Стр. 109 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

108
7
Елмырза Якуббектiң әскерi жүредi-ау деген жолға қарауыл қойып, Перонскийдiң
келуiн асыға күтiп отырған-ды. Ертеңiне екi етегi далақтап бұлардың қарауылда тұрған бiр
жiгiтi шауып келдi. Ол екi иiнiнен дем алып тұрып:
— Ойбай, келiп қалды! — дедi.
— Қайда? — деп Елмырза оған үрейлене қарады.
— Онша қашықта емес. Созақтан шыққанына бiраз болыпты. Алдыңғы
шолғыншыларын өз көзiммен көрдiм, — дедi сылыңғыр қара жiгiт екi көзi алақандай боп.
— Әскерiнiң шамасы қанша?
— Мыңға жуық.
— Қап, ендi нағылдық? — дедi Елмырза шынымен өкiнiп. Қарауындағы бес жүздей
сарбаздарының қару-жарағы толық емес. Оның үстiне бәрi де әскери дайындықтан өтпеген,
ауыл арасының жiгiттерi. Қоқанның талай соғыста шыңдалған әскерiне тойтарыс беру
оларға оңайға түспейдi. Қамалда қалдырып кеткен атты казактардың саны жүзге де
жетпейдi. Елмырза қысылғанда қап-қара боп тұрып, маңдайынан шыпшып аққан терiн
қолымен сүртiп, жан-жағына қарады. Неде болса деп, қамалда отырып қорғанғанды мақұл
көрдi. Сол оймен жiгiттердi қамалдың негiзгi қақпасының аузына топтастырды.
Қарауылшы жiгiт жанықтырғанмен, сол күнi Якуббектiң қолы көрiне қоймады. Оның
есесiне Қазалы жақтан Перонскийдiң өзi келiп қалды. Келе ол бар билiктi қолына алып,
билеп-тексерiп кеттi. Мұның сарбаздарын екiге бөлiп, әр қақпаның қасына қойды. Атты
казактарды қамалдан шығып барып, бiр мезгiл қолма-қол ұрысатын еттi. Зеңбiректердi
қамалдың төрт бұрышына қойдырып, доптарын әзiрлеттi.
Ертеңiне түске таман алыстан бұрқыраған шаң шықты. Сол шаң келе-келе күшейiп,
қоюлана түсiп, қалың бiр тұманға айналғандай болып кеттi. Олар Якуббектiң әскерiнiң
алдыңғы шебi едi. Қамал iшiнде тұрған Елмырза дүрбi салып, олардың алдыңғы қатарларын
шолып қарады. Бұ жолы Қоқан әскерi жақсылап қаруланған екен. Мылтық аракiдiк болса да
бар, оның есесiне найза, семсер, қылыш дегендер жетерлiк. Олардың алдыңғы толқыны
лекiлдеп келiп қалды да, арт жақтағыларын күтiп, оқ жетпейтiн жерде топтаса бастады.
Арада бiр сағаттай уақыт өттi. Ендi Қоқан әскерiнiң қалған жағы анық көрiндi. Олар
жүздiкке бөлiнiп, әр қайсысы өз тобымен сап түзеп келе жатыр екен. Әне, олар өз
орындарына кеп тоқтап, бұлар қорғап тұрған қамалға анадайдан көз салып тұр. Перонский
ызаланып:
— Ах, черти! — дедi.
Елмырза оның сөзiн түсiнбей қалып едi, қасындағы татар тiлмәш дереу оны бұған
аударып жеткiздi. Ол сәл күлiп, iшiнен: “Бұлар өзi... боқтамаса кеуiлдерi көншi-мейдi-ау” —
деп қойды.
Аздан кейiн Қоқан әскерi үшке бөлiнiп, кеше ғана өздерi тастап шыққан қамалды үш
жақтан кеп қоршады. Оқ жетпейтiн жерде тұрып, бұлардың сабыры қашанға дейiн жетер
екен дегендей тұяқ серiппей жатып алды.
Соны көрiп Перонскийдiң әбден жыны келдi. Сосын дүрбiмен қарады. Содан соң ол
қамалдың басында әрлi-берлi жүрiп:
— Мыналар бiздi қысқа дейiн қамап ұстап отырайын деген бе? Осы... атты казактарды
жiберсем бе екен? — деп толғанып бiттi.
— Қадырданды ұлық, кәзiр соғыс бастаудың кәжетi шамалы, — дедi Елмырза майда
сөйлеуге тырысып. — Олардың әскерiнiң саны артық. Қолма-қол шайқаста бiзге әл
бермейдi. Одан да қорғанып, шабуылға шыға қалса, зеңбiрiкпен атқылап, берекесiн қашыру
керек. Сосын өздерi-ақ қашып кетедi.
— Солай ма? — деп Перонский бұған тура қарады. Көк көзi шақшиып, мұның
өңменiнен өтiп барады.
Елмырза ыңғайсызданып қалды. Бетiне лып етiп ыстық қанның жүгiргенiн сездi. Сәл
дем алып тұрып:
— Солай, — дедi. — Үйтпесе қиын болады.
— Қызық пiкiр екен, — дедi Перонский ендi бұдан көзiн тайдырып әкетiп. — Бұдан
басқа амал да жоқ. Кейiннен келетiн қол және жоқ. Ендi барымен базар етемiз.
Елмырза кiп алып қалды. Өз ойынша, бұлар қиналып жатса, кейiннен көмекке қол
келуге тиiс сықылды едi. Ендi неде болса бар ауыртпалықты өздерi көтеретiнiн бiлiп,
ұнжырғасы түсiп кеттi. Бiрақ онысын сездiрмеуге тырысып, бойын тездетiп жинап ала
қойды.
Сол күнi қоқандықтар ашық айқасқа шықпады. Ызаланған Перонский олардың
топтасқан тұстарына қарап, зеңбiректен атыңдар деп бұйрық бердi. Алғашқы снарядтар
мүлдем ауып кеттi. Қалғандары бергi жаққа түсiп жарылып, қара жердiң топырағын аспанға