102
Тәбекен шығымсыздау, қазанына түскен тамаққа қарауыл қарап отыратын кiсi едi.
Бүгiн бұлар қыста сойылған соғымның сары аласы аралас бiр жiлiгiн асып жатқан-ды. Ол
iшiнен: “Мынау ит түтiн аңдып келдi-ау!” — деп жиырыла түстi де, өзiнiң онымен кәсiптес
екенiн есiне ап, күрт жадырады:
— Қалай, мал-жан аман ба?
— Е, аман болмай нағылады дейсiң? — дедi Жаманқұл кеуiлсiз.
— Ау, не боп қалды?
— Мен саған бiр өкпемдi айтайын деп келдiм, — деп Жаманқұл төр алдына көлбеп
жатты.
— Ау, о нағылған өкпе? — деп Тәбекен аяғын жинап ала қойды. Ол Жаманқұлдың
қадалған жерiнен қан алатын бiр мiнезiн жақсы бiлетiн.
— Жоқ, саған емес, — дедi Жаманқұл азырақ iркiлiп. — Саған бiр әңгiме айтқалы
келдiм.
— Е, айт, тыңлап көрейiк.
— Айтсам былай, — деп Жаманқұл ендi тiктелiп отырды. — Осы ғой бiздер анада
Ережеппен келiсiп, шаруасына көмектестiк. Баяғыда Мiрәлi дейтiн жаман ағасын
баурымызға тарттық. Рас емес пе?
— Рас.
— Соның соңы не болды, — оны өзiң бiлесiң. Мiрәлiсi түспегiр бiздiң алдымызды орап,
ана Дадабекпен әмпей боп, талай рет қу тақырға отырғызып кеттi. Сонда мен мұндай қулық
әңгүдiк Мiрәлiнiң қаяғынан шығады деп ойлаушы едiм. Кейiн бiлсем, бәрi де мына сұмнан
шығып атыпты ғой.
— О сұмың кiм?
— Ережептi айтам да. — Жаманқұл бұған тесiрейе қарады. — Сонысы аздай, ол бұ
жолы да бiздi қатырды. Анада маған орыс ұлығына апарып, бәрiн де қатырам деп едi.
Онысының бәрi өтiрiк боп шықты. Соның айтқанын қыламыз деп, бiз елге жаманатты
болдық. Сендер бiзге қызмет етiп едiңдер деп жатқан ақ патшаның ұлығы жоқ. Сонда осы
бiз не болдық, а? — Ол бұған аңтарыла қарады.
— Жәке, менiң де жанымды жеп жатқан осы пәле, — дедi Тәбекен де ашылып. —
Шынына келгенде, екi жеп биге шыққан Ережеп болды. Ол тағы да бiздi алдап соқты. Кәзiр
не елге, не ақ патшаға сүйкiмi жоқ бiз боп отырмыз. Оның бұл ақыретi сүйегiмнен өтiп
барады.
— Жақында бiр жақтағы Жаппас Өткелбайды хан сайлапты. Оның көмекшiсi боп
Ережептiң өзiн белгiлептi. Сонда оның бiз жайында айтатын ретi бар ғой. Ұлық оның
айтқанын қылады. Бiрақ ол үндемеген.
— Ол нағыз iжтеп кеткен залым ғой!
— Ал ендi не iстеймiз? Осыны сенiмен ақылдасайын деп келдiм.
— Менiңше бар ғой, бiз жайлы Ережеп ұлыққа айтып жүрген жоқ. Айтса да, аузының
ұшымен айтып жүр. Осы жайлы ана Орынбордағы үлкен ұлық бiлсе бар ғой, мыналардың
барлығын тас-талқан қылады.
— Шын ба? — дедi Жаманқұл көзi жайнай түсiп.
— Шын болғанда қандай! Оны сезгенiм, — Тәбекен берi ысырылып отырды, — анада
Перонский келгенде бар ғой, Захваткиннiң жаны қалмады. Зәресi ұшып бiттi. Бұ деген түбi
шикi деген сөз. Әгәр бiреумiз сол Орынборыңа барып қайтсақ...
— Мынауың қызық екен.
— Қызығы сол, сол ұлыққа барып, мұндағы барлық жайды айтсақ. Ақ патшаның
ұлықтары қазақтардың шын азаматтарын бауырына тартпай отыр десек... Сосын өзi-ақ iске
кiрiседi.
— Бұл өзi... соңы қалай болар екен? Және де әйдiк ұлыққа барғасын, құр қол бару тағы
ұят, — дедi Жаманқұл күмiлжiп.
— Бiрдеңе ғып, сый-сыяпат табармыз. Мәсәлә баруда боп тұр ғой.
— Ана Байбосын бұған қалай қарайды екен?
— Ол қалай қарасын, амалсыз қосылады. Кеше ғана оның Тоғанақты оқ арасына тастап
кеткенi бетiне шiркеу боп отыр. Ол ендi бiздiң алақанымызда. Бүгiн кiсi жiберiп шақыртып
алайық.
— Мынауың дұрыс екен. Тез жiбер.
Тәбекен ендi кiдiртпей, бiр жiгiтiн осы арадан онша алыс емес бiр қыраттың астында
отырған Байбосынға жұмсады. Екi-үш сағаттан соң асып-сасып Байбосын да жеттi. Оның
домалақ қара түрi тершiп кетiптi. Ол келе дайын етке отыра қалды. Тәбекен қазанда пiсiп
жатқан еттi түсiртпей, соған қаратқан-ды. Ендi қайтадан қазан көтертпейтiнi есiне түсiп,
жымыраңдай күлiп:
— Өй, өзiң бiздiң үйдi мақтап жүредi екенсiң ғой. Кәне, сүйек ал, — деп ақ жарқын
бола қалды.