100
— Е, от басын күзеткен қатынға сонысы керек қой. Ана абысынымыз да жүдеп-жадап
бiттi. Құдай тесiк қып жаратқасын, бiр көсiк... — Мәниға әр жағын айтпай, тағы да өтiрiк
сыңқылдап күлдi.
Шешесi оның сөзiн жақтырмай:
— Бала-шаға отыр, әй, келiн, жөн сөзiңдi айт. Болмаса, қой, — дедi.
Мәниға сиқырланып:
— Қайдағы бала-шаға? Бұлар деген бәле емес пе? Дүнияның бәрiн бiледi, — дедi.
— Қой, ендi басты қатырмай.
— Ибәй, шешейдiң басының сақинасы ұстағалы отыр екен. Қой, кетейiк, басымыз
пәлеңе қалып жүрер. Өз батам өзiммен, — дедi де, Мәниға қолымен бетiн сипап, жер таянып
орнынан тұрып, сыртқа шығып жүре бердi.
Ол кеткесiн, Шәки төр алдында жатып, ұзақ ойланды. Оның мына кейпiн жаратпай,
шешесi қабағын шыта қарап:
— Әй, саған осы не болды? Бiрдеңе болса, шыныңды айт, — дедi.
Шәки: “Шешемнен жақын маған кiм бар? Кеңес алып көрейiн”, — деп, ақырын ғана:
— Ана ағамыз тағы да қолайсыз жаққа жұмсап отыр, — дедi.
— Тағы да ұрлық па? — дедi Дархан есiк жақта аяқ-табақ жуып отырған жұлып
алғандай ғып.
Шәки үндемедi. Шешесi даусын көтерiп:
— Не дейдi? Сенiң тағы да әбiрейiңдi төгейiн деген бе? Сен бар ғой... тiлiмдi алсаң,
барма! — дедi.
— Ау, оған қалай бармайсың? Бармасаң, өкпелейдi.
— Өкпелесе, өкпесi жарылып кетсiн. Бармайсың. Айттым, болды, — дедi шешесi
ашуланып.
— Ал, бармай-ақ қояйын. Ертең ол келгесiн... маған күн бермейдi ғой. — Шәки
шешесiне басын көтерiп қарады.
— Күн бермесе қойсын. Анада көшпей-ақ қою керек едi...
— Ендi... өзiң емес пе?
— Кейде менiң сондайым бар. Осы көшкенiм... өзi... онша ұнамап едi. Ақыры тағы да
жаман болғалы тұр. Бүйтiп жүрiп бiр күнi таяққа жығылып өлесiң. Сонда мына бала-шағаңа
кiм еге болады? Қой, мынаның кестесi келiспес. Жық үйдi, көшемiз! — деп шешесi бiрден
кәрiне мiнiп алды.
Сол арада таңғала қарап:
— Апа-ау, асығыстық болмай ма? — деген Дарханға қолын бiр сiлтедi:
— Әй, бәлекей, тиыш отыр! Тез жық үйдi! Жауабын соңыра өзiм берем!
Шәкидiң iшiнен тiлеп отырғаны да осы едi, соны ести сала орнынан атып түрегелiп,
сыртқа шықты да, қараүйдiң сыртынан бастыра байлаған арқандарды тез-тез шеше бастады.
Киiздердi сыпырып алғаннан кейiн, жалаңаштанып қалған, төркөзденген керегелердiң
жоғарғы басына байланған уықтарды шешiп, босатып ап, iштен үлкен бақанға астынан
тiрелген шаңырақты тiк көтерiп, құлатпай, жәйiмен жерге түсiрдi. Сосын күннiң кешкiрiп
қалғанына қарамастан, қараүйдiң төрт қанатын тез жинады да, шөгерулi жатқан түйеге
артты. Мұны көрiп, әлденеге қуанып кеткен, ендi кiдiрсе бiреу ұстап алатындай көрген
Дархан да төсек-көрпенi тез-тез жинай сап, буып-түйiп, бәрiн қалған екi түйеге қаластырып
артты. Сосын бiр түйеге қоршау жасап, оған шешесi мен екi баласын мiнгiздi де, өзi жүк
тиелген түйенiң бiрiнiң жанына барды. Қайратты келiншек жазыға мiнiп жатып, бұған бiр
рет көз тастады. Сол екi арада Шәки келiншегiнiң қан тепкен жүзiне қарап, оның аяғының
ауыр екенiн iштей сезiп, әлденеге қуанып сала бердi. Сосын атына қарғып мiне сап,
түйелердi жетектеп, ауылдан шығып жүре бердi.
Дәл осы кезде ортаңғы үйден шыға келген Нағима мұның жолын кес-кестедi. Ол жорта
жылмайып:
— Қайным-ау, ақ пен қызылдың арасында сенiкi бұ не көшу? Сендердi... аяқ астынан
не түлен түрттi? Өзi... қызық... Келгенiң кеше ғана емес пе едi? Ендi жөн-жосығыңды
айтпастан кетiп бара атсың. Ау, ертең ағаң келгенде, не дейiм? — дедi.
Сол арада шешесi:
— Әй, қатын, ана қайныма айт, ендi оның жүзiн көрмейiм! Оның бiздi осы басынғаны
жетедi! Ат құйрығын кесiсiп кеттi де! Кет былай жолымнан! — деп, қолындағы ұзын
шыбыртқымен түйесiнiң сауырына салып-салып жiбердi. Таяқ тиген түйе бiр бақ етiп, ұзын
мойынын көтерiп алды да, Нағиманы төсiмен қағардай боп iлгерi қарай жүре бердi.
Нағима сескенiп қап, кейiн шегiнiп, ернiн бiр сылп еткiздi де, бетiн саусағымен
шымшып, қала бердi.
Ауылдан ұзап шыққасын, шешесi түйенiң басын Көбекке қарай түзеп алды. Шәки
үндемей, оның iзiнен ере бердi. Бiраз жерге ұзап шыққасын барып, шешесi өз-өзiнен
кеуiлденiп: