99
Бiр күнi Ережеп ертемен тұрып, жолға жүретiн дағдысына бағып, жуынып-шайына
бастады. Шәки таң азаннан тұрып кеткен едi. Ол iшiнен елге барып, бiр демалатын болдық
деп қуанды. Бiрақ ол қуанышы ұзаққа созылмады. Ережеп таңғы астан кейiн:
— Бүгiн Ұялы жаққа жүремiз, — дедi.
— Жәйша ма? — дедi бұл әлденеге тiксiне түсiп.
— Жәй.
— Ереке, ауыл жаққа соқпағалы бiраз боп қалды.
— Мен де соны айтайын деп отырмын. Сен бүгiн ауылға тарт. Қалмырзаға айт, менi
Арандықырдың басынан тауып алсын деп. Ал өзiң... — Ол сыбырлай сөйледi. — Әнеукүнгi
Шөмекейлердiң ауылын бiлесiң ғой... Иә, сол. Солардың ызасы әбден өтiп болды. Қасыңа он
шақты жiгiт ал да, малын айдап әкел. Мына орыстарға соны тамақ қып берейiк.
— Жақсы, — дедi Шәки тамағына тас тұрғандай әзер сөйлеп. Iшiнен: “Тағы да атымды
былғайын дедi ме?” — деп қойды.
Шәки ендi бөгелместен, тездетiп жолға шықты. Әуелгiде ол Қазалыдан ұзап
шығысымен, астындағы жарамды атты бiразға дейiн қинап алды. Бұл кез мамыр айының
орта шенi болатын. Сыр даласы көкпеңбек. Сабақтары тұтаса жалдана өскен қара жусандар
әрi сарғая қоймаған кез. Олар өскен кең алқаптың әрiрек тұсында қып-қызыл боп
қызғалдақтар жайқалып тұр. Ендi бiр арада қаптай өскен ебелектер бiр-бiрiмен бой
таласқандай тұтасып, бүткiл бiр жазықты алып жатыр. Олардың шеткерiрер тұсында өсiп
тұрған адыраспан мен жантақтар көзге шалынады. Осындай әр түрлi шөптiң исi араласқан
ауаның хош исi мұрынды жарады. Соңғы күндерi алақандай Қазалының дарбазасына
қамалып, тынысы әбден тарылып бiткен бұл сахараға шыққаннан кейiн көкiрегiн кере дем
алды, сосын кеуiлi алып-ұшып, бiр түрлi өлең айтқысы келiп кеттi. Сол екен, өмiрi өлең
айтып көрмеген ол бiрдеңе деп ыңылдай бастады. Сосын осы кеуiлдi қалпымен, астындағы
атының майда бүлкiлiне салып, ыңыранып тарта бердi.
Түн болды. Шәки бiр арада атын отқа тұсап жiберiп, аздап көз шырымын алды. Содан
бiраздан кейiн барып, селк етiп оянып кетсе, тым жақсы демалып қалыпты. Бойы құп-қунақ.
Ол орнынан лып етiп тұра сап, жатқан жерiнен онша ұзай қоймаған атына кеп, оның
аяғындағы тұсауын шешiп ап, қоржынына тыға салды да, атының төс айылын қаттырақ
тартып, үзеңгiге аяғын сұқты.
Шәки ауылына ертеңiне қонаға жеттi. Келген бойда Қалмырзаға Ережептiң
тапсырмасын айтты. Сосын үйiне келдi. Дархан мұны күле қарсы алды. Осы кезде
жорытпаш боп қалған тұңғышы мұның мойнына кеп асылды. Баласының бетiнен сүйiп,
шашын түрпiдей алақанымен сипап отырып, бiраздан берi сыртта жүрiп, бала исiн сағынып
қалған оның тұла бойы ерiп сала бергендей болды. Сосын баласын екi қолымен қолтығынан
ұстап, әуппайлап төбесiне көтерiп, iзiнше тiзесiне отырғыза бастап едi, шықылықтап күлген
сәбидiң жүзiнен өзiнiң бала кезiн көргендей болды. Содан соң оның шашынан иiскеп едi,
өзiне тән бiр әдемi, күңсiген иiс шықты. Сол екен, Шәки бiр түрлi кеуiлi босай бастағандай
боп, келiншегiне сыр бергiсi келмей, бетiн бұрып әкеттi.
Шешесi салдырлап жүр:
— Құдайдан сұрап алған жаңғызым! Маңдайдағы күнiм! Айналып қана кетейiн-ау, сен
осы шешең, қатын, бала-шағаң барын ұмытып кеттiң бе? Үйге келмегенiңе бiраз болды ғой!
Ана мырза қайным да сенi әбден дiңкәләтып бiттi-ау! Ағайын деп паналап келсең, бұлар
сүйтедi. Әкең тiрi болғанда, сенi бүйткiзiп қояр ма едi?
Шәки оның сөзiнiң әр жағын естiмедi. Орнына отырып жатып: “Сол әке менмiн ғой.
Ертең менiң балаларым да өйiсте ме?” — деп ойлап қойды. Сол екен, тұла бойы мұздай
болды. Мына мойнынан құшақтап отырған баласы ертең өзi құсап дұрыс жол таба алмай,
кiм көрiнгеннiң жетегiнде жүрiп, азғантай тiршiлiкте әуре-сарсаңға түсе ме? Ол да, мына өзi
құсап мал ұрлап, елге жаманатты боп күн көре ме? Оның несi жақсы? Сонда баласының
үйтпеуi үшiн мұның не iстеуi керек?
Олар шәйдi алдарына ала бергенде, Мiрәлi қайтқалы, қайнына некесiн қимаса да,
қиғандай боп жүрген, әбден сұлуланып кеткен, үнемi сылаңдап жүретiн Мәниға келдi. Ол
шешесiнiң жанына бiр тiзерлей отыра қап, кең етегiмен тiзесiн жауып, өзiне ұсынған кесеге
қолын ерiне созды. Сосын шәйдi ерiне iшiп отырып, бұған бiр рет наздана көз тастап қойып:
— Қайным, қалай... ана ағаң аман-есен жүр ме? — деп сұраған болды. Оның даусынан
әлдеқандай сенiмсiздiк аңғарылды.
Оны елемеген Шәки селқос ғана:
— Аман ғой, — дей салды.
— Өзiн ыңғиында оқ пен өрттiң арасында жүредi дейдi ғой. Былай... өзi... iж жерi
жарақат алмай, есен-сау жүр ме? — Мәниға өтiрiк сыңқылдап күлдi.
— Аманшылық қой.
— Бұяққа келетiн ойы бар ма?
— Ояғын бiлмейiм. Көп ұзамай келiп қалар.