Стр. 106 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

105
Бұл кезде мамыр айының соңы боп, даланың ыстыққа бел бере бастаған шағы едi. Кеше
ғана көккiмбек боп тұрған сайын дала азырақ ажарынан айрыла бастаған-ды. Ойдым-ойдым
жерлерде көгерiп тұрған жантақтардың ұштарына қызылқоңыр май сықылды бүртiктерi
шығып, дiңi сарғайып сала берген. Құланқұйрықтардың судыраған кекiлдерi үп еткен
желден шайқалып, теңiзше тұтаса түсiп, бiр сәтте толқып кетедi. Сондайда қарсы алдыңнан
алып бiр ақжал толқын керiлiп жата қалғандай боп көрiнедi. Дала кәзiр өзiнiң бұйығы
қалпына ене бастаған кез едi.
Есет батыр аздап күрсiнiп қойды. Сыр бойына аяқ салған ақ патшаның әскерiне
Тоғанақ сықылды әруақты ердiң қарсы жасаған әрекетi Қыр шектiлерiне де толқу енгiздi.
Бұрыннан да жауынгер ел от тиген қу қамыстай лап ете түсiп, маздап барып басылды. Соны
сезген орыс әкiмдерi дереу елдегi бас көтерер батырлар мен билерге өз кiсiлерiн жiберiп,
олардың ауыздарын алып, пара-пайданы басып берiп, өздерiнше әрекет жасай бастады.
Солардың бiрi бұған да келдi. Татар екенi не ноғай екенi белгiсiз, шоқша сақалды, мұртын
әдемiлеп қойған бiр сары кiсi бұған кеп, ақ патшаның саясатынан бiраз хабардар еттi. Ол әр
түрлi елдiң сөздерiн араластыра сөйлей отырып:
— Ақ патша өзiнiң құзырындағы милләтларға тек қана жақсылық тiлейдi. Олар тиыш
өмiр сүрсе болды, ақ патшаның оларға деген мейiрiмi ұшан-теңiз. Кеше ғана қалмақтардың
қыспағында қалған қазақтар Ресейге ант берiп, бауырына кiрiп, қырғыннан аман-есен қалды.
Ендi сол антты аяғына дейiн жеткiзу керек, — дедi.
Бұл тұрып:
— Жарайды, оған сенелiк. Бiрақ мына Сыр бойындағы талау мен тонауды не деймiз? —
деп сұрақ бердi.
Ол сасып қап, бетi қызара түсiп, аздап абыржып:
— Оны талау, тонау деуге болмайды, — дедi. — Қайта керiсiнше оны кейбiр
басбұзарлардың жасап жүрген жаман әрекетi деу керек. Олар ақ патшаның әскерiне шабуыл
жасап, мазасын алғасын барып, бiздер бұзақыларды жазалауға кiрiстiк. Қандай елде де
бұзақылар өз сазайын тартатын болған. Бұ да сондай.
— Демек, бiр кезде халықтың қамын жеп атқа мiнген батырлардың бәрi бұзақы боп
шықты ғой?
— Неге? Мен үйдеп бәрiн жала жауып отқан жоқпын, — дедi әлгi кiсi ақтала сөйлеп. —
Олардың арасында ақ патшаға аса сенiмдiлерi бар. Ондай сенiмдi, батыр кiсiлерге ақ патша
өз шапағатын аямайды. Сондай шерепетке сiз де еге боласыз демекпiн.
— Сонда... менiң не iстеуiм керек? — дедi Есет оның шын ниетiн бiлгiсi кеп.
— Iждеме де iстемейсiз. Елiңiзбен бiрге Ресейге қараған жерлерде көшiп-қонып, алым-
салық төлеп тұрсаңыз, сол жетедi. Одан басқа талап та, тiлек те жоқ.
— Алым-салық?
— Иә. Онша көп емес.
— Сонда қалай? Мына жақтан Хиуа ханы қазақтарды теспей сорып болды. Ендi көп ақ
патшаға ақы адал малымызды бермекпiз бе? Немене сонда қазақ дейтiн кiм көрiнгеннiң
табанының астында жатқан бiрдеңе ме?
— Неге? Мен үйдеп отқан жоқпын. — Ол қабағын шытты. — Сiз аса естi кiсiсiз. Өзiңiз
бiлесiз, қандай кезде де жаулап алынған ел күштi мемлекетке алым-салым төлеп тұрған.
Төлемесе...
— Иә, төлемесе, — дедi Есет оны отқа итере түскендей ғып.
— Төлемесе... қиын болады. Күштi күштiлiгiн iстейдi.
— Ә, жаңа түсiнiктi болды. Ау, бiз сонда ақ патшаға қазақты жаулап ала гөр деп
жалыныппыз ба? Оның өзi емес пе мұнда келген. Ендеше сол ақ патшаңа айта бар, қолынан
екi келсе, бiрiн қылсын. Сөз бiттi, — деп батыр орнынан тұра берген...
Осы әңгiмеден кейiн мұнымен Орынбор генерал-губернаторы өшiгiп алды. Ол әр түрлi
жансыздарын жiберiп, батырдың көшiп-қонып жүретiн жерлерiн бiлiп алмаққа тырысты.
Оған ана Қаратай сұлтан жанын салып кiрiстi. Әсiресе, ол аңқау да әңгүдiк Төлеу батырдың
аузын алып, оны бұған өшiктiрiп қойды. Төлеу баяғыда Сыр бойына барып, Малдыбай
ауылын шауып қайтқанда, мұның өзiне болыспай, арашаға түскенiн кiнә етiп тағады.
Бiрнеше рет бұл оған кiсi жiберiп, ағайын арасы ащы болмасын, ауыз бiрлiк көрсетейiк деп
едi, анау шалқая түстi. Өзiмен Қаратайға арқа сүйеп отырып сөйлесетiн ыңғай бiлдiрдi.
Соны бiлген батыр одан артыққа бармады. Сосын Төлеуге кiсi де жiбермей, той-томалағына
да шақырмай, өзiнше жүрiп жатты.
Сондай күндердiң бiрiнде Хиуа ханынан арнайы кiсi кеп, бұған хат әкелдi. Онда ұлы
хан бұның атына қанық екенiн, ұзақ өмiр тiлейтiнiн айта кеп, орыс әскерiнiң Сыр бойына аяқ
салуына бiрден бiр кiнәлi Тоғанақ батыр деп, оның Жаңақаланы қиратқанын айтыпты. Ол
Тоғанақтың басын алып, өзiне жiберсе, көп етiп алтын беремiн дептi. Сонда ашуланып
кеткен батыр: