой.
Тоғанақ ақырын күрсiндi. Осы кезде қызарып батып бара жатқан күннiң әлсiз қызуы
күш-қуаты азайған кәрi кiсiнiң тоза бастаған тәнiндегi сарқылуға айналған болымсыз
жылудай екен. Аспанда шоғырланған бұлттар ертең-ақ қазанның қара суығының басталарын
сездiргендей. Терiскейден тұра қалған салкын жел тұла бойын бiр түрлi тоңазытқандай.
Тоғанақ шекпенiнiң етегiн қымтап қойды. Сосын бүгiнгi жағдайы жөнiнде ойлады. Қанша
жасырғанымен, ана жолы бұлар қалың қолмен кеп Жаңақаланы қамағанда, Райымнан әдейi