10
Аздан кейiн олар ет жеп боп, жайылған көрпе үстiнде көпшiктi бiр шындақтап
жастанып жатып, өткен-кеткендi бiр қыдыру әңгiме қылды. Тоғанақ батыр соңғы кездерi дiн
тарихынан айтылатын гәпке көп құлақ қоятын болып та жүр едi. Өзi бұрындары оншалықты
тақуа құсап берiк тұтына бермейтiн бес уақытылы намазын соңғы кездерi мүлде қаза
қылмайтын болып та алған. Әсiресе, рамадан айы басталған кезде оның ораза тұтып, аузын
бекiтiп, ертеңдерi құрбан айтта шалатын малына дейiн алдын ала дайындап қоюды
дағдысына айналдырып та алғалы қашан. Сүйтiп соңғы үш-төртi жылдың көлемiнде дiндәр
ашып алған ол Жәнiбектiң Мекеге барып қайтқан сапары жайында айта бастаған әңгiмесiн
ықыластана тыңдады:
— Бағанадан берi сүйтпейсiң бе? Сонымен... өзi... қалай екен?
Жәнiбек араб жұртының тұрмыс-тiршiлiгi, көрген-бiлгенi жайлы түннiң бiр жарымына
дейiн жалықпай айтты. Ара-арасында Тоғанақ оны қоштап қояды. Тоқалы да бұдан бетер
бәйек боп, шәй-суын қайта-қайта әкелiп, қызмет жасап бақты. Оның қабағында шаршадым-
ау деген бiр кiрбең жоқ. Осы кезде әңгiме естiгiлерi кеп ауылдың жиыла қалған кәрi-
жасының бiразы iшке сыймағандықтан, босаға жақта ұйлығысып отыр едi. Батыр бiрде
жадырап, оларға жалт қарап:
— Ә, сендерсiңдер ме? Кәне, сыйғандарыңша iшке кiрiңдер. Сыймағандарың анаяқта
жайласып отырыңдар, — дедi. Сосын ол ұлын алдына алып, тiзесiне отырғызды.
Жәнiбек ендi әңгiменiң майын тамыза жөнелдi. Сосын шариғаттың жолы,
пайғамбардың хадистерi жайлы бiраз айтты. Олар түн ортасы ауа барып тарқады.
Тоғанақ Жәнiбектерге төсектi өзi жататын үйге салдырды. Түнде қатар жата берiп,
батыр бiр рет күрсiнiп қойып:
— Бұ замана дегенiң алдамшы қызыл құйрығы бар алтайы түлкi сықылды бiрдеме екен.
Жiгiт кезде соны көп қуып, қызық көрдiм. Екi дай жерлерде намыс жыртып, жұртымның
есесiн жiберген жоқпын. Сол үшiн халқым дабырайтып батыр деп ат бердi. Көп жыл бойы
елiмдi Қоқан мен Хиуадан қорғадым. Ендi маған мынау ақ патшаның сұсы мүлдем бөлек
көрiнедi. Адам болжап бiлмейтiн бiр заман келе атыр ма дейiм, — деп Тоғанақ кеулiндегi бiр
сырын айтып салды.
— Сiзге ел-жүрттың iж өкпесi жоқ қой. Халысты бақпақ түгел, екi ауылдың басын қоса
алмай жүрген мына бiз болмасақ, — деп Жәнiбек те ашық әңгiмеге көштi.
— Е, баллар, ендiгi тетiк сендерде. Заманның ыңғайын алып, халқыңды пәледен сақтай
бiлсең, — со жетедi. Мына орыстың орам алғаны ендi алған. Олар табан тiреп алғасын, бұ
жерден өлдi кетпейдi. Бiрақ... өлетiн мал да бiр рет тұяқ серпушi едi ғой.
— Төке, айтқаныңыз дұп-дұрыс, оның iж қалетi жоқ. Намысты қолдан бергесiн, жiгiт
боп жүрудiң керегi де жоқ шығар. Бұ жағдайдың, әйтеуiр, аузы бiтеу жараша әбден iсiнiп
барып, күндердiң күнiнде бiр жарылатынын аңлап жүрiм.
— Мен де солай дейiм. Ана жылы жасауыл деген ат берiп, күмiстей ақша төлеп,
күбiрнәтiр менi алдамақ болды. Ана Қаратай сұлтан да екi араға түсiп, менi шет қақпайлап
бақты. Соған алданып, мына Қазалыға әскер төге бастаған кезде, орыспен бiрден
соғыспағаныма ендi өкiнiп жүрiм. Темiрдi қызған кезiнде соқпағасын, қатайып алғасын ол
кейiннен анау-мынау балғаға онша тапала қоймайды. Мiне, — деп ол сол арада бiр
жөткiрiнiп қойды. — Қызылды жайлағаныма бiраз боп қалды. Биыл Сырға жақындап барып,
қыстасам ба дейiм.
— Е, қыстаңыз. Сiзге кiм қарсы...
Ертесiне Жәнiбектер шәйленiп болғаннан кейiн, бұдан лұқсат сұрап, күн арқан бойы
көтерiле бере, Көсеге тартып кеттi. Олар кеткесiн Тоғанақ бой жазбақшы боп, көптен берi
құр жүрген атына ер салып мiндi. Жануар мұның тақым қысысын тосырқап қалғандай
әуелгiде бiр түрлi боп елегзiп, жан-жағына үрке қарап келе жатты. Ақыры бастығып, мұның
ыңғайына мүлдем көнiп те алды. Тоғанақ тзiгiнiн сәл-пәл делбеп қойып, бiр-екi кырдан
асып, баяғы бала кезiнде құмаршық қаққан жерлерiне бiр түрлi боп көз тастап келе жатты.
Аздан кейiн ол өзi әнәукүнi киiкке құрып кеткен қақпандары жатқан жаққа жеттi. Келсе,
мұның қақпанына киiктiң лағы түсiп қалған екен. Ол әлi келгенше тоқпағы жеңiлдеу келген
қақпанды бiраз жерге дейiн сүйретiп жүрiптi. Сосын әлi құрып, бiр қалың жусанның
ортасына жетiп жығылыпты. Бұл атынан түсiп, тiзгiндi ердiң қасына қайырып iле салды да,
аяғын ақырын басып, жатқан лақтың жанына келдi. Оның кiшкене қақпанның темiр
қандыауызы қыса түскен жiңiшке артқы оң аяғы сынбапты, терiсi сыдырылып, қаны ұйып
қалған, сүйегi сау екен. Бұл оны қолымен ұстап тұрып, лақтың жiңiшке сирағын аздап
қысып көрдi. Жат қолдың тигенiнен шошыған лақтың көзi жәутеңдеп, бұған үрке қарай
бередi. Сол арада өмiрiнде қаншама қанды қырғынды көрсе де бiр рет дiр етiп көрмеген қарт
батырдың кеуiлi алғаш рет босаңсып сала бергендей болды. Ол сол арада неге екенi белгiсiз,
қайратты оң қолымен қақпанның қатая түскен серiппесiн керi басып, оның қандыауызын
жазды да, қақпанды тоқпағымен қоса былай лақтырып тастады. Бiр пәледен босанғанын
сезген лақ екi көзi жәутеңдей, бұған мөлдiрей қарап тұрып, орнынан тез атып түрегелдi.