103
Байбосын күңк еттi:
— Ау, сенi мақтамай, ендi кiмдi мақтайым? Дайын тұрған етiңдi сыбағалы малымдай
көрiп ала берем де.
— Ойпырмай, өмiрi осы үйден қонақасы жемегендей көресiң де тұрасың-ау.
— Е, талай рет жедiк қой. Тағы да болса, артық емес.
— Қой, бiр тойда екi жар жоқ деген, — деп Тәбекен жорта сылқылдап күлген болды. —
Одан да Жәкеңнiң жүрген шаруасын сұра.
— Е, о не сонда?
Жаманқұл есiк жақта сорпа құйып отырған Тәбекеннiң қызыл бет тоқалына көз
тастады.
— Өй, не шаруа болсын. Сендердi бiр көрiп қайтайын деп... — Ол iркiле бердi.
Оның ойын түсiнген Тәбекен қатынына бұрылып:
— Қатын, анаяққа бар! Сырттан бiреу-мiреу жүрмесiн. Керек кезiңде шақырып алам, —
дедi.
Қызыл бет тоқал сорпа толы табақты оның алдына қарай ысырып, сыртқа шығып кеттi.
Жаманқұл ендi жайланып отырып, бағанағы сөзiн қайтадан Байбосынға айтып шықты.
Ол бiрден құптады:
— Мынау ақыл екен. Сонда барғанда кiм барады?
— Менiң қара ақылымды тыңдасаңдар, осы сапарға Жәкеңнiң өзi лайқат. Неге десең, бұ
кiсi ояқтың жолын жақсы бiледi. Сосын кiсiмен тiл табысып сөйлесе алады. Барып ұлықтың
кеуiлiн аулап, бiзге көмектес деп Қазалының ұлығына хат-пат алса, келе алса, шаруаның
бiткенi. Сосын ана Ережептiң көкесiн көзiне көрсетемiз.
— Шынында да, осы дұрыс. Мен де осыған қосылам.
Екеуi екi жақтан құптап отырғасын, Жаманқұл артық ештеңе дей алмады.
— Онда, — дедi ол сүйектi мүжiп отырып, — қасыма жиырма шақты жiгiт ертейiн.
Табылған алтын, күмiс болса, берiңдер. Құр қол барғаннан гөрi сол ыңғайлы. Қалғанын
сосын көре жатамыз да.
Бәтуа осы болды. Сол түнi Тәбекеннiң үйiнде қонып шыққан Жаманқұл ертеңiне кешке
қарай қасына жиырма шақты жiгiт ертiп, Ырғыз жаққа қарай суыт жүрiп кеттi. Өзi мiнген
аттың артына екi басына алтын-күмiс салынған қоржынды өңгерiп алды. Жаманқұл ат үстiне
әбден көндiккен, күнiге талай қырдан асса да тақымы талмайтын қайратты кiсi едi.
Түнiменен жүрiп отырып, олар Ырғыз құмының бергi жағына табаны iлiккесiн, демалғанды
хош көрдi. Сосын сусылдаған ақ шағылдың арасына ерлерiн бастарына жастанып жата-жата
кетiстi. Мамыр айы аяқталып қалғасын ба, бұ жақтың ауа райы ыссы тарта бастаған екен.
Айдаладан шiлделiктiң тынбай шырылдаған дыбысы естiледi. Құм арасынан әлдеқандай
құстардың даусы шығып қалады. Бiр уақытта байғыздың тарғыл даусы құлағына шалынды.
Жаманқұл жалт қараса, анадай жерде бiреудiң төрт-құлағы тұр екен. Көзiн уқалап жiберiп,
тағы да қарады. Бiрақ жыға тани алмады. Тек бар бiлгенi баяғыда түрiкмен Әйiмбет
батырдың өлген жерi осы ара едi. Сонда бұл Әйiмбеттi Тоғанаққа қарсы айдап салған-ды. Со
жолы бұл Тоғанақтың мерт болатын сәтi жеттi деген-дi. Бiрақ керiсiнше, түрiкмен батыры
шайқаста өлiп кеттi. Сонда Тоғанақ мұны өлтiрмек боп, қанжарын алып тұра ұмтылғанда,
бұл қызыл тiлге салып, өлердегi сөзiн айтып, пәледен шаққа дегенде құтылған едi. Содан
берi де бiр талай заман өттi. Талай нәрсе ұмыт та болды. Бiрақ ауылдан шыққалы бiр түрлi
боп, кеуiлi қобалжи бердi. Әне бiр күнi осы Ырғыз құмының паңайында Қабақ Есет батыр
мен Арыстан төренiң әскерлерi қақтығысып қалыпты деп естiген. Қабақ батырының iзiне
сұғын қадап түскен Қаратай де кейiннен қол алып келе жатыр дегендi құлағы шалып қалған.
Осы сапарға шығарда, солардың бiрiне жолығып қалмау үшiн, тек қана түнде жүрiп
отырмақшы болған. Бүгiн, неге екенi белгiсiз, күндiз құм арасында кiм көре қояр дейсiң деп,
жүруге бел буды.
Таң ағарып атты. Бiр де бiр бұлты жоқ таза аспанға бар қуатын төгiп, күн көтерiлiп
келедi. Таңертеңнен сайраған бозторғайдың жағы бiр тынар емес. Терiскейден әдемi бiр
салқын самал соғады.
Жаманқұл таңғы тамақты апыл-ғұпыл iше сап, атқа қонды. Құм арасымен асығыс жүрiп
келе жатып, жер ажарына назар салды. Бұяқтың жерiне қыста қар көп түссе керек, от екен.
Еркегi белуардан кеп, шайқалып тұр. Бiр арада қалың ши кездесiп, оның арасымен шаққа
дегенде жүрiп өттi. Содан шыға берген кезiнде, анадай жердегi шағыл арасынан бiрдеме
қараң еткендей болды. Өңiм бе, түсiм бе, қайтадан қарады. Дәнеме де жоқ! Ол өрекпiп
кеткен кеуiлiн шаққа дегенде басып, iлгерi жүре бердi. Бұлар ши арасынан шыға бергенде,
кенет арт жақтан түйдектелiп шауып келе жатқан елу шақты кiсiнi көрдi. Жiгiттер шу ете
қап, қолдарындағы сойыл, найзаларын оңтайлап ұстай алды. Сол кезде алдыңғы жақтан
шауып келе жатқан тағы бiр топ көрiндi. Екi топ та ұран салмай, бұларды жайпап
жiберердей боп, құйғытып келедi. Жаманқұл бұлардың Тiлеу, Қабақ жiгiттерi екенiн бiрден
бiле қойды. Қысылғанда ақыл тауып: