Стр. 105 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

104
— Жiгiттер, қаша ұрыс салайық. Бұлардың аттары құм арасында жүре алмайды.
Табанымыз құмға iлiксе, құтыламыз, — дедi де, өзi қиялап, бiр шақырымдай жерде
мұнартып тұрған құмға қарай тартты.
Жiгiттер мұның iзiнен салды.
Тiлеу, Қабақ жiгiттерi бұлардың қулығын түсiнсе керек, бiр тобы жырылып шығып,
алдарын орай, кес-кестей шапты. Олардың астарына мiнгендерi жүйрiк аттар екен. Бiр
шамада Жаманқұлдың алдыңғы жағынан шығып, кесiп, тоқтай қалды. Жаманқұл атының
басын бұра бердi. Сол арада кес-кестеген жiгiттер де келiп қалды. Жаманқұл жан-дәрмен
деп қарсы келген бiреуiнiң кеудесiне найзасын сұғып үлгердi. Жiгiт бақырып жiберiп,
атынан құлай бердi. Бұл найзаны суырып ала берем дегенше болмады, қызып алған атының
басына әлi келмеген бiр жiгiттiң аты омырауымен соқты. Мұның астындағы аты сiңiрлi,
сирақты ат едi. Шаққа дегенде құламай қалды. Оның есесiне Тiлеу, Қабақ жiгiтi мұны
сойылмен қақ басына бiр пердi. Басы дың ете түскен мұның көзiнiң алды демде тұманданып
сала бердi. Қалған жағын бiлмей, құлап бара жатты.
Тiлеу, Қабақ жiгiттерi әп дегенде Кiшi Шектiлердi жайратып салды. Бес-алтауы тiл
тартпай кеткесiн, қалғандары сойылдарын тастап, шеттеп шыға бердi. Оларды иiрiп ұстап
тұрғанында, астындағы атын ойнақтатып, Есет батырдың өзi келдi. Кiшi Шектi жiгiттерi
қорқып, бiр уыс боп, бүрiсе қалды. Есет мына топтың тегiн жүрмегенiн бiлiп, олардың
бiреуiне тақап кеп, түсiн суытып тұрып, жай-жапсарын сұрады.
Ол шiңкiлдеп:
— Орынборға бара атырмыз, — дедi.
— Басшыларың кiм?
— Жаманқұл!
— Ол қайда? — деп Есеттiң түсi демде бұзылып кеттi.
— Әне, — деп әлгi жiгiт бұйырғынның арасына қарай қолын сiлтедi.
Есет жақын кеп, атының басын тартып, Жаманқұлға қарады. Ол қолымен қара жердi
осып-осып жiберген қалпы, басы қан-қан боп, етпетiнен жатыр екен. Басындағы бөркi
анадай жерге, шаңның арасына ұшып түсiптi. Iрi денесi мүлдем созылып кеткендей. Есет
оған тыжырына қарап тұрды да:
— Бұл кәззаптың елге iстемеген ылаңы жоқ едi. Итке ит өлiмi деген! Апарып көмiңдер,
— деп жiгiттерiне бұйрық бердi.
Жаманқұлды құм арасына жерлеп болғасын, Есет батыр Шектi жiгiттерiн шақырып
алды:
— Сендер елдерiңе қайтыңдар да, бала-шағаларыңның қастарында болыңдар. Мен
жазықсыз кiсiнiң қанын төкпейiм. Ана Жаманқұл сатқын Тiлеу, Қабақ жiгiттерiнiң қолынан
өз сазайын тартты деп елдерiңе айта барыңдар! Кәне, кеттiк! — деп ол атының басын бұрып
ап, қамшымен бiр тартып қалды.
Астындағы жарамды ат ала жөнелдi. Тiлеу, Қабақ жiгiттерi оның соңынан ерiп, қиқулап
барады. Аман қалғандарына қуанған Кiшi Шектi жiгiттерi естерiн ендi жиып, оның соңынан
қарап:
— Батыр деп осыны айт!
— Мәрт екен!
— Асылдың сынығы ғой, — десiп бiраз тұрды.
Сосын елге қайтпақ боп, аттарының бастарын керi бұрып алды. Басшысынан айрылып,
қабақтары түсiп кеткен жiгiттер тұнжырай жүрiп келедi.
Сол түнi ай көлбеп туды.
6
Есет батыр жол үстiнде онша көп үндемедi. Жiгiттерiнiң алдына түсiп ап, сылқытып
тартты да отырды. Сыртынан қарағанда нар тұлғасы мына аттың үстiне аударып әкеп қоя
салған бiр жақпар әйдiк тас сықылды. Оған қоса Есеттiң мiнезi ауыр. Бала кезiнен ұтырлы
жерiнде болмаса, аса көп ашылып сөйлей бермейдi. Бiр айға жуық уақыт бойы бұлар құм
арасында жүргенде де, оның ашылған кезiн ешкiм де көрген емес. Оның себебi баршылық.
Соңғы кездерi Жантөренiң Арыстаны бастаған төрелер мұның соңына сұғын қадап түсiп
алды. Әсiресе, Орынбордағы орыс ұлығымен жақын боп алған Қаратай сұлтанның мұны
атарға оғы жоқ. Атты казактардан қол алып, ол ана бiр кездерi мұның ауылын шаппақшы да
болды. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, ашық бата алмады. Содан берi батыр ат үстiнде жүр. Мына
елу шақты жiгiтiмен елдiң шетiн торып, бейсеубет жүрген ешкiм жоқ па екен деп, жан-жаққа
құлақ тiгудi әдет қылған. Мiне, сүйтiп жүргендерiнде Жаманқұлдың жiгiттерiмен кездесiп
қап, шайқас салды. Соның соңы бағанағы. Есет ер үстiнде құйған қорғасындай боп отырған
қалпы iлгерi қарай тарта бердi.