101
— Әй, балам, — дедi. — Жiгiттiң үш жұрты бар дейдi. Бұрынғылар оның өз жұрты
күншiл, қайын жұрты сыншыл, нағыз жұрты нағашы жұрты деушi едi. Ендi нағашыларыңа
апарайын. Оған қоса төркiн сыбағамды алайын. Әр жағына өздерiң ел боп кетерсiңдер. Кәрi
қойдың жасындай жасым қалды. Менi ендi қашанғы жасай бередi дейсiң? Құдай иманын
бұйыртса болды да, — деп, шешесi күрсiндi.
Шәки шешесiн аяп кеттi. Оны осыншама әуреге салып қойғанына өкiндi. Ендi неде
болса деп, iзiнен ере бердi. Шешесiнiң төркiнi Төртқараның iшiнде атақты Әйтеке бидiң
жақындары едi. Шеттерiнен iрiген-шiрiген бай болмаса да, ауыл арасының дауын ұстар
шешен, дiлуар кiсiлер болатын. Оларды бұл бала кезiнде бiр көрдi де, содан кейiн ат iзiн
салмаған. “Алла нәсiп қылса, барармыз”, — деп Шәки iшiнен күбiрлеп қойды.
Бiр араға келгенде Шәки со жерге қонып шыққанды мақұл көрдi. Түйелердi шегерiп,
жүктерiн түсiрiп, тiздеп қоя бердi. Сосын Дархан лаулатып от жақты. Шәй қайнатып, пiскен
еттi жылытты. Ұйықтап қалған балалар көздерiн тырналап ашып, кiшкене қолдарын созып,
тамаққа қарай ұмтылды. Шешесi үлкенiн алдына алып, айналып-толғанып, тамақ бере
бастады,
Жетi қарақшы бұ кезде сонау терiскейге қарай құлап бара жатқан едi. Олар киiмшең
қалпы қисая кеттi. Шешесi әлденеге қуанып, самбырлап сөйлеп жатыр:
— Әй, бала-ау, сенi нағашыларың деген шетiнен дөй ғой. Арғы жағын сұрасаң, атақты
Төртқара Жалаңның Ақшасы, оның Бәйбегi Әйтеке би. Баяғыда құба қалмақтың заманында
үш жүздiң басын құраған үш бидiң бiрi сол нағашы атаң едi. Өзi қырық жетiсiнде тамағына
бекiренiң қылтанағы кетiп өлiптi дейтiн әкелерiмiз. Олардың айтуынша, бидiң сүйегi
Түркiстанда емес. Тәшкеннiң құбыла бетiнде бiр көш жерде Күлтөбе деген төбеде Зәңгi ата
әулиенiң зираты бар дейдi. Әйтекенiң сүйегi сонда жатыр. Бiз оны қайдан бiле берейiк.
Әкелерiмiз сүйдеп, құлағымызға құйып отыратын.
— Өзiн айтқыр адам болыпты дейдi ғой, — дедi Шәки есiнеп қойып.
— Ойбой, оның сөзi көп қой. Қайсы бiрi есiңде тұра бередi, — дедi шешесi сампылдап.
— Оның бiр айтқаны есiмде қалыпты. Болар бала боғынан деп бұрынғылар дұрыс айтқан
ғой. Әйтеке атамның қой бағып жүргенiнде үш салт атты жолаушы көп жолығады. Ол
жатырқамай: “Ассалаумағалайкүм, жасы үлкен ағалар!” — деп сәлем бередi. Жолаушылар
оның сәлемiне ырза боп: “Ауылда ойнап жүрген баламызды осы елдiң аты теуiп өлтiрiп
кеткен едi. Соған ыңғайласып бiтiм қылайық деп келемiз. Қарағым, Қосуақ бидiң ауылын
бiзге сiлтеп жiбершi”, — дептi. Сонда Әйтеке бала: “Балаңызды босағада тепсе, бүтiн құн,
жабықтан тепсе, жарты құн, төрден тепсе, төрттiң бiрiн аларсыздар. Сырттан тепсе, құр
қаларсыздар, ағалар! Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса, қосып айтар, ал
шамаларыңды бiлсе, тосып айтар. Бидiң ауылы анау, жолдарыңыз болсын!” — деп, жол
сiлтеп жiберiптi. Соның сөзi шынға соғыпты, баланы төрге байлап қойған ат тепкен екен.
Қосуақ би Әйтекенiң сөзiн айтып, құнның төрттiң бiрiн төлеп, даугерлердi қайтарыпты
дейдi. Ой, балам, сендер не бiлiп атсыңдар? Ол Әйтекелердiң аяқ тастастары бөлек қой.
Әкемiз оның сөзiн жатқа соғып отырушы едi. Бiзде бүгiндерi ес қалған ба? Бiрiн бiлсек, бiрi
ойымыздан шығып кетедi. Киттәйiңде бойыңда батылдық бар едi. Содан нағашыларыңа
тартқан ба деушi едiм. Сен болсаң, сөз қумай, бөз қуып кеттiң. Бұ да құданың бергенi де, —
деп шешесi ауыр күрсiндi. Ол да өз баласының әрi-сәрi өмiр кешiп жүргенiне қатты
күйзелетiн сықылды.
Шәки үндемей, түйелердi қарап келмек боп, орнынан түрегелдi. Отқа қайтадан сексеуiл
салып, маздатып жағып, анадай жерде жайылып жатқан түйелерi мен атына барды. Қазiр
қасқыр деген... өзi... жаудай. Абайламаса, қиын. Ол таң атқанша көз шырымын алған жоқ.
Басына неше түрлi ой келдi. Өзiнiң жеңiлтектiгiне қатты өкiндi. Анада бекер көшiптi.
Ережептiң қызыл тiлiне алданып қап, Ақмешiтте болған қырғынға қатынасты. Әйтеуiр, оқ
тимей, аман-есен қалды. Соның соңы мынау. Мұның ендi қайтадан Ережептiң қолбаласы
болғысы жоқ. Мына тiршiлiкте қалайда өзiнше бiр жол тартып кетуге тиiс. Ол iштей соған
қатты бекiнiп алды.
Ертеңiне олар таң құланиектенiсiмен тұрып, жол жүрiп кеттi. Араға бес қонып,
алтыншы күнi дегенде Көбекке жеттi. Дарияға жақын жер Құмжиекте отырған Төртқаралар
бұларды жақсы қарсылап алды. Мал сойдырып, қазан көтертiп, нағашы жұрты мәре-сәре
болды да қалды. Содан олар түннiң бiр уағына дейiн әңгiмелесiп отырды.
Шәки сол түнi алғаш рет қатып ұйықтады.
5
Жаманқұл бүгiн Татыран Тәбекеннiң үйiне түнделетiп келдi. Жүзi солғын. Оның
қолағаштай мұрыны жалданып, бiр түрлi өсе түскендей екен. Ол келген бойда, қамшысын
керегеге iле салды да, етiгiн шешпестен төрге шықты.