Стр. 110 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

109
көтерiп, қорыс қылып тастады. Онан кейiн Перонский атысты доғарды да, қамал басында
тұрып, дүрбi салып, олардың қалай орналасып жатқанын бақылады.
Қоқандықтар сол түнi от жағып, тамақ пiсiрiп, анадай жерде жаңқылдаса сөйлесiп
жатты да қойды. Қамал басында жүрген Елмырзаның әбден берекесi қашып, әр түрлi ойдың
басын шалды. Әгәр Қоқан қолы ертең жеңе қалса, сөз жоқ, мұны еш аямайды. Тiптен қолға
түсiрiп, Қоқанға пәндә етiп апарып, жұма намаздың алдында қала майданына күллi шәһар
халқын жинап, терiсiн тiрiдей сыпырып алар. Ол тұла бойы түршiгiп, бiр түрлi боп кеттi.
Ертеңiне күн арқан бойы көтерiле қоқандықтар шабуылға шықты. Қайдан алғаны
белгiсiз, олардың үш зеңбiрегi бар екен. Олар дәл атып, қамалдың диуалын бiр-екi жерден
құлатып түсiрдi. Сосын атты әскерлер ұран тастап, шабуылға шықты. Олар бұрынғыдай
емес, ұрыс тәсiлiн үйренiп қалыпты. Аралары алшақ-алшақ. Бәрi осы пәтiмен ақтарылған
селше жылжып кеп, мына тұрған кiшкене қамалды кеудесiмен соғып, мүлдем құртып
жiберердей боп келедi. Перонский дызығып:
— Картечь қайда? Атыңдар, сұмырайлар! Ана зеңбiрекшiлердiң үнi нағып өше қалды?
Болыңдар! — дедi.
Орыс артиллериясы ендi ғана ата бастады. Бiр снаряд ұли ұшып барып,
қоқандықтардың арасына түстi. Бiрден он шақты кiсi тiл тартпай кеттi. Аттары бастарына әл
бермей, жан-жаққа қарай қашып барады. Соны көрген орыс допшылары жiгерленiп, үстi-
үстiне ата жөнелдi. Бұ жолы олар нысанға дәлдеп тигiзе алмай, бiраз снарядты рәсуа еттi.
Перонский аяғымен жердi бiр тептi:
— Оңбағандар! Осыларды да артиллерист дейдi? Атқан оқтары нысана дегендi
бiлмейдi.
— Ендi... ондай-ондай бола бередi ғой, — дедi Елмырза оны жұбатқысы кеп.
— Ондайларды болдырмау керек, — дедi Перонский әлденеге ызалана түсiп. —
Подонки, свиньи! Осыларды да оқытты-ау!
Осы кезде Якуббектiң әскерi жаппай шабуылды бастап та жiберген едi. Үш топқа
бөлiнген сарбаздар қылыштарын жалаңдатып, қара жердi аттарының тұяқтарымен
дүбiрлетiп, екпiндетiп келiп те қалды. Орыс зеңбiрекшiлерi үстi-үстiне ата бастады. Бiр-екi
снаряд сол селше ағып келе жатқан топтың ортасына барып түстi. Қара жердiң топырағы
аспанға атып, лезде құлаған кiсiлер мен аттардың қарасы көрiндi. Сол екен, айналаны ала
шаң басты да кеттi. Қоқандықтар оған қарамастан, iлгерi қарай заулап келедi. Олар
қамалдың диуалына жүз қадамдай қалғанда Перонский дайын ұстап отырған атқыштарына
дүркiн-дүркiн оқ атқызды. Қатарынан атылған оқ алдыңғы шепте ағып келе жатқан
сарбаздардың бiразын ұшырып түсiрдi. Келесiде оқ қарша борап кеттi. Қоқандықтар оқ
астында қалып, асып-сасып, бiраз адамынан айрылып, кенет басы тасқа тигендей аңтарылып
тұрып қалды да, iзiнше керi қарай лықсыды. Перонский денесiнiң ауырлығын ұмытып кетiп,
жас балаша жүгiрiп жүрiп, боқтап, бұйрықтарын үстi-үстiне бере бастады. Зеңбiрекшiлер
жүздерi әлем-тапырақ тартып, беттерiнен аққан терлерiне шаң қонып, әлемiш бола қалған.
Үстi-үстiне атылғаннан кейiн бiрiншi зеңбiректiң мойыны қызып кетiп, атуды тоқтатты. Сол
арада Перонский алды-артын ойламай:
— Атты казактар қамалдан шығыңдар! Рейд-бросок жасаңдар! — деп бұйрық бердi.
Қамалдың дарбазасының жанында тұрған казактар аттарына қарай жүгiрдi. Бұрын
қоқандықтардың ат үстiнде қалай соғысатынын көрiп қалған мосқалдары:
— Генералдың мұнысы несi?
— Олар кәзiр бiздi қоршап алып құртады.
— Тиiсейiк те қашайық, — десiп, аттарына асығыс мiне бастады.
Олар қамалдың дарбазасы ашылып сыртқа шыға бастағанында, бiр жирен сары жас
казак:
— Ана номадтың тұруын қараш! — деп Елмырза жақты сiлтедi. — Тура хан сықылды.
Неге соның қолын шығармайды, а?
— Бұл басурманға сенуге болмайды.
— Өзiн оңаша шығарып ап... тепкiлеп көрер ме едi?
Сол арада дарбазаны ашып тұрған казакка бiр орта жасқа келiп қалған кавалерист:
— Әкей, дарбазаңды жауып қойып жүрме! Қашатын жағдай болса, ана
басурмандардың арасында қалып қоймайық, — дедi.
— Қорықпа! Иисус Христос жар болсын! — дедi ол ыржиып.
Атты казактар сыртқа шығысымен, бiрден қоқандықтарға тиiспей, желе отырып,
олардың алдыңғы қатарына жақындай түстi. Бұларды көрiп, қоқан сарбаздары кенет
аттарының бастарын бұрып ап, қарсы шапты. Атты казактар ендi шыдамай, делебелерi
қозып, қылыштарын жалаңдатып, тұра ұмтылды. Екi жақ түйдек-түйдек боп келе жатып,
ендi бiр-бiрiне соқтығысады-ау дегенде, қоқандықтар кенет екiге жарылып, қиястай шапты.
Кiжiнiп келе жатқан казактар қалай қарай шабарын бiлмей, ағып келе жатқан аттарын дем
арасында тоқтата алмай, састы да қалды. Сол арада қоқандықтардың үшiншi тобы қарсы