Стр. 107 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

106
— Мен бүйтiп құдай-әруаққа қарсы бола алмайым! Тез жоғал! Көзiме көрiнбе! — деп
хатты жыртып-жыртып отқа лақтырып жiбергендi...
Одан берi де бiраз уақыт өттi. Ендi бұл түнде жортқан бөрiдей ел торып жүр. Өз
ауылын Мұғажардың кiсi аяғы тие қоймайтын бiр қуысына аударып қондырған-ды. Бiр
кездерi сол араларда ана Тама Есет батыр жайлап жүрiптi деп ел елге дейiн айтады. Оны
Шықыман қорлап тiл тигiзгеннен кейiн, ауа көшкенде, осы арада жерленiп қалған
Тамалардың бiразы Әлiм Құрманай мен Құттықтың арасына сiңiп кеттi. Қалғандары Ор
жағынан бұ жаққа қайтып аяқ салған жоқ.
Есет батыр қол алдында келе жатып, алыстағы бұлдырап тұрған белдерге бiр рет
анықтап көз тастап қойды. Маңайдан тыпыр еткен бiр қара көрiнбейдi. Күн болса екiндiге
қарай ауып қалған. Ол қалың құмның бiр жықпылына кеп, ат басын тартты. Сосын
жiгiттерiне қарап:
— Осы арада бiразырақ демалайық, — дедi.
Ат үстiндегi қандай жүрiске де шыдас беретiн алпауыт жiгiттер қуанып кеттi:
— Бұл өзi дұрыс болды!
— Аздап тақым жазып алайық!
— Жол шаршата бастады.
— Аттар бiраз тынықсын.
— Тамақ iшiп, әлденiп алайық.
Олар ерден түсiп, аттарын тар ғып тұсап, отқа жiбердi. Сосын сусымалы ақ шағылға
құлай-құлай кетiстi. Кеше түнiмен көз шырымын алмаған жiгiттер бастары жастанған ерге
тиiсiмен қор ете түстi. Есет батыр да қалғып бара жатты. Пырдай боп жатқан жiгiттер
сырттарынан қарағанда, бiр-бiр кескен терек сықылды боп көрiнедi.
Содан олар күн батқанша жатты. Аттар бiр бөлек боп жайылып жүр. Күзетшi жiгiт жан-
жағына сақ қарап қояды. Сол арада бұл арқа жағында бозарып тұрған құмтөбенiң әр
жағынан шаң көргендей болды. Көзiн қолымен уқалап жiберiп, тағы да қараса, шынында да
шаң шығатын сияқты. Ол тынығып жатқан жiгiттердi оятқысы келмей, аз-кем тұрып қалды.
Ақыры сақтық ойлап, Есетке кеп:
— Батыреке, анаяқтан шаң көрiнедi, — дедi.
— Шаң дейсiң бе? — деп Есет басын ерден жұлып алды. Дереу ол сiлтеген жаққа
қарады. Бұ кезде шаң анық будақтап шыға бастаған едi. — Мынау жау ғой! Жiгiттер,
тұрыңдар! — Ол орнынан атып түрегелдi.
Жiгiттер атып-атып тұрысып, қолдарына ерлерiн алып, аттарына қарай жүгiрдi. Келе
ерлерiн асығыс салып, айыл-тартпаларын тартып, тез-тез мiне бастады. Сосын қолдарына
ұстаған найзаларының қыл шашағы желбiреп, сен тұр мен атайын деп жүрген бөрiлер ашық
майданға қарай шыға бердi. Есет олардың алдында келе жатып:
— Бiрден тиiспей, әуелi байқайық, кiм екен, — дедi.
— Болсын.
Осы кезде алдыңғы жақта қарауыл қарап жүрген жас жiгiт екi етегi далақтап шауып
келдi. Келе асығыс, үрейлi дауыспен:
— Мына келе атқандар Қаратай сұлтанның қолы екен. Араларында атты казактар да
бар. Бәрi де қарулы, — дедi.
— Шамасы қанша?
— Жүзден асады.
— Ә, — деп Есет даусын созып, сәл-пәл ойланып қалды. Сақалын добалдай қолымен
уыстай ұстап тұрып: — Олардың мылтықтары бар. Демек, жандарына жолата қоймайды. Бiз
онда... күннiң астына қарай тартып, қаша ұрыс салайық, — дедi.
Батырдың ойын түсiнген нар жiгiттер бiрден қоштады:
— Ендеше кеттiк!
— Кәне, былай тарт!
— Тарттық!
Олар аттарының бастарын бұрып ап, батып бара жатқан күннiң астына қарай салды.
Қуғыншылар бұлардың iздерiне түсiп ап, өкшелей қуды. Жарамды жүйрiк атқа мiнген
Есеттiң жiгiттерi оларды қараларына онша жақындатпады. Олар салқа жортып отырып,
бұлаң-құйрыққа салып, құмның неше түрлi бұралған жықпылына сiңе бердi. Араларында
осы төңiректi бiлетiн кiсi болса керек, бұлар қанша бұлтарғанмен, қуғыншылар iздерiнен
қалмай қойды. Сүйтiп келе жатқанда күн батып, қас қарайып кеттi. Бейтаныс жерде одан
әрмен жүруге орыс әскерi батпай, бiр арада иiрiлiп, тұрып қалды. Есет олардың осы жерде
қонатын ыңғайын бiлiп, жорта қашқан боп, жүре бердi. Екi төбеден асқаннан кейiн барып,
ол қиястай отырып, күнгейге тартты. Қараңғы түсiп, құмшауыт даланың түкпiр-түкпiрi
көзден таса болды. Сонда да Есет батыр еш адаспастан, бағанағы өздерi қашатын жақтан
барып шықты. Ендi бұлардың соңдарына түскен Қаратайдың қолын бұлар қуалап келе
жатқандай болды. Сол арада Есет жiгiттерiн аттарынан түсiрiп, от жақтырмай,