107
қоржындарындағы пiсiрiп алған жаубүйректерiн жегiзiп, бiраз тынықтырып алды. Олар
алыстағы жанған оттарға қарап отырып, ерiндерiн тiлдерiмен жалап қойып, ана жақта
Қаратай қолының ыссы ас iшiп жатқанын ойлап, қызғанғандай боп шаққа отырды:
— Ана иттердiң масайрауын қараш!
— Ет жеп, сорпа iшiп жатыр-ау!
— Бiз болсақ, мынау — десiп, олар өз ара күңкiлдесiп қояды.
Содан түн ортасы ауып, оттар сөнгенде барып, Есет батыр жiгiттерiне қарап:
— Сарбаздар, атқа қоныңдар, — деп бұйрық бердi. Бәрi аттарына мiнiп ап, мұның
аузына қарап тұрғасын: — Аналарға тосыннан тиiсемiз. Үш жақтан қиқу салып, есiн алайық.
Кәзiр айсыз қараңғы кез. Олар кiмнiң шауып, кiмнiң қашып жатқанын бiлмейдi. Лажы болса
аттарын қуып кетейiк. Сосын мына құмда ел тауып көрсiн. Кәне, тарттық! — деп, ол алға
түсе бердi.
Есет батырдың жiгiттерi үнсiз жортып келедi. Бәрi де аттарының тұмсықтарына
тұмылдырық кигiзiп алған. Аздан кейiн олар Қаратай қолы демалып жатқан жерге
жақындады. Оттар сөнiптi. Қол ұйықтап жатқан жердiң бер жағында отырған күзетшiнiң
тұлғасы шоқ жарығында қызараңдап көрiнедi. Олар үшеу екен. Бұлар жақындап келгесiн,
iркiлiп, батырдың жарлығын күттi. Батыр сыбырлай сөйлеп:
— Бұларға бұйқыт тиiсемiз. Быт-шытын шығарып, тоқталмастан ағызып өтемiз. Аса
көп кiдiрмеңдер. Қанша дегенмен олардың адамдары көп. Шайқастан кейiн кездесетiн
жерiмiз ана төбе, — деп ол түскей жақтағы боз төбенi нұсқады. — Ал, кәне, құдай жар
болсын! Тарттық! Тарттық!
Ол атын қамшымен бiр салып қалды. Ат алға қарай ытқып кеттi. Тiлеу, Қабақ жiгiттерi
оның соңынан салды. Дем арасында:
— Бақтыбай!
— Бақтыбай! — деген ұран тиыш тұрған түн қойнын дал-дал жыртып, төңiректi
күңiрентiп жiбердi.
Қаратай қолы асып-састы да қалды. Ұйықтап жатқан әскерлер әрлi-берлi жүгiрiп,
айдалаға қарай мылтықтарын атып, боқтасып, баж-баж етiстi. Ағызып келген Тiлеу,
Қабақтар олардың бiразын найзаларымен түйреп, сойылмен соғып, сұлатып салды. Қаратай
сол арада ақыл тауып, иiрiле қалған жiгiттерiне:
— Атыңдар! — деп бұйрық бердi.
Патша әскерлерi қараңғыда дымды көрмей, мылтықтарын гүрс-гүрс еткiзiп ата
бастады. Көп оғы далаға кеттi. Тiлеу, Қабақтардың бiр-екi жiгiтi жарадар болды. Есет батыр
ендi кешiксе жағдайдың қиынға айналарын бiлiп, жолындағының бәрiн жайпап бара жатып:
— Тарттық! Тарттық! — деп қатты айғайлады.
Тiлеу, Қабақ жiгiттерi асып-сасып жүгiрiп жүрген патша әскерлерiн сойылдарымен
сұлата отырып, шетке қарай ығыстай бердi. Былай шыққасын бәрi бытырай шауып, Есет
батырдың соңынан салды. Патша әскерлерi бұларды қуа алмады. Боз төбенiң қасында
жiгiттерiн түгендеп, жарақат алғандарына киiз күйдiрiп басып болғасын, Есет батыр:
— Ендi олар таң атқанша бiздi қуа қоймайды. Оған дейiн құм арасымен бiраз жерге
барып қалайық. Түнде құм бiр жылжыса, iз зым-зия жоғалады, — дедi де, Мұғажар жаққа
қарай тартып бердi.
Олар таң алдына дейiн суыт жүрiп отырды. Құм арасынан шыққасын барып, бiр суы
мол сәйкеге кеп демалды. Аттарын таң асырып тастады. Өздерi отырған жерлерiнде сұлай-
сұлай кетiп, көз шырымын алған болды.
Таң бозарып атқанда, олар қайтадан атқа қонып, ендi өздерiнiң ауылдары жайлап
отырған жаққа қарай бет алды. Сол арада бiр жiгiт батырға тақап кеп:
— Еске, түнде сiз бiр нәстенi байқадыңыз ба? — дедi.
— О не? — дедi Есет мойын бұрып.
— Түндегi патша әскерiнiң арасында Төлеу бар.
— Қойшы?!
— Шын, шын.
— Оны қайдан бiлдiң?
— Бiлгенiм былай. Шауып келе атыр ем, Қаратай сұлтанның қасында бiр адамның
тұрғанын көрдiм. Кiм екен деп, қарай түсiп ем, ол әрi бұрылып кеттi. Дәл со кезде оның
дулығасын танып қалдым.
— Мүмкiн. — Есет ойланып қалды. — Олар неге адаспай келе жатыр десем, содан екен
ғой. Ендеше, жiгiттер, бағытымызды өзгертейiк. Мына бағытпен жүре берсек, жарақты
жауды өз ауылымыздың дәл үстiне апарып түсiремiз. Оларды адастырып, жымға салайық!
Олар ендi құмға қайта кiрiп, iздерiн адастырып, ұзақ жүрдi. Сосын барып, Үстiрт жаққа
бет алды. Жан-жағына сақ қарап, неге де болса қайыл боп бастарын тiккен Тiлеу, Қабақ
жiгiттерi топталған қалпы құла дүзге сiңiп бара жатты.