Стр. 12 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

11
Сосын балапан жүнi тықырлана бiткен қызыл қоңыр лақ аяғының ауырғанына қарамастан,
әрi қарай бiр орғып секiрiп түсiп, айдалаға қарай зыта жөнелдi. Ол бiраз жерге барғаннан
кейiн кенет тоқтай қап, арт жағына бұрылып қарады. Осы кезде лағынан ұзап шыға алмай,
айналшықтап жүрген енесi де қалың жыңғылдың арасынан шауып шыға келген едi. Лақ сол
арада оны көре сап, жалт етiп, енесiне қарай салды. Бара тұмсығымен мамасын түрткiлей
бастады. Оны енесi де мейiрлене иiскеп тұр. Соны көрiп, Тоғанақ көзiне ерiксiз жас алды да,
қақпанын қоржынына салып ап, атына мiнiп жүре бердi.
Ол күн еңкейе бере өз ауылына жақындап келгенде, желiге байланған түр-түсi бөлек
бiрнеше аттың тұрғанын көрдi. Бұл iшiнен: “Бұ кiм болды екен?” — деп сәл-пәл таңдана
түсiп, бiр түрлi қолайсыз жағдайды айтпай-ақ сезгендей боп, астындағы атын тебiне отырып,
үйiнiң қасына жете бере жерге дүрс етiп түсе қалды. Сосын осы кезде үйден шығып, жанына
жетiп келген қызметшi жiгiтке атының қыл шылбырын ұстата салды.
— Бұ кiм келген?
— Өй, олар ана... Жаманқұлдар ғой, — дедi қызметшi аттар тұрған желi мен қараүй
жаққа алма-кезек жалтақтай қарап қойып.
Тоғанақ бойын тез жинап ала қойды.
4
Батыр iшке ыңғайсызданып кiрдi. Жаманқұл мен
Байбосын төр жақта отыр екен.
Қастарында осы аулыдың бiр кәрi кiсiсi бар. Олар мұны көре сап, нығыз қалыптарынан тез
айрылып, орындарынан атып-атып түрегелiсiп:
— Асалаумағалайкүм, ағатай, — деп, қолдарын қатар соза бердi.
Тоғанақ олардың сәлемiн құлықсыз ала салды. Жаманқұлдан төменiректе отырған Асан
Байбосын бұған аман-саушылық сұрап, жалпылдап жатыр. Батыр орнына отырғасын барып,
оларға бiр рет назарын суық тастап:
— Қалай, мал-жандарың аман ба? — дедi.
— Шүкiршiлiк, — дедi Жаманқұл сұңқылдай, суырыла сөйлеп. Ұзын сопақ басына
киген төбетейi оның бет әлпетiн төбеден шықшытқа дейiн сығып тастағандай етiп көрсетедi.
Сұйық қасы, қолағаштай мұрны, сойдақ тiсi бiр түрлi сүйкiмсiз. Ол тағы да қамшы
салдырмастан тайпала жөнелдi: — Ағатай, бiзге ашулы екенiңдi бiлемiз. Өкпең орынды.
Қалай десе де бiз сенiң алдыңда кiнәлiмiз. Баяғыда балалықпен бiлмей, кәтелiк жасап
алыппыз. Ендi, мiне, бiраз жасқа келiп те қалдық, — деп барып бiр дем алды. — Ендi соны
ойлап, мына Байбосын екеумiз жiгiт ағасы болған шағымызда ағайынмен татуласайық деп
келдiк. Соқсаң да, сабасаң да өз қолыңдамыз.
— Иә, солай! Жаманқұл дұрыс айтып отыр, — деп Асан Байбосын да оны лез
қоштады. Ол домаланған қара кiсi едi. Бауырсақ мұрны, қысықтау көзi, үнемi iскен сияқты
боп қолбырап тұратын бетi iшiндегi сырын өмiрi сыртына жаймайтын. Бұ жолы ол күлген
боп, жорта ыржиғанда, екi бетiне қан жүгiрiп, қып-қызыл боп кеттi.
Тоғанақ олардың жалпылдап айтып жатқан бiр сөзiне де сенбедi. Батыр сол арада
олардың екеуiне де бiрден жауап бере қоймай, төбетей киген басын сәл ие түсiп, тағы да не
айтарларың бар дегендей, үнсiз отыра бердi.
Мұның жақтырмай отырғанын байқаған Жаманқұл аз-маз кiдiрiп қалды да, аздан соң
әлденеге шыдамсызданып:
— Ағатай, айтқан бар өкпеңiздi көтеремiз, кiнә бiзден. Баяғыда... оны өзiңіз жақсы
бiлесiз... тағы да қайталап айта кетейiн, ана Жолшора Ашабай батырды хан көтерiп,
Қаракесек әулетi Кызылжыңғыл, Бабыс айналып келгеннен кейiн бiраз уақытқа шейiн
хансыз қалған жоқ па едiк? — дедi даусын көтере сөйлеп. — Содан кейiн бiз Татыран
Тәбекен, Сырлыбай Байбосын үшеумiздiң хан iздеп, Хиуаны сағалағанымыз рас. Дадабектi
осында әкелiп, қамал салып бергенде, бiздiң ойымызда дәнеме де болған жоқ. Соның
ақыры... анадай болды. Ана көрiңде өкiргiр Дадабек сарт ... бiздiң үмiтiмiздi ақтамады.
Кезiнде оған мына Байбосын екеумiз қарсы болдық та.
— Ол рас, — дедi сол арада тағы да Байбосын сөзге қыстырылып. Оның даусы бiр
түрлi жарықшақтанып шықты. — Шынында да, бұ йерде бiздiң кiнәмiз шамалы. Бәрiн
бүлдiрiп жүрген ана Ережеп iнiмiз ғой! Сол ғой бiздi ала тайдай бүлдiрген. Одан кейiн бiз ел
iсiне араласуды қойдық.
— Е, дұрыс екен, — дедi сол арада Тоғанақ шыдамай, даусын соза сөйлеп. — Сонда
ана ағасы Мiрәлiнi Дадабекке өлтiрткен де Ережеп болды ма?
— Ағатай, бұл арада жазықты кiсiнi таба қою қиын, — деп Жаманқұл тағы да тайпала
жөнелдi. — Мұның артының бұлайша насырға шабатынын кiм бiлген? Бұ йерде Дадабек те
жаманшылық ойлай қоймаған шығар. Оны айтақтап қойған бiреулердiң болуы мүмкiн. Ол
жайында ана Мiрәлiге айтқанымда, ол менi тыңдамай қойды. Содан... Мiрәлi ана
Жаңақалаға барған кезде, мен көршi ауылдарда жүр едiм, бар жайды сонда жүрiп есiттiм.